Ауыл

Еңбекшіде енді саябақ бар

Сәрсенбі күні Темір ауданына қарасты Еңбекші ауылында саябақ ашылды. Бұл — тұрғындар көптен күткен қуаныш.

Жаңа демалыс орнының ашылуына атқарушы билік өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, белсенді тұрғындар қатысты. Саябақтың лентасын осы ауылда ұзақ жылдар бойы қызмет еткен еңбек ардагері Сайын Боранқұлов қиды.

Артынша аудан әкімі Саламат Аманбаев жиналған жұртшылықты саябақтың ашылу салтанатымен құттықтап, әлеуметке қажетті мұндай нысандардың әлі де салынатынын атап өтті. Сондай-ақ ақсақалдар лебізін білдіріп, құрылысшыларға алғысын жаудырды.

Саябаққа жарықтандыру жүйесі жүргізілген. Жан-жағы қоршалған демалыс орнында орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылыпты. Құрылысқа 8 миллион 150мың теңге жұмсалған. Мердігер — «АрайЗападСтрой» ЖШС.

Шара соңында белсенділер саябақтың ауласына жас көшеттер егіп, жаз мезгілінде айналаны әлі де жасыл желекке бөлеуге уағдаласты.

Айәли АЙБЕК.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button