Мәдениет

Татулық — жұптық жарасымға ұйытқы

Тәуелсіз елмен құрдас шаңырақ

Қандыағаш қаласының тұрғындары аманғали, ләззат ділмановтар – еліміз тәуелсіздік алған жылы шаңырақ көтергендердің бірі. Мектеп жасынан бір-бірін ұнатып, дос болған олардың арасында кейін махаббат сезімі тұтанып, бас қосқан…

Өзінің туған күнінде үйлену тойын жасаған аманғали қазір үш баланың әкесі, зайыбына аяулы қосақ, қарт анасына сүйікті ұл. Ал зайыбы ләззат енесіне жақсы келін, жұбайына сүйкімді жар, балаларына ақылшы ана. Екеуінің бір-біріне деген нәзік те, аяулы махаббатын іні-сіңлілері бүгінде өздеріне әлі күнге үлгі тұтады. Ендігі әңгімені ләззаттың аузынан естиік…

 

— Күйеуім Аманғали екеуміз бір-бірімізбен құрдаспыз. Екеуміз де 1969 жылы туғанбыз. Мен 29 қыркүйекте, ал ол 22 наурызда туған. Менің туған жерім Мұғалжар ауданының Жаңатұрмыс ауылы. Ал отағасым Аманғали сол ауданның Қаракөл ауылында дүниеге келген. Мамандығы бойынша электр дәнекерлеуші. Ақтөбе қаласының Тәжірибе станциясындағы ауылшаруашылық колледжін бітірген. Кейін ауылда Орқаш орта мектебінде жұмыс істей жүріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт факультетін сырттай оқып тәмамдады. Жоғарғы оқу орнының дипломын алған соң аталмыш мектепте дене шынықтыру сабағынан және алғашқы әскери дайындықтан дәріс берді. Қазір Қандыағаштағы қалалық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде самбодан жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

Ал мен Орқаш орта мектебін бітірген соң, Ресейдің Челябинск қаласындағы несие-есеп техникумында күндізгі бөлімде оқыдым. Оқуды тәмамдағаннан кейін ауылда Орқаш орта мектебінде есепші болып жұмыс істедім. Бүгінде Қандыағаштағы фосфор руднигінде есепшімін.

Әр отбасының өз тарихы болады ғой. Сол сияқты біздің отбасының да кішігірім тарихы бар.

Ол екеуміз Орқаш орта мектебінде 9-сыныпта оқып жүрген кезімізден бастап, бір бірімізбен дос болдық. Мектеп бітірген соң әскер қатарына шақыртылды. Өзім шығарып салып, күтуге уәде бердім, күттім. Әскерден 1990 жылы келді. Ал 1991 жылы 22 наурызда оның туған күнінде үйлену тойын жасап, шаңырақ көтердік.

— Жұбайыңыз екеуіңіздің жас кездеріңіздегі бір-біріңізге деген махаббаттарыңыз өзгелерден ерекше болыпты. Тіпті, жазған хаттарын әлі күнге дейін сақтап қойыпсыз. Қайныларыңыз соны айтып кейде өзіңізбен әзілдеседі екен…

— Иә, ол әскерде болған екі жыл ішінде бір-бірімізге ұдайы хат жазысып тұрдық. Сол кезде жазған хаттары шынымен де, әлі күнге үйде сақтаулы тұр. Жалпы ол мені ерекше жақсы көрді. Қайныларым соны айтып, тіпті кейде біздің сол хаттарымызды оқып: «жеңеше, ағам екеуіңнің махаббаттарың күшті болыпты ғой» деп жатады. Бұрынғы кезде жақсы көру, сүю қазіргіден мүлде өзгеше сияқты еді. Біздің кезіміздегідей сөзге, уәдеге беріктік, адалдық сияқты асыл қасиеттер қазіргі жастардың да бойынан табылса екен деймін. Бәлкім, әр заманның, әр кезеңнің адамдарының махаббатқа, өмірге деген көзқарасы әртүрлі болатын болар.

— Отбасындағы жұптық жарасым – бақытты болудың басты тірегі. Ол үшін ерлі-зайыптылардың үнемі есте сақтайтын қағидалары, бұлжытпай орындайтын міндеттері, басшылыққа алатын ақыл-кеңестері болады. Ал сіз үшін жұптық жарасымға жету жолы не?

— Отбасын құрған екі адамға алдымен керегі – түсіністік. Егер екі жас бірін-бірі ұнатып қосылғанымен, уақыт өте келе түсінісе алмаса, отбасында екеуара проблема туады. Елімізде көптеген отбасылардың шаңырағы шайқалуының негізгі себепшісі түсіністіктің жоқтығы сияқты.

Ерлі-зайыптылар бір-бірінің қасы-қабағына қарап, ойын, көзқарасын, тіпті талғамын түсінуге тырыспаса, отбасы бірлігін сақтау қиын.

Ал біздің отбасында түсіністік бар. Күйеуім екеуміз бір-біріміздің көңілімізге қараймыз, ренжітпеуге тырысамыз. Өзара түсіністік татулыққа, ал татулық бақытқа жеткізеді.

— Кейде еркектің отбасы үшін жауапкершілік танытпауы, яғни, жауапсыздығы салдарынан негізгі тізгінді әйелдің өз мойнына алуына тура келеді.  Ал сіздің отбасында бұл мәселе қалай шешілген?

— Негізгі тізгін – отағасымның қолында. Ол отбасы, яғни әке-шешесі әйелі, бала-шағасы, алдындағы жауапкершілікті өз мойнына алып, бір кісідей арқалап жүрген жан. Отағасым отбасының барлық мәселелерін өзі шешуге тырысады. Кейде бірге ақылдасып, кеңесіп те қоямыз.

— Отағасыңыз қандай адам? Оған қандай мінездеме бересіз?

— Мінезі салмақты, байыпты, әділ, турашыл. Өз ойындағысының, көкейіндегісінің тезірек іске асуын қалайды.  Яғни талапшылдығы басым. Мінезі жұмсақ дегеннен гөрі қаттылау деуге келеді. Еңбекқор. Қолына алған істі аяғына жеткізбей тынбайды. Спортты жанындай жақсы көреді. Спорт десе, «ішер асын жерге қояды». Ауылда спорттық шаралардың ұйымдастырылуына әр кез ұйытқы болып жүреді. Спортсүйер көптеген жасты күреске тәрбиелеп, жаттықтырды. Сондай шәкірттері кейде хабарласып жатады.

— Күйеуіңіздің жүріс-тұрысын аңдып, телефон арқылы біреумен сөйлескен әңгімесін тыңдап, өзгелердің айтқан өсегіне мән беріп, сенімсіздік танытқан кезіңіз болды ма?

— Ондай әдетім жоқ. Әйел адам сабырлылық танытып, күйеуіне сенім артпаса болмайды ғой. Мен оған сенемін. Сенгендіктен, ретсіз қызғанып, байбалам салмаймын.

Еркек қашаннан түздің адамы. Егер әйелі әр басқан қадамын аңдыса, күйеуімен бірге ұзақ өмір сүре алмас еді. Сондықтан ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сенімі отбасылық татулыққа жол сілтесе керек.

— Тұрмыс тапшылығы мен материалдық жетіспеушілік сіздің үйдің есігін қаққан жоқ па?

— Келін болып түскелі бері ата-енеммен бірге тұрып келемін. Сол себепті болар, жетіспеушілік, материалдық қиыншылық сияқты тұрмыс тапшылығын көрген жоқпыз. Атам көпті көрген, есті кісі еді. Біраз жыл бұрын о дүниелік болды. Қазір қолымда енем бар. Жасы сексеннен асса да әлі күнге тың, бақуатты. Әрдайым ақыл-кеңесін айтудан жалықпайды. Кейде күйгелектеніп, әлденеге ашуланып жатсақ, сабырға шақырып отырады.

Алдымен Құдайдың, екіншіден, осы енемнің арқасында күйеуіммен тату-тәтті тұрып жатырмын деп ойлаймын.

— Отбасы жауапкершілігінде бала тәрбиесі басты орын алады. Қазақ отбасына қатысты «ер бала әкеге тартып оқ жонады, қыз бала шешеге тартып тон пішеді» деген. Сіз балаларыңыз жөнінде не айтар едіңіз?

— Үлкеніміз Ақгүл 1992 жылы 11 сәуірде дүниеге келген. Ақтөбе кооператив колледжін бітірді. Ақтөбе қаласындағы балабақшалардың бірінде есепшінің көмекшісі болып жұмыс істейді. Ал ұлым  Абай 1995 жылғы. Ақтөбедегі қазақ-түрік лицейінде 9-сыныпта оқиды. Кенжеміз Шерхан Қандыағаштағы №1 орта мектепте 7-сыныпта оқып жатыр.

Балаларым ақылды, білімге талпынғыш. Үйде қарт атасы мен әжесінің тәрбиесін көріп өскен олар жаман болмайтын шығар деп ойлаймын.

Әңгімелескен Жанар НҰРҒАЛИ.

 

 

Беттің әзілі:

Әріптестер әңгімесінен:

– Сен неге үйленбей жүрсің?

– Таңдаған қызымды анам ұнатпай қойды.

– Онда сен анаңа ұқсайтын қыз іздесеңші.

– Анама ұқсайтын қызды да таптым-ау, бірақ оны әкем жақ­тыр­май қойды емес пе?!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button