Мәдениет

Биік мақсаттың адамы

Жасқа байланысты бүгінгі өлшемдер мүлдем өзгеріп кеткен секілді. Біздің бала кезіміздегі алпыс нағыз ақсақалдықтың ауылын мегзеп тұрушы еді. Бүгінгі жетпіс-сексендердің өзі сол уақытпен, алпыспен теңестіруге жарамай қалғандай.

Тіпті «жетпіс — жігіттің жасы» дейтін теңеулер де бекерге айтылып жүрген жоқ-ау. Бәлкім заманына қарай адамы ма екен…

Ақтөбе өңіріне белгілі азаматтардың бірі Аманкелді аға Мәйтековтің жетпіс жасқа толуы қарсаңында онымен жүздесіп, сұхбат құрғанымызда осындай ойлардың баурап алғаны ақиқат-тын.

Жетісінде де жас жігіттердің қолынан келе бермес істерді тындырып жүрген Әбекеңнің ішкі дүниесіне үңілгенде де сол сауалымызға жауап іздегіміз келген…

Сонымен…

Үшеуден қалған із

 

Әр адамның көңіл түкпірін жылытып жататын бір ыстық сезімдер болады. Оны айналаңа айқындап түсіндіріп жатудың өзі қиын. Бірақ өз ішің біледі. Сондай көңіл-күй Әбекеңнің бойында да бар. Ол атамекен деп аталатын Доңызтау өңіріне қатысты. Бір қызығы, атамекен аталғанымен әбден есейіп, ер жеткенше бұл жаққа ол ат ізін салған емес.

Сонау отызыншы жылдардың аштығында Доңызтау бойынан қалаға қарай үдере көшкендердің қатарында Мәйтек балалары да бар еді. Қазақтың көп ұландары жол бойында жеткен жерінде жығылып, жан тапсырып жатқанда бұлардың әулеті тіршілігі бар тұсқа қарай ұмтылып, талап қылумен болды. Сөйтіп ағайынды үш жігіт — Шәмшек, Сәдуақас және Жәмек қатар түзеп өсіп келе жатты. Бірақ тағдыры соққысы бәрібір бұларды айналып өтпеді.

Үлкені Шәмшек соғысқа аттанып, одан елге оралған соң майданнан алған зардаптың уысынан шыға алмай өмірден өтеді. Өз уақытында күреске түсіп, өлеңін шырқап, серілік дәурен кешкен Сәдуақас жігіт болған шағында қапыда қаза тапты. Ал Шәмшектің жесірі Айдылы әмеңгерлік жолымен қайнысы Жәмектің отауының түтінін түтетті. Кішкентай Аманкелді өз ағасын осылайша әке тұтып өсті.

Өмірбаян жолдарына үңілетін болсақ, қысқартып айтқанда, Аманкелді Шәмшек баласы Ақтөбе қаласында дүниеге келді. Бірақ апта аралатпай алыстағы ауылдан келіп жататын ағайындардың екі сөзінің бірі Доңызтау болып келетіндіктен, бұл да еріксіз осы ұғымға назар аудара бастады. Есейе келе сол бір өзі көрмеген, бірақ туыстарының суреттеуімен әбден жадына сіңірген, ата-баба табаны тиген мекенге мүлдем құмар болып алды. Тіпті жігіт болған шағында өзінің Доңызтаудың түлегі екендігін мақтаныш ететін күйге жетті.

Ол «жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайтынын» ерте сезінді. Сондықтан да намысқа тырысып, қай істе де қатарынан қалмауға, көштің соңын ұстанбауға дағдыланды.

Ол ағайынды үшеудің артында қалған із еді.

Сондықтан да сол ізді көмескілендіріп алмауға тырысты.

Қала мен ауыл арасы

 

Біздің кейіпкеріміз қалада туып, қалада өсті. Облыс орталығындағы қазіргі Ғұбайдолла Ақтаев атындағы №6 орта мектепті бітірді. Кішкентайынан көше бойының қызығын қуалап, ашық аспан астын еркін сезініп өспесе де, ересек тартқан сайын бәрібір аяғы ауылға қарай тарта берді.

Бірақ орта мектеп бітіріп, армандар арасында жоқ іздегендей аласұрып жүрген өрімтал жасқа ауылға қарай тартып кету үшін әлі біршама уақыт керек еді…

1959 жылғы түлекті Алматы алыстан қол бұлғап шақырып тұрғандай еді. Содан қыркүйек айында сол кездегі астанаға қарай сапар шекті. Бұл кезде жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандары аяқталып, абитуриенттер бір жағына шығып болған. Кері қайту бұл үшін намысқа сын, іздеп жүріп киномеханиктік курсқа құжаттарын тапсырды. Бұл курсты үздік бітірген ол Алматыдағы студенттер мейлінше көп баратын жасөспірімдер театры деп аталатын мәдени мекемеге киномеханик болып орналасады. Аядай тесіктен бәрі де көз алдында: бір-бірімен жарасқан жас жігіттер мен әсем арулар қолтықтасып келіп жатады. Сондайда студент болсам деген арманы көңіліне әбден бекіп, күннен-күнге ойын оята беретін.

1961 жылы Қазақтың ауыл шаруашылығы институының механикаландыру факультетіне оқуға түскенде де енді ауылдың алдынан шыға беретінін сезіне қойған жоқ еді. Студенттердің баруы міндетті ауыл шаруашылығы жұмыстары оның қолына күрек ұстатты, трактор мен комбайнның әр тетігін жатқа білетін ауыл механизаторының жанында жүріп, дала ауасын құмарлана жұтуға үйренгені де осы кез.

1966 жылы Алматыдағы оқуын бітірген соң Ақтөбеге оралып, «Казсельхозтехника» деп аталатын мекемеге жұмысқа тұрды. Оның негізгі міндеті ауыл шаруашылығы құрылымдарын қардар бөлшектермен, басқа да жабдықтармен қамтамасыз ету екен. Ол шаруаларды атқару үшін қатардағы маман бол, басшы бол, әйтеуір техникасы тұрып қалған өңірге қарай жол тартып жүре береді екенсің.

Жылдар жылжып өте берді. Жас маман Аманкелді Мәйтеков қатардағы инженерден басқарма бастығы лауазымына дейінгі аралықта облыста бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Сондайда баяғы Доңызтау беткейіне ықыластана бет алады. «Мына беті Шалқардың Бозойына дейін бардым, Ойылдың, Байғаниннің, басқа да аудандардың мен араламаған жері қалмаған шығар» деп еске алады бүгінде Әбекең.

Оның «қалада өсіп едім, бірақ бүкіл өмірім ауылда өткендей сезінемін» деуі де көңіл төріндегі тазалықты сездіргендей.

Ол нағыз жұмыс істейтін адамдар далада деп есептейді. Тек оларға көмектесу, қолдау көрсету керек. Талай рет егіс алқаптарын аралып жүріп, кішкентай бөлшектің жетіспеуі салдарынан бірнеше күндеп амалсыз тұрып қалған комбайн жанындағы шарасыз механизаторға жаны ашығандықтан, Ақтөбеден көмек қолын созғанын ол ұмыта алмайды. Қазірде де елге алаңдап отырады.

Өйткені, оның тамыры ауылдан шықты ғой…

«Бизнес бізге жат емес»

 

Қазіргі уақытта Әбекеңнің балалары Зейнұр мен Қайрат үлкен шаруалардың басында тізгін ұстап жүр. Оларды Қазақстандағы бизнес әлемінің биік ұшқан қарлығаштары деп атаса да болғандай.

«Олардың жоғары оқу орындарын бітірген тұстары елдегі бір өтпелі кезеңге сәйкес келіп қалды. Сондықтан мен балаларымды бизнес әлеміне қарай бейімдедім, — дейді Аманкелді аға, — Алғашқыда олар мұнай өткізу ісін қолға алды, Шымкенттегі синтез зауытымен іскерлік байланыс орнатып, тың тірліктерді жүзеге асырды. Олардың жастық жігері, нарық заңына тез бейімделуі мен менің әке ретіндегі ақылым, өмірлік тәжірибем бірігіп, өз нәтижесін бергендей болды. Алғашқы нәтижелер бізді қанаттандыра түсті. Сөйтіп, бизнес әлеміне балаларыммен бірге еніп кеттім».

Осы орайда Әбекең кеңестік замандағы алдыңғы буын өкілдері Алексей Попадьконың, Ізберген Көшімовтің іскерлік қабілеттері, бір сөзділігі, қолға алған істі оңтайлы шешетіндігі секілді жақсы қасиеттері өзіне көп сабақ болғандығын жасырмайды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығымен тікелей жұмыс атқаратын жабдықтау мекемесіндегі қызметі де бойында көп дағдыларды қалыптастырған сияқты.

Бүгінде ол «Maximus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік кешенінің директоры болып қызмет атқарады. Бұл кешен құрамында спирт және арақ-шарап зауыттары бар. Атап өтерлік жәйт, спирт зауыты — аса сирек кездесетін өндіріс орны, оның ерекшелігі француз технологиясымен жабдықталған. Мұнда сапасы өте жоғары Люкс» класты спирті алынады.

Қазақстанда дара болып табылатын жабдықтарды әкеліп, орнатудың басы-қасында да Әбекеңнің өзі жүріпті. Сол шаруаны реттеу барысында Голландия, Франция, Бельгия, Чехословакияны аралап, талай таңдаулар жасалған. Бір қызығы, арнаулы кешен қондырылып, жұмыс қалыпқа түскен соң ресейлік әріптестері Ақтөбеге келіп, тәжірибе үйреніп кетіпті. Қазір батыс елдерімен қатар, Қытаймен екі ортада да іскерлік байланыстар орнатылған. Ал орыс көршілермен жұмыс бабындағы қарым-қатынас күнделікті деңгейде жүреді.

Бұл кісінің екі қызы да бизнес саласында жемісті еңбек етуде. Үлкені — Лаурасы облыстағы қалыптасқан, тұрақты өнім шығаратын, ауқымды жұмысшы-қызметкерлері бар кәсіпорынды басқарып келеді. Жадырасы өзі басқаратын серіктестікте директордың орынбасары.

Күйеу бала Нұрлан мен келіндері Гүлбақыт, Лена — Әбекең әулетінің мерейін өсіруге үлесін қосып жүрген мерейлі жандар.

Ал Әбекеңнің өмірлік серігі, ғұмырының ең бір қызулы шақтарын облыстық балалар кітапханасында рухани тәлім таратушы қызметіне арнаған Бақтылы апай қазір осы кәсіпкерлер отбасының ұйытқысы, он үш немеренің сүйікті әжесі.

Бизнеске бет бұруы бұл адамды бұрыннан келе жатқан ескі достарынан айырған жоқ. Кеңес Бірманов, Жәкен Түнғатаров, Бақтығали Сандыбаев секілді өмірдің талай бұралаңында бірге болған азаматтармен отбасылық аралас шуағы еш уақытта суыған емес.

Басқа да жолдастары жеткілікті. Жұмыс барысында танысып-біліскен, сенімге ие болған Аманғали Төлебаев, Бағдан Махимов, Аманжан Қошқарбаев секілді ел азаматтарымен де әлі күнге көңілі түзу. Олар да Әбекеңді іздеп жүреді.

Қай кезде де Әбекең қасындағы серіктеріне сенеді. Қазірде де жауапты екі буындағы шаруалардың басы-қасында жүрген қос бас инженер — Темірбек Өтегенов пен Ниязбек Есенқұлов өздерінің осы салада бұрыннан жинақтаған тәжірибелерін ортақ іске жұмылдыруда. Зауыттағы технологиялық процестердің бәрі осы адамдардың жетекшілігімен жүзеге асырылады.

Аумағы ат шаптырым жерді алып жатқан кәсіпорын ауласы мұнтаздай таза. Әр жерге ағаштар отырғызылған. Жақында ғана ұжым мүшелері ұйымдасқан түрде сенбілікке шығыпты.

Жалпы бұл кәсіпорында жұмысшы-қызметкерлердің ұйымшылдығы, қандай іс туындаса да санаспай, топталып кірісіп кетуі дағдыға айналған. Олардың қай-қайсысы да түпкі нәтиже өздеріне пайда әкелетінін жақсы сезінеді.

Кәсіпкер болсаң — халқыңды қолда.

Әбекең ұстанған бір принцип осы. Індетіп отырып, оның көптеген қайырымдылық шараларының ізін тауып алдық. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен қарт адамдарға, мешіт құрылысына, соғыс ардагерлеріне жасаған ізгі істері оның бір қырын айқын танытады. Ұжымдағы жұмысшыларға да талай жағдайлар жасалып жатыр. Олардың барлығы да жұмыстарына арнайы автобуспен келіп, қайтады. Қажет кезінде кәсіпорынның қосалқы шаруашылығынан ет өнімдерін ала алады. Жұмысын жақсы атқарғандарға басқалай да жеңілдіктер жасалуда.

 

* * *

Адам өмірде алдына биік мақсат қойып, соған айнымастан ұмтыла берсе жетуге болады екен. Аманкелді Мәйтеков өмірі осының бір мысалы секілді көрінеді.

Ол өзінің соғыстан соңғы талай қиындықтарды бастан кешкен күндерін еш ұмытпайды. Сондықтан да болар, шаруа адамы киетін мақтадан ысырып тіккен келте күпісін әлі күнге дейін қыста үстіне іліп алатыны бар. Әрине, сыртынан көрген адамдар таңғалатын шығар, «бүгінгінің байының бұ несі?» деп.

Ал Әбекең ішінен қазіргі тірлігіне тәубасын айтып, өзіміз бала кезден қызығып талай оқыған ертегінің кейіпкеріндей күй кешеді-ау осы…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button