Мәдениет

Жақсы жолдар жалғасы

Ол кездегі ауыл балалары арасында басылым жаздырып алмайтыны болмайтын. Мектепке бардың ба, «Балдырған» журналы жаныңда жүреді. Сәл есейгесін «Қазақстан пионері» газеті серігіңе айналады. Оның сыртында аудандық, облыстық газеттерге ауыз сала бастайтын оқушылар да аз кездеспейді.

Бүгінде белгілі қалам иесі, көпке танымал азамат болған Ғалымжан Төреханов та сол қатарға тап болды. Ол газет-журналдарды жаздырып алатыны аздай, бір күндері өзі де қалам тарта бастады. Қысқа хабарлары аудандық «Коммунизм таңы» газетіне апта аралатпай шыға бастайтын сәттер кездесті бір күндері. Пионерлер басылымының талабы қатаңдау, жазғанының біреуі жарық көрсе, екеуіне ақыл-кеңес айтқан жауап келіп жатады.

Сөйтіп жүріп мектеп бітірген оны сол уақыттың талабымен қой бағатын комсомол-жастар бригадасының дәмі тартты. Басқа қатарластарының не ұтқанын кім білсін, болашақта журналист болам деп нық табан тіреген бұл, ең алдымен өмір көрді. Айдалада ат үстінде жүріп, туған жердің қадірін ерекше сезінетін күйге жетті. Қаламы бұрынғыдан да ширыға түсті. Қой бағып жүріп ой да бақты.

Бригада мүшесі ретіндегі екі жылдық міндетін өтеген соң жағалап аудандық газетке келді. Мұндағы ағалары бұл кезде оны жақсы білетін. Сондықтан да көп сынаққа салмай, радиоұйымдастырушы деген қызметті алдынан кесе көлденең тартты.

Бұл — оның журналистика ауылына қақпадан кірген сәті болатын. Содан ішке қарай ұмтыла берді. Бір күні газетке тілшілікке ауысты. Нағыз қайнаған өмір осында екен. Әр нөмірді шығарған сайын жан беріп, жан алысып жатқандары. Бірде кішкене хабар жетіспей алқынады, енді бірде аяқ астынан маңызды дүние келіп қалады. Соның бәрін реттеп, төрт беттің ажарын келтіріп шығару — журналистер қауымына сын. Шамалы кейінірек жауапты хатшы болғанда өзін оттың ортасында жүргендей сезінетін болды. Бастапқыда сол оттан сескенетін, үйрене келе отпен ойнайтын халге жетті.

Журналистикадағы жолында Тауман ағаларының тәлімі мол болды. Балапан қанат кезінен құздан лақтырып, салқын суға малып алғандай тәрбиелеген Тауман Төреханов шәкіртін аудандық «Коммунизм таңы» газетінің отымен кіріп, күлімен шығарғандай етіп жұмсады. Ол қолына қаламын ұстап, кішкене хабар жазса да, желкесінен қатал да сұсты редакторы төніп тұрғандай әсерде болатындығын әлі күнге дейін жасырмайды.

Сол тұста Киров атын иеленген Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға барғанында алдынан тағы бір Тауман ағасы шықты. Бұл — қазақ баспасөзінің талай кадрларын өз көрігінде шыңдап шығарған белгілі ұстаз, профессор Амандосов еді. Ол кісі де шәкірттеріне оңайлықпен жылы шырай таныта қоймайтын. Алдына келген әр студентке сын көзбен үңіле қарап, «қыздар журналистикаға жоламауы керек» деп қатал үкімін қайталап отыратын ғалым аға негізінде газет маңында, мамандығы бойынша іс басында жүргендерді бөтен көрмейтін. Сол әдетімен Ғалымжанға да оң қабағын бұрды.

Қос Тауманның осындай тәрбиесі оны, шынын айтса, шыңдады.

Шыңдағаны сол емес пе, 1989 жылы Комсомол деп аталатын алыстағы ауданнан қазақ тілінде газет шығару керек болғанда таңдау бұған түсті. Облыстық партия комитеті Шалқардағы газетте жауапты хатшы болып жүрген Ғалымжанды әңгімелесуге шақырғанда, осының алдында сырттай сынақтан өткенін ол байқаған да жоқ еді. Партияның облыстық органының насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқаратын Елеусін Сағындықов шегіншектегеніне де, сылтауына да қараған жоқ, «Бұрын ол жерге жұрт тың игеруге барса, сен тіл игеруге барасың, жолың болсын» деп сәт сапар тіледі. «Жаңалық жаршысы» деп аталатын газеттің шаңырағын көтеріп, уығын көтерген, керегесін жайған жас жігіт осында табан аудармастан сегіз жылдай еңбек етті. Әрине, оңай болды деп айта алмайды. Көрмеген жер, танымайтын орта. Қасындағы серігі Гүлнәр Жолдыбайқызы осындай сәттерде оны демеп, газеттің әр санын шығарған сайын тау қопарғандай болып келетін азаматының алдынан шәйін демдеп, бүкіл шаршағанын ұмыттырып жіберетін шақ жиі болып тұратын.

Аупарткомның бірінші хатшысы Вальтер Леммле, аудандық атқару комитетінің төрағасы Есімхан Есенбаев үнемі қолдау көрсетіп отырды. Алғашқы авторлар жадында жатталып-ақ қалыпты. Сұлтан Әзбергенов, Бөрібай Кәртенов, Роман Рахиев есімдері газеттің бірінші санының бетін ажарлап тұр. Василий Шульга ақсақалмен жүргізілген сұхбат та санада сақтаулы.

«Жаңалық жаршысының» алғашқы саны шыққандағы ел қуанышы ерекше болды. 1990 жылдың 1 қаңтары күні таңертеңнен жұртшылыққа жолдама алуы тиіс газет түн ішінде-ақ біраз адамның қолына тиіп үлгеріпті. Мұны жасаған пошта қызметкерлері ме, әлде баспахана маңындағылар ма, әлі күнге дейін білмейді, бірақ сол оқиға жүрегін ерекше жылытады.

Алғашқы үш-төрт айда командасын жасақтап үлгергені де жадында. Төреғали Нәменов, Егемберді Әбдіраев, Құдайберген Ахмедияров, Бөрібай Кәртенов секілді жалын атып тұрған жігіттер қаламдарын қайрап алып, іске қызу кірісті. Бұрын маңдайынан шаң еспейтін аудандық орыс тіліндегі «Целинная новь» газеті бір күндері «Жаңалық жаршысына» жақындап, соның қолтығына кірді.

Осылайша арада бес жыл да өте шыққан-ды. Ортада бес жылдықты атап өту туралы идея қозғалып, ел басқарып жүрген азаматтар Ақансері Ермағамбетов, Жарқынбай Қайырқұлов оған қолдау білдірді. Шаруашылық басшылары А. Чемоданов, Қ. Әсімбетов, Б. Тұрмағамбетов, Д. Атыбаров, Б. Шақарбеков, А. Морец бірі қалмай жанашырлық танытып, өз газеттерінің мәртебесін көтерді. Жақында ғана осы ауданнан Мұғалжар өңіріне қызметін ауыстырған полиция полковнигі Ғалым Дәулеталин тойға шашу ретінде бір машина бензин жіберді.

Осындай тілектес көңілдер журналистердің жанын жадыратып, қаламдарына шабыт бітірді.

«Жаңалық жаршысына» Ғалымжан қазір де алаң көңілмен қарап отырады. Өзінен тізгінді алып қалған Геннадий Стручков екі тілді газетті екпіндетіп шығарып келеді.

Жылдар жылжып өте береді екен. Кешегі балаң қалам иесі бұрын басты шаруаны жазу-сызу төңірегінен іздесе, енді көпшілік ісіне көңіл бөліп, мойнындағы міндет ауқымын көбейтті.

Комсомол өңірінен облыс орталығына көшіп келіп, Ақтөбе қалалық «Қала тынысы» газеті редакторының орынбасары, Ақтөбе телерадиокомпаниясының редакторы, облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы болып қызмет істеген жылдарында оның азаматтық тұлғасы қалыптасты. Енді жұртшылық оны баспасөз қызметкері деп қана емес, ақыл айтар тұлға, көпшілік жоқшысы ретінде тани бастады.

2006 жылы Ғалымжан Жарылқағанұлы облыс әкімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

Елеусін Наурызбайұлы осыдан он жеті жыл бұрын қазіргі Әйтеке би ауданына сәт сапар тілеп, редакторлыққа жіберген журналисті өз жанына бекерден шақырмаған болар, сірә.

Шынында да, оның облыстың әлеуметтік-мәдени салалардағы көптеген жаңалықтарының жүзеге асуына ықпалын тигізіп жүргенін бүгінде халық жақсы біледі. Кеңесші атқаратын көзге көріне бермес көп тірліктер және бар. Соларды үйлестіріп, бойындағы тәжірибесі мен білігін біріктіре жұмсап жүрген Ғалымжан енді ағалық жасқа да келіп қалыпты.

Ол елу деген биікке қолын созып отыр.

Кейінгі жолдарға бұрылып қарағанда, талай жәйттер естелік сынды алыстан қылаңдап көрінгендей болады. Аудандық газеттен армия қатарына шақырылған сонау бір жылдары Қызыл тулы Солтүстік-Теңіз флотында қызмет ете жүріп, қолға қалам ұстағаны есіне түссе жылы жымиып қоятыны бар. Екі ауыз сөздің басын орысша қосуы қиындау құм баласы әліне қарамай «На страже Заполярья» газетіне хабар жазбасын ба?! Әрине, мектепті орысша бітірген Қобданың жігітіне  түзеттіріп алғанын жасырмайды. Сол мақала жарық көргесін-ақ беделі өрлеп жүре берді. Көп ұзамай қолына тілшілік куәлік тиді.

… Осындай жолдардан өтіп, балалар өсіп-жетіле бастағанда сүйікті жары Гүлнәр дертті болып, өмірден өтті. Әрине, қиын болды, іздеді, қайғырды. Бірақ өмір бір орында тоқтамайды екен.

Үлкені Әйгерім Қазақстан-Британ техникалық университетін бітіріп, қазір Астанада БТА Банкте қызмет істеуде. Әселі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетінде оқиды. Одан кейінгі Аружан М. Құсайынов атындағы облыстық дарынды балалар мектебінде тәлім алуда.

Тіршілік талабымен тағы да түтін түтетті. Шаңыраққа сәуле алып келген Құралай алдыңғы тәтелеріне Жұлдыз атты сіңілі тауып берді. Одан кейін дүниеге атұстар келді.

Ғалымжан тарихта аты қалған Жарас мергеннің ұрпағы. Бабасына тартсын деп ойлады ма екен, кішкене сәбиіне сол үлкен тұлғаның есімін бірді.

Кішкентай Жарас қазірден беделге ие. Көпшілік жұрт Жәке деп тіл қатады оған. Әулеттің келіндері екі бастан оның атын атай алмайды. Бұл да Ғалымжанға тән бір қимыл.

… Бір кездері Жылтырдың қалың құмында қой бағып, етігінің қонышына «Жұлдыз» журналын қыстырып өріске шығатын балаң жігіт Ғалымжан енді журналистиканың соқтықпалы, соқпақсыз көп жолынан өткен, ой бағып, жөн көрсететін азамат. Оның жақсы жолдары алда талай биікке қарай жалғаса беретіндігіне күмәніміз жоқ.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button