Денсаулық

Тұмау өршіп барады

Брифинг

Күн суыта басталғалы тұмаумен ауыратындардың саны артты. Өз кезегінде дәрігерлер бұған атүсті қарамай, тез арада емханаға қаралуға кеңес береді. Өйткені Ақтөбеде ауруын асқындырып алып, ауруханаға жатқандардың саны 28 адамға жеткен. Олардың дені — жүкті әйелдер.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, қазіргі таңда өңірде жедел респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) 1200 адам ауырып жатыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда 3,1 есеге көп. Яғни аурушаңдық деңгейі едәуір артып отыр. Науқастардың арасында 1 жасқа толмаған сәбилерден бастап, ересектер де бар.

— Қазіргі уақытта тұмаумен (В типі) 75 адам ауырып жатыр. Соның ішінде 41-і — аяғы ауыр келіншек, 12-сі — 14 жасқа толмаған жеткіншек. Өткен жылдың осындай кезеңінде бірде-бір тұмау тіркелген жоқ еді…

Жедел респираторлық вирустық инфекциямен 247 адам, тұмаумен 28 адам, пневмониямен 47 адам ауруханаға жатқызылды, — дейді ол.

Мұхтар Сербаев тұмауға қарсы барлығы 101 мыңнан астам ақтөбеліктің екпе алғанын, бұл облыс халқының жалпы санының 11,09 пайыз екенін құрайтынын атап өтті.

Сондай-ақ тұмауға қарсы вакцинация  облыстың барлық емханасында жүргізіліп жатқаны айтылды. 63 жылжымалы бригада жасақталған. Және профилактикалық егудің алдында адамға міндетті түрде термометрия жасалып, процедурадан соң 30 минут бақылауда болу керектігі еске салынды.

— Осы жылы тұмауға қарсы вакцинаның  құрамына вирустың екі жаңа штамдарының(А/H3N2-a/Darwin/9/2021 кіші түрі және Victoria – B/Austria/1359417/202 типті тұмау) антигендері кіреді. Осылармен ауыратындар көп болады деп күтілуде. Бұл штамдарға сезімталдық жоғары болуы мүмкін.

Тұмаумен де, COVID-19-бен де ауыру қаупі бар. Өздеріңіз білетіндей, ағзада екі вирустың бірдей тіркелуі аурудың ауыр түрлеріне әкеледі және вирустық пневмония қаупі айтарлықтай жоғары болады. Сондықтан бүгінгі таңда тұмаудың алдын алудың ең тиімді және ғылыми негізделген әдісі —вакцинация.

Жергілікті бюджеттен ақысыз вакциналауға медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, әлсіз және алты айдан асқан көп ауыратын балалар, сондай-ақ балалар үйінің тәрбиеленушілері, қарттар үйінің тұрғындары, мүгедек жандар, оқушылар және жүкті әйелдер кіреді, — дейдіоблыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ақ халаттылар тұмау өршіп тұрған уақытта таза ауада жиі серуендеп, қолды сабынменжууды және дезинфекциялық  заттарды қолдануды ұсынды. Бөлмені әлсін-әлсін желдетіп, «С» дәрумені бар өнімдерді тұтынуды да ұмытпаған шарт. Ең бастысы, бойында тұмау белгісі бар адамдар өзгелерден оқшауланып, тез арада медициналық ем алуы қажет. Сол арқылы олар өзгелердің де денсаулығына кері әсерін тигізбейді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button