Спорт

Он бесінші жеңіс

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Тұран» — 3:2

23-24 қазан күндері 24-тур ойындары өтті.

Биыл чемпиондық тәжді «Ақтөбе» мен «Астана» командаларының біреуі киетіні мәлім болды. «Мақтааралдан» ұтылған «Тобыл» енді алғашқы үштікке де іліге алмауы мүмкін. Үштікке ілігуге «Шахтерді» жеңген «Қайраттың» мүмкіндігі артты. Ал соңғы екі орында әзірге «Тұран» мен «Ақжайық» қалып тұр.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Тұран» командасын қабылдады. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов арнайы келіп ойынды тамашалап, командаға қолдау білдірді.

Жерлестеріміз ойынды тәп-тәуір бастады. 4-минутта Жерар Гоу қарсыластар қақпасына шапшаң гол соғып кетсе (1:0), көп ұзамай, 9-минутта Әлібек Қасым пенальтиді мүлтіксіз орындап, есепті одан әрі ұлғайтты (2:0). Бірақ «Тұранның» ұнжырғасы түскен жоқ. 27-минутта біздің қақпаның дәл алдында жүрген Шоқан Абзалов допты әуелете тепкен әріптесінен баспен тамаша пас қабылдап, Стас Покатиловты қапы қалдырды (2:1). Оны аз десеңіз, бас төреші 44-минутта Бауыржан Байтанаға дөрекі ойыны үшін «қызыл қағаз» көрсетіп, алаңнан қуды.

Сол себепті де екінші тайм қонақтардың тынымсыз шабуылымен өтті. 56-минутта олар есепті теңестіріп те үлгерді: Михаил Башилов және бір гол соқты (2:2). Дегенмен «Ақтөбе» жағаласа жүріп, жеңіске жетті. Қонақтардың бірі өз айып алаңында допқа талас кезінде қолмен ойнап қойды да павлодарлық төреші Григорий Московченко екінші рет пенальти белгіледі. Бұл жолы да Әлібек Қасым мүлт кетпеді (3:2).

Осылайша жерлестеріміз турнир кестесіндегі бірінші орнын сақтап қалды. Дегенмен қалған екі ойында біздің қарсыластарымыз «Астананың» бәсекелестеріне қарағанда әлдеқайда мығымдау екенін де ұмытпағанымыз жөн.

«Ақтөбе»-«Тұран» —  3:2

Гол авторлары: Жерар Гоу, 4-минут (1:0); Әлібек Қасым, пенальти, 9-минут (2:0); Шоқан Абзалов, 27-минут (2:1); Михаил Башилов, 56-минут (2:2); Әлібек Қасым, пенальти, 66-минут (3:1)

44-минутта дөрекі ойнағаны үшін Бауыржан Байтана («Ақтөбе») алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко, Темірлан Ерланов, Әлібек Қасым, Владимир Гинаитис (Ескендір Қыбырай, 34-минут), Артурас Жулпа (капитан), Рамазан Оразов (Арман Кеңесов, 60-минут), Максим Самородов (Виталий Балашов, 60-минут), Бауыржан Байтана, Рожерио Шина (Эрнест, 89-минут), Жерар Гоу.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

24 қазан 2022 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 11 500 адам.

*   *   *

«Ақтөбе» командасы 24 кездесу өткізіп, 15 рет жеңді, 3 рет тең ойнады, 6 рет ұтылды. Ұпай саны — 48. Доп айырмашылығы — 37:25.

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 8 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы; Әлібек Қасым, қорғаушы — 6 гол;

Сердер Сердеров, шабуылшы — 4 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы; Максим Самородов, шабуылшы — 3 гол;

1 голдан соққандар: Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы; Никита Маляров, жартылай қорғаушы; Йоахим Адукор, жартылай қорғаушы; Виталий Балашов, шабуылшы; Руслан Камболов, жартылай қорғаушы; Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы.

(Бір голды өз қақпасына Равиль Ибрагимов («Атырау») соғып алды).

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Шахтер»«Қайрат» — 0:2

«Ақжайық»-«Қызылжар» — 2:2

«Ақсу»-«Ордабасы» — 2:2

«Тараз»-«Каспий» — 1:1

«Астана»-«Атырау» — 5:1

«Мақтаарал»-«Тобыл» — 2:1

*   *   *

24-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 48 ұпай
  2. «Астана» (Астана) — 47 ұпай
  3. «Тобыл» (Қостанай) — 41 ұпай
  4. «Қайрат» (Алматы) — 39 ұпай
  5. «Ордабасы» (Шымкент) — 36 ұпай
  6. «Ақсу» (Павлодар облысы) — 33 ұпай
  7. «Шахтер» (Қарағанды) — 31 ұпай
  8. «Каспий» (Ақтау) — 30 ұпай
  9. «Тараз» (Тараз) — 28 ұпай
  10. «Атырау» (Атырау) — 28 ұпай
  11. «Қызылжар» (Петропавл) — 27 ұпай
  12. «Мақтаарал» (Түркістан облысы) — 27 ұпай
  13. «Тұран» (Түркістан) — 25 ұпай
  14. «Ақжайық» (Орал) — 24 ұпай

*   *   *

25-тур ойындары 29-30 қазан күндері өтеді.

29 қазан, сенбі

«Каспий» — «Ақжайық»

«Тараз» — «Тобыл»

«ОРДАБАСЫ» — «АҚТӨБЕ»

«Тұран» — «Мақтаарал»

30 қазан, жексенбі

«Қызылжар» — «Астана»

«Қайрат» — «Ақсу»

«Атырау» — «Шахтер»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button