Мәдениет

Көне күйдің күмбірі

Көрнекті күйші Қамбар Медетов есімі бүгінде туған халқына қайтара танылу кезеңін бастан өткеруде. Осыдан он жыл бұрын Мәртөктегі көшелердің бірі оның есімін иеленді. Сол уақыттарда жалпы жұртшылық аса талантты осы кісі туралы көп біле бермейтіні де шындық еді.

Биыл осы бір дарын иесінің туғанына 110 жыл. Соған байланысты Ақтөбе жерінде ауқымды шара ұйымдастырылды. Ақтөбе қаласындағы Заречный ауылындағы Қамбар Медетов көшесінде берілген ас осы ізгі ниеттің беташары іспетті болды.

Облыс орталығындағы, Мәртөк өңіріндегі қандай да болмасын  кездесулер барысында күйшінің өмірбаяны, өнердегі қолтаңбасы туралы сөз көп айтылды.

1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне Қазақтың ұлттық оркестрі құрамында «Ақсақ құлан» күйін тыңдаушының құлақ құрышын қандыра орындап, Сталиннің назарын еріксіз аудартқан Қамбар күйші  көп ұзамай басталған репрессия қармағына ілініп, абақтыға қамалады.

Қамбардың келіні, бұл күнде әжелікке жеткен Айсұлу әжей өткен күндер туралы былай баяндайды: «Медет – Ерқожа атамның әкесі, сол Ерқожа атамнан туған  Қамбар қайнағам 1937 жылы нақақ жала жабылып, ұсталып кетті, — дейді ол. — Сондағы жапқан жаласы – «Күләш Байсейітованы ұстап әкетіпті» деген қауесет сөз таратыпты-мыс.
Ұстап кеткен бойда Тайга деген жерге жіберді. Айына бір рет ұшақ қатынайды. Оны ұстап кеткенде күз болатын. Бір ай дегенде хат келді. «Жұмыс істеп жатырмыз. Жақсы да, жайсаң да осында екен. Тоңып жүрмін. Маған қалың киімдерімді салыңдар. Оған рұқсат. Айына бір рет хат-хабар алып тұруға мұрсат берілген» депті хатында. Айтқандарын салып тұрдық. Бір күні «домбырамды салыңдар» деді. Көп ұзамай ол кісінің нақақтан кеткені туралы Мәскеуден хабар келді деп ауданнан атамды үйден шақырып алып кетті. Біз ағамыздың өзін  ақтағандығы жайлы қағазды алған не алмағандығын білмейміз. Бәлкім,  ақталу қағазы қолына тиіп, соғысқа алып кеткен шығар деп жорыдық өзіміз. Ақиқатын әлі күнге білмейміз».
Осы әңгіменің анығын Алматыдан келген қонақ Айжан Бердібай былайша жалғастырады:
— Атамыз 1942 жылы соғыста жүріп қайтыс болыпты, — дейді жиені, — бірақ оны отбасы біршама уақыт өткенге дейін білмей келген. Бертін келе, заман біраз тынышталғанда, яғни Сталин қайтыс болғаннан кейін қыздары әкесін іздеп түрлі құзырлы орындарға хат жаза бастайды. Сөйтіп ақыр аяғында 1957 жылы Қамбар Медетовтің қайтыс болғандығын біледі. Біздің үйде үш бірдей құжат бар, үшеуінде ол кісінің қайтыс болу себебі үш түрлі көрсетілген. Бір жерде өкпенің қабынуынан қайтыс болды десе, бірінде инфаркт деп көрсеткен.

Қамбар Медетов 1901 жылдың 1 мамырында Мәртөк ауданындағы Жайсаң ауылында дүниеге келген. Ол қазақ өнерінде өзіндік орны бар майталман күйші болғанымен, кешегі күнгі заман ағысы оны ұмыттыра жаздады.  Музыкалық этнограф Александр Затаевич, композитор Евгений Брусиловский, ағайынды алыптар Құдайберген, Ахмет Жұбановтар кезінде күйші туралы өз еңбектерінде жазған. Затаевич 1925 жылы Мәскеуде жарық көрген  «Қазақ халқының 1000 әні» кітабында «Әкесі бойынша  Қамбар Медетов, шындығында Қаратаев, оралдық ақиық әнші Мұхит Қаратаевтың інілерінің бірі, Орынбор реалдық училищесінің бірнеше класын бітірген жас жігіт, ал 1923 жылы мен одан шығармалар жазып алған кезде Орынбордағы заң курсының тыңдаушысы болатын. Асқан әнші, керемет домбырашы, қазақтың халық әуені жөнінен сұңғыла болып шықты. Ол берген аса құнды мәліметтерді, оның ішінде теңдессіз үш күйді Ақтөбе тобымен қатар Орынбор және Түркістан тобына енгізіп отырмын» деп баяндайды.

Ал Брусиловский «Медетовтің домбыра тартуы басқа домбырашылардың бәрінен мүлдем өзгеше тәрізді. Ол әлдебір айрықша тәсілмен тартады. Ішектің нақышты үні бірден-бірге қоюлана түсіп, ешбір сембей, күмбірлей шалқып естілетіндей. Оның қолындағы домбырадан әлдебір қайталанбас гуіл, әсем күмбір әуен есіле құйылғандай сиқыр баурайды» деп лебізін білдірген екен кезінде.

Осындай ұлғатты әңгімелерді мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков Ақтөбе жеріндегі жұртшылықпен кездесу барысында майын тамыза әңгімелеп берді. Тарихты таразылып, өткеннің мұраларын бүгінгі ұрпаққа жеткізуге жанашырлық танытып жүретін Роза Арынғазиева апа да шаралардың жан-жақты өтуіне көп қызмет етті.

Қамбар Медетовтің туғанына 110 жыл толуына арналған меркелік шаралар барысында ақтөбеліктер құдіретті күйші тағдырына тереңдеп бойлай түскені ақиқат еді. Мәселен, оның күйші ғана емес, басқа мамандықта да еңбек еткенін бұрын біраз адамдар біле бермейтін. Ал ақиқатында ол кезінде заң саласында қызмет етіп, халықтың құқын қорғаған. Тіпті сонау жиырмасыншы жылдары Мәртөк ауданының Жайсаңында ашылған балалар үйінің тұңғыш директоры да болыпты. Облыстың аудандарында прокурор, сот қызметтерін атқарып жүрген жерінен 1934 жылы академик Ахмет Жұбанов бүкілқазақстандық өнерпаздар слетін ұйымдастырғанда соған қатысуға шақырады. Сол жылы тұңғыш рет ұлт аспаптар оркестрі құрылады. Қамбар Медетов оркестрде домбыра тарта жүріп, филармонияның әкімшісі, кейін директордың орынбасары қызметтерін атқарады.

Қайран күйші ұсталғанда артында қалған анасы Мәлике өмір бойы баласын күтумен өткен. Жары Гүлихран екі қызын қатардан қалдырмай жеткізді. Үлкен қызы Рая әкесі ұсталғанда 6 жаста, кішісі Бибізада 3 жаста екен. Сол Бибазада апай бүгінде белгілі ғалым, академик Рахманқұл Бердібайдың жары.

Қамбар Медетов есімін көпшілікке танытуда белсенді еңбек еткен азаматтардың бірі Жақсат Қарылғашев. Ол осыдан он жыл бұрын, осы бір игілікті іс бастауында көптеген шаруалар ұйытқысы болғанын мәртөктіктер жақсы біледі. Қазіргі уақытта Жақсаттың жақсы ұмтылыстарын жандандырушылар қатары көбейді.

110 жылдыққа арналған шара барысында аудан әкімі Мәди Елеусізов осы жайларды айта келіп, Қамбар Медетов секілді сирек талант иесін мәртөктік жас буын орынды мақтан тұтатынын жеткізді.

Мәртөк жерінде жан-жақтан келген қонақтар аудан орталығындағы мұражайда болды, Қамбар Медетов атындағы музыка мектебі тәрбиеленушілерімен жүздесті.

Бүгінгі күннің талантты күйшілері Жайлау Асылханов пен Талап Хамзин Қамбар атаның мұраларын қайтадан туындатты. Көне күйдің күмбірі тыңдағандардың көңілінде көпке дейін жаңғырып тұрды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button