Спорт

87-минутта соғылған пенальти

Премьер-Лига

«Тобыл»-«Ақтөбе» — 1:0

14-15 қазан күндері 23-тур ойындары өтті.

Алматыда «Астанадан» ойсырай жеңілген «Қайраттың» алғашқы үштікке іліну үміті төмендеді. Бірінші таймда қонақтар қақпасына екі гол соққан «Каспий» екінші таймда өз қақпасына төрт гол жіберіп алды. Соңғы бес ойынның үшеуінде ұтып, екеуінде тең ойнаған «Мақтаарал» турнир кестесіндегі ең соңғы орнынан бір саты жоғарылады. Өткен турда өз алаңында «Тобылды» 3:0 есебімен жеңген «Ақсу» бұл жолы сырт алаңда «Тұранды» ұтты. «Ордабасы» өз алаңында бір гол соғып, «Шахтерден» басым түсті. «Атырау» қатарынан төртінші рет ұтылды. «Ақжайық» пен «Тараз» кездесуінде еш гол соғылмады.

Ал чемпионат басталғалы 161 кездесу (88%) өткізіліп, 408 гол соғылды. Қақпаларға орта есеппен әр ойында 2,53  голдан өткізілді.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» Қостанайда «Тобыл» командасымен кездесті. Өткен турда ұтылып қалған қостанайлықтар бұл жолы ежелден аңдысқан бәсекелесіне есе жібермеуге тырысатыны анық еді. Оның үстіне қостанайлықтардан бұл жолы алаңға кімдер шығатыны әдеттегіше алдын ала жарияланған кезде біздің жігіттерге бұл кездесу оңайға соқпайтыны белгілі де болып еді. Солай болды да.

Ойынның 87-минутына дейін алаңдағы жанкешті тартыс бір минутқа да толастаған жоқ деуге болады. Екі команда да мұндай қарсылықпен, сірә, көп кездеспеген де болуы керек. Дегенмен ойын тағдырын бірінен соң бірі белгіленген екі пенальти шешті. Әуелгі пенальтиді қақпашымыз Стас Покатилов тойтарып үлгергенімен де, екінші пенальтиді Серікжан Мужиков мінсіз орындады. Бас төреші Сәкен Байымбетов (Тараз), VAR төрешісі Рүстем Омаров (Алматы) тағайындаған бұл пенальтилер жөнінде қанша күдіктер айтылғанымен де фактіні жоққа шығара алмайсың.

«Ақтөбенің» жеңбегенімен де кездесуді тең аяқтау мүмкіндігі болып еді. Бірақ бұл жолы алаңға тың футболшылар шығару бізге еш пайда әкелмеді. Мысалы, ойынға 65-минутта қосылған Виталий Балашов екі тамаша мүмкіндікті пайдалана алмады. 73-минутта қақпадан қарыс қадам жерде алдына келе қалған допты игере алмай, ешкім бөгет жасамаса да өзінен-өзі сүріншектеп, қақпадан қиыс бағытқа қарай шала теуіп, құр әбігерленді де қалды. Одан көп ұзамай тағы да қақпа түбінде тұрып тепкен добы жөн-жосықсыз аспанға әуелеп кетті. Оған дейін де Жерар Гоу, Владимир Гинаитис, Рамазан Оразов тәрізді футболшыларымыз гол соғарлық тиімді сәттерді пайдалана алмай қалған. «Тобылдың» бас бапкері Милан Миланович ойыннан соңғы сұхбатында «Ақтөбенің» гол соғатын жүз пайыздық мүмкіндіктері болды» дегенде осыларды да айтқан болуы керек. Алаңға Балашовпен бірге шыққан Рожерио Шина мен Дмитрий Шомко да нәтижелі қимылдар жасай алмады. Шина «қызыл қағаздардың» санын көбейтуге «үлес қосты».

Дегенмен, расын айту керек, бірінші таймның соңғы жағы мен екінші таймда қостанайлықтар біздің жігіттерден басым түсе берді. Сол себепті бұл жеңілістің заңдылығына күмән келтіру де қиын.

«Ақтөбе» клубына өткен турда («Каспиймен» кездесуде) футболшыларымыз 5 «сары қағаз» алғаны үшін Тәртіптік-бақылау комитетінің шешімімен 100 АЕК (МРП) көлемінде айыппұл салынғанын да еске сала кетейік. Бұл жолы 8 ескерту қағазын алдық.

Қалай болғанда да, енді алда қалған үш ойынның нәтижелерін үмітпен күтеміз. «Тұран» мен «Қайратты» өз алаңымызда қабылдасақ, «Ордабасы» командасымен сырт алаңда ойнаймыз. Әрине, осы турда жеңіске жеткен іргелес қос команда —«Астана» мен «Тобыл» келесі кездесуге көтеріңкі көңіл күймен баратынын да ұмытпауымыз керек. «Астана» өз алаңында «Атырауды» қабылдаса, «Тобыл» сырт алаңда «Мақтааралмен» ойнайды.

«Тобыл»-«Ақтөбе» — 1:0

Гол авторы: Серікжан Мужиков, пенальти, 87-минут (1:0).

82-минутта пенальти орындаған Серікжан Мужиков қақпашыдан айласын асыра алмады.

Ескерту қағазын алғандар: Асхат Тағыберген, 84-минут («Тобыл») — Әділхан Таңжарықов, 8-минут; Бауыржан Байтана, 25-минут; Артурас Жулпа, 64-минут; Рамазан Оразов, 67-минут; Йоахим Адукор, 82-минут; Владимир Гинаитис, 84-минут; Рожерио Шина, 86-минут; Стас Покатилов, 87-минут («Ақтөбе»)

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Әділхан Таңжарықов (Дмитрий Шомко, 65-минут), Артурас Жулпа (капитан), Әлібек Қасым, Владимир Гинаитис, Йоахим Адукор, Рамазан Оразов, Бауыржан Байтана (Сердер Сердеров, 87-минут), Арман Кеңесов (Виталий Балашов, 65-минут), Максим Самородов (Рожерио Шина, 65-минут), Жерар Гоу.

Запаста болғандар: Саша Стаменкович (қақпашы), Әлішер Әжімов, Темірлан Ерланов, Рустам Темірхан, Ескендір Қыбырай, Эрнест, Рожерио Шина;

Бас бапкер Андрей Карпович.

15 қазан 2022 жыл. Қостанай қаласы, «Тобыл Арена» стадионы. 3000 адам.

Бірінші айналымда, 15 мамырда өз алаңымызда «Тобылды» 2:1 есебімен ұтқан болатынбыз. Ақтөбелік гол авторлары: Сердер Сердеров, Жерар Гоу.

*   *   *

«Ақтөбе» командасы 23 кездесу өткізіп, 14 рет жеңді, 3 рет тең ойнады, 6 рет ұтылды. Ұпай саны — 45. Доп айырмашылығы — 34:23.

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 8 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 5 гол;

Сердер Сердеров, шабуылшы — 4 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 4 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 3 гол;

Максим Самородов, шабуылшы — 3 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Никита Маляров, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Йоахим Адукор, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Виталий Балашов, шабуылшы — 1 гол;

Руслан Камболов, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы — 1.

(Бір голды өз қақпасына Равиль Ибрагимов («Атырау») соғып алды).

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Қайрат»-«Астана» — 0:4

Төрт голды да Тимур Досмағамбетов енгізіп (10;59;88, пенальти; 90-минуттар), покер иесі атанды. 6-минутта пенальти орындаған Марин Томасов («Астана») қақпашыдан айласын асыра алмады. 87-минутта екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін Маки Баньяк («Қайрат») алаңнан қуылды.

«Каспий»-«Мақтаарал» — 2:4

Мақтаралдықтар жеңіс әперген екі голды 90+1 және 90+2 минуттарда соқты. 67-минутта Думан Нарзилдаев («Каспий») автогол соғып алса, 84-минутта пенальти орындаған Шафик Тигруджа («Каспий») қақпашыдан айласын асыра алмады.

«Тұран»-«Ақсу» — 0:1

Жалғыз голды 90-минутта Ұлар Жақсыбаев («Ақсу») соқты.

«Ақжайық»-«Тараз» — 0:0

«Қызылжар»-«Атырау» — 3:1

Бұл ойында Юрий Бушман («Қызылжар») екі гол соқты. «Атыраудың» екі футболшысы — 77-минутта Алтынбек Сапаров («Атырау»), 90+3 минутта Амандық Набиханов («Атырау») алаңнан қуылды.

«Ордабасы»-«Шахтер» — 1:0

*   *   *

23-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 45 ұпай
  2. «Астана» (Астана) — 44 ұпай
  3. «Тобыл» (Қостанай) — 41 ұпай
  4. «Қайрат» (Алматы) — 36 ұпай
  5. «Ордабасы» (Шымкент) — 35 ұпай
  6. «Ақсу» (Павлодар облысы) — 32 ұпай
  7. «Шахтер» (Қарағанды) — 31 ұпай
  8. «Каспий» (Ақтау) — 29 ұпай
  9. «Атырау» (Атырау) — 28 ұпай
  10. «Тараз» (Тараз) — 27 ұпай
  11. «Қызылжар» (Петропавл) — 26 ұпай
  12. «Тұран» (Түркістан) — 25 ұпай
  13. «Мақтаарал» (Түркістан облысы) — 24 ұпай
  14. «Ақжайық» (Орал) — 23 ұпай

*   *   *

24-тур ойындары 23-24 қазан күндері өтеді.

23 қазан, жексенбі

«Шахтер» — «Қайрат»

«Ақжайық» — «Қызылжар»

«Астана» — «Атырау»

«Мақтаарал» — «Тобыл»

24 қазан, дүйсенбі

«Ақсу» — «Ордабасы»

«АҚТӨБЕ» — «ТҰРАН»

«Тараз» — «Каспий»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button