Спорт

Студенттер арасында футбол турнирі

Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінде студенттер арасында кіші футболдан облыстық турнир өткізілді. Оған қаламыздағы арнаулы оқу орындарынан жасақталған 11 топ қатысты.

Футбол турнирінің өткізілуіне облыстық жастар ресурстық орталығы және облыстық жастар мен балалар ұйымының қауымдастығы қолдау көрсетті.

Іс-шараның басты мақсаты — бұқаралық спорт түрін дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттай отырып, достық қарым-қатынасты нығайту құқық бұзушылықты азайту. Қазіргі таңда облыста кәмелетке толмаған 85 жасөспірім тіркеуде тұр. Оның 30-ы — қылмыс жасағандар.

Мен спорт факультетінің студентімін. Колледж тарапынан ұйымдастырылған турнирлерге әрдайым белсене қатысамын. Болашақта әлемдік футбол командаларға қарсы тұратын мықты команда жасақтағым келеді, — деді көпсалалы АГУ «Тарлан» колледжінің студенті Алтынбек Құрманбек.

Облыстық жастар мен балалар ұйымы қауымдастығының төрағасы Жандос Табылғановтың айтуынша, бұл турнирге қатысушылардың түгелге жуығы қаламыздағы арнаулы оқу орындарының студенттері. Тек бір ауданнан келген «Жайсаң» командасы бақ сынады.

Кіші футболдан өткізілген турнирге құрылыс-монтаж колледжінің дене тәрбиесі пәнінің ұстаздары төрелік етті. Қатысушылар үздік ойыншы, үздік қақпашы, үздік қорғаушы сияқты арнайы номинацияларға ие болды.

Турнир қорытындысына сәйкес 1-орынды Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетінің жоғары колледжі, 2-орынды Ақтөбе политехникалық колледжі иеленсе,  3-орынды Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжі жеңіп алды. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button