Спорт

Жерлестеріміз ойсырата ұтты

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Каспий» — 4:0

8-9 қазан күндері 22-тур ойындары өтті.

«Тобыл» сырт алаңда турнир кестесінің екінші жартысында келе жатқан «Ақсудан» ірі есеппен ұтылды. Ал «Астана» «Ордабасы» командасын 6:0 есебімен оңдырмай ұтты. «Қайрат» пенальтидің арқасында «Атырауды» жеңді. «Мақтаарал» өз алаңында «Ақжайықты» жеңгенімен, ең соңғы 14-орыннан ілгері жылжи алмады. Екі кездесуде есеп ашылмады. Турнир кестесінде алғашқы алтылықтың орындары өзгерген жоқ.

Ал чемпионат басталғалы 154 кездесу (85%) өткізіліп, 391 гол соғылды. Қақпаларға орта есеппен әр ойында 2,54  голдан өткізілді.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Ақтаудың «Каспий» командасын қабылдады.

Соңғы екі турда жеңіске жеткен ақтаулықтар бұл жолы да ең болмаса бір ұпай алып кетуден дәмелі болған шығар-ақ. Ал өткен турда үш ұпай жоғалтқан жерлестеріміз сол олқы тұстың орнын толтыруды ғана көздегені анық.

Кездесу алма-кезек шабуылдармен басталғанымен «Ақтөбе» бірден-ақ қарсыластар қақпасына шүйілумен болды. Арман Кеңесовтің қауіпті соққысы қиыс кеткен соң футболшыларымыз іле-шала қақпаға тағы бір шүйілді. Сол шақта допқа секіре ұмтылған Жерар Гоуды «Каспийдің» қақпашысы Алексей Козлов дөрекі түрде сұлатып түсірді. Бұл футболшыны ауыр жарақат алуға соқтыратындай қауіпті қимыл еді. Төреші Рүстем Омаров он бір метрлік нүктені көрсетті. Нүктеге келген Әлібек Қасым қателескен жоқ — 1:0.

Бұл есепті одан әрі ұлғайту таймның соңына дейін созылды. Рас, Арман Кеңесов 42-минутта нысанаға жақын жерден тепкен доп қақпаның сол жақ бағанасына тиіп кері серпілді. Дегенмен арада бір минут өтер-өтпесте күткен гол соғылды. Қарсыластар алаңында жүрген Жерар Гоу ақтаулық футболшылардың асықпай пас алмасуға тырысқан сәтіндегі ұқыпсыздығын тамаша пайдаланып кетті. Тарас Бондаренконың аяғына келген допты шапшаң қимылмен қақшып түсті. Сөйтті де ілгері ентелеп барып, допты оң жақ қапталында ыңғайлы позицияда келе жатқан Максим Самородовқа ысыра салды. Ал Максим алдынан атып шыққан қорғаушыны алдап өтіп, одан әрі қақпашыны да қапы қалдырып, допты қақпаға сүңгітті де жіберді — 2:0.

Осымен бірінші тайм да бітті.

Екінші таймда жерлестеріміз қонақтарды одан әрі тықсырумен болды. Тайм басында гол соғып кетерліктей кемі үш мүмкіндікті пайдаланудың реті келмеді. Бауыржан Байтана тепкен доп маңдайшадан сәл жоғары ұшты. Жерар Гоу бірнеше метр жерден қақпашыны дәл «көздеді». Арман Кеңесовтің оң қанаттан жасаған соққысына тағы да қақпашы тосқауыл болды. Ал төртінші мүмкіндікті тағы да Максим Самородов қалт жібермеді. Алаң ортасынан Әлібек Қасым әуелете тастаған допты айып алаңының шетінде жүрген Бауыржан Байтана қағып түсіп, қақпаға қарай соққы жасаған болатын. Ақтаулық Шафик Тигруджа допты әлсіз соққымен кері қайтарып үлгерді, дегенмен тап осы жерден табыла кеткен Максим дереу сол аяқпен қайыра соққы жасап, қақпа торын тағы да тулатты — 3:0.

Төртінші голды 67-минутта Бауыржан Байтана соқты. Қарсыластардың айып алаңының сол жақ сыртқы маңайынан Бауыржан айып добын орындауға келді. Орындады. Ол қитұрқы әдіспен жер бауырлата тепкен доп қорғаушыларды көктей өтіп, қақпаның оң жақ төменгі бұрышына лып етіп кірді де кетті — 4:0.

Ал кідірістер есебінен қосылған минуттарда алаң иелері тағы да екі рет гол соғуға таяу қалды.

Қай кездегідей де стадионды толассыз жаңғырықтырып отырған жанкүйерлерімізге футболшыларымыз осындай жеңіс сыйлады.

Кездесуден соңғы сұхбатта «Каспийдің» бас бапкері Николай Костов ұтылыстың басты себебін өз шәкірттерінің допқа таласта алаң иелеріне есе жіберіп ала бергендігімен (яғни тарыдай шашырап қалғандығымен) түсіндірді. «Бұл есеп — заңды нәтиже», — деп мойындады.

Сөйтіп, жерлестеріміз биылғы чемпионатта екінші рет ірі жеңіске жетті. Бұдан бұрын, 26 маусымда «Астананы» 4:1 есебімен жеңген болатынбыз.

Енді алдымызда аса жауапты төрт кездесу тұр: «Тобыл», «Ордабасы» командаларымен сырт алаңда ойнасақ, «Тұран», «Қайрат» командаларын өз алаңымызда қабылдаймыз. Бізді жанкүйерлер күтіп отырған кезекті (алтыншы) чемпиондық тұғырға, бұйырса, осы ойындардағы мығым шеберлігіміз жеткізуі тиіс. Мына ойын сол шеберлік біздің футболшыларымыздың бойынан табылатындығын байқатып-ақ тұр.

Жігіттерімізге сәттіліктер тілейміз.

«Ақтөбе»-«Каспий» — 4:0

Гол авторлары: Әлібек Қасым, 20-минут, пенальти (1:0); Максим Самородов, 43-минут (2:0); Максим Самородов, 53-минут (3:0); Бауыржан Байтана, 67-минут (4:0).

Ескерту қағазын алғандар: Әлібек Қасым, 25-минут; Артурас Жулпа, 72-минут; Рамазан Оразов, 72-минут; Владимир Гинаитис, 78-минут; Йоахим Адукор, 90+2 минут («Ақтөбе») — Алексей Козлов, 19,-минут; Әлішер Сүлей, 85-минут («Каспий).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Әділхан Таңжарықов (Рустам Темірхан, 90-минут), Артурас Жулпа (капитан), Әлібек Қасым, Владимир Гинаитис (Эрнест, 90-минут), Рамазан Оразов, Йоахим Адукор, Бауыржан Байтана (Сердер Сердеров, 78-минут), Арман Кеңесов (Виталий Балашов, 67-минут), Максим Самородов (Ескендір Қыбырай, 90-минут), Жерар Гоу.

Запаста болғандар: Саша Стаменкович, Евгений Ситдыков (қақпашылар), Әлішер Әжімов, Юрий Логвиненко, Руслан Камболов, Рожерио Шина.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

8 қазан 2022 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 10 800 адам.

Бірінші айналымда, 8 мамырда «Каспийден» Ақтауда 0:2 есебімен ұтылғанбыз.

*   *   *

«Ақтөбе» командасы 22 кездесу өткізіп, 14 рет жеңді, 3 рет тең ойнады, 5 рет ұтылды. Ұпай саны — 45. Доп айырмашылығы — 34:22.

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 8 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 5 гол;

Сердер Сердеров, шабуылшы — 4 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 4 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 3 гол;

Максим Самородов, шабуылшы — 3 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Никита Маляров, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Йоахим Адукор, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Виталий Балашов, шабуылшы — 1 гол;

Руслан Камболов, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы — 1.

(Бір голды өз қақпасына Равиль Ибрагимов («Атырау») соғып алды).

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Атырау»-«Қайрат» — 1:2

37-минутта Матеус Бисси («Атырау») пенальтиді нәтижелі орындай алмады.

53-минутта Әділет Садыбеков («Қайрат») алаңнан қуылды.

«Шахтер»-«Тұран» — 0:0

«Тараз»-«Қызылжар» — 0:0

«Астана»-«Ордабасы» — 6:0

Бұл кездесуде Абат Айымбетов шымкенттіктердің қақпасына 4 минут ішінде жүдемелете 3 гол соғып (57,59,61-минуттар), хет-трик иесі атанды.

«Ақсу»-«Тобыл» — 3:0

«Мақтаарал»-«Ақжайық» — 1:0

*   *   *

22-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 45 ұпай
  2. «Астана» (Астана) — 41 ұпай
  3. «Тобыл» (Қостанай) — 38 ұпай
  4. «Қайрат» (Алматы) — 36 ұпай
  5. «Ордабасы» (Шымкент) — 32 ұпай
  6. «Шахтер» (Қарағанды) — 31 ұпай
  7. «Ақсу» (Павлодар облысы) — 29 ұпай
  8. «Каспий» (Ақтау) — 29 ұпай
  9. «Атырау» (Атырау) — 28 ұпай
  10. «Тараз» (Тараз) — 26 ұпай
  11. «Тұран» (Түркістан) — 25 ұпай
  12. «Қызылжар» (Петропавл) — 23 ұпай
  13. «Ақжайық» (Орал) — 22 ұпай
  14. «Мақтаарал» (Түркістан облысы) — 21 ұпай

*   *   *

23-тур ойындары 14-15 қазан күндері өтеді.

14 қазан, жұма

«Каспий» — «Мақтаарал»

«Ордабасы» — «Шахтер»

«Ақжайық» — «Тараз»

«Тұран» — «Ақсу»

15 қазан, сенбі

«ТОБЫЛ» — «АҚТӨБЕ»

«Қызылжар» — «Атырау»

«Қайрат» — «Астана»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button