Мәдениет

Ақтөбе хор өнері бесігіне айналды

«Жұбанов көктемі — 2011»:

Дәстүрге айналған «Жұбанов көктемі» фестивалі — Ақтөбе жұртшылығы әр жыл сайын сағына күтетін мереке. Биыл осы мереке аясында Халықаралық хор музыкасы фестивалі өткізілді.

Фестивальды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, сондай-ақ Ақтөбе облыстық әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды.  Фестиваль сәуірдің 22-23 жұлдызында, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өтті. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ көршілес Ресей, Қырғызстан елдерінен келген ұжымдар — барлығы 16 ұжым — өнер көрсетті.

Көрерменге ұжымдардың әрқайсысы 6-11 туындыдан ұсынды. Әр ұжым бағдарламасында міндетті түрде Ахмет Жұбановтың немесе Ғазиза Жұбанованың бір шығармасының болуы — фестивальдың басты шарты болып табылады.

Қазақстанның халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы хорды дирижерлеу кафедрасының меңгерушісі Базарғали Жаманбаев төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен әртүрлі аталымдар бойынша  үш ұжым Гран-при — бас жүлдеге ие болды, олар — Орынбор қаласынан келген Муниципальдық камералық хор; Алматыдан келген «Алатау» жастар хоры және Астана қалалық мемлекеттік филармониясының камералық хор ұжымы.

Сонымен қатар алматылық ұжым — «Алатау» жастар хоры — «Ахмет Жұбанов туындысын үздік орындағаны үшін»; ал Астана қалалық мемлекеттік филармониясының камералық хоры «Ғазиза Жұбанова туындысын үздік орындағаны үшін» арнайы жүлделерге ие болды.

Басқа ұжымдар түрлі аталымдар бойынша бірінші, екінші және үшінші жүлделі орындарды бөлісті. Сондай-ақ жекелеген өнер иелері — барлығы 20 адам — «Үздік концертмейстер», «Үздік хормейстер», «Үздік орындаушы» аталымдары бойынша марапатталды. Олардың арасында біздің жерлестеріміз — Г. Красильников, А. Сматов, А. Шайғазина, А. Сайынова, А. Есмұратова және Б. Якубов бар.

Соңынан фестиваль қонағы — Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының хор ұжымы концерт берді.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button