Мәдениет

Кітап — киелі мұра

С.Бәйішев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында «Кітап — киелі де кемеңгер мұра» атты  кеш өтті.

Кешке философия ғылымдарының докторы, профессор А.Айталы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Б.Жүнісов, С.Бәйішев атындағы экономика және басқару кафедрасының аға оқытушысы Р.Серғалиева, Ә.Молдағұлова атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқытушысы Ш.Бисембина және «Дүние», С.Бәйішев атындағы университеттерінің студенттері мен Ә.Молдағұлова атындағы колледж оқушылары, кітап жанашырлары қатысты.

Мерекелік шараға келген қонақтар жастарға кітаптың құндылығы туралы қызықты әңгімелер айтып, кітаптарын тарту етті.  «Кітап — өмір ұстазы» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.  Көрмеге кітапхана қорындағы аса құнды және сирек кездесетін кітаптар мен жаңа әдебиеттер, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың соңғы жылдары жарық көрген  жаңа еңбектері, электронды кітаптар жинақталған.

Көрменің «Құндылық бастауы — кітап» атты бөлімі кітаптың шығу тарихы туралы мәлімет беретін  әдебиеттермен қамтылған. Ал «Сирек кездесетін кітаптар» бөлімінде 18-19 ғасырдағы   құнды басылымдар сақталған. Ең кіші кітаптар да көрмеден орын алды.

Ұлт көшбасшысы Президент  Н.Ә.Назарбаевтың ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Жаңа Қазақстан» сериясы бойынша шығып жатқан «Қазақстандағы Президенттік билік: жемісті 20 жыл», үш тілде жарық көрген   «XXI ғасыр — Қазақстанның жұлдызды ғасыры» атты еңбегі, «2020 стратегиялық жоспарлары: Көшбасшылыққа бастайтын қазақстандық жол» атты еңбектері де көрмеге қойылды.

Кітапхана қоры 2000 жылдан бері «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шығарылып  жатқан кітап серияларымен,   мемлекеттік тапсырыс бойынша «Астана», «Жазушы», «Аударма», «Елорда», «Ан Арыс», «Фолиант», «Өнер»,  т.б. баспаларынан келіп түсетін кітаптармен үнемі толықтырылып отырады. «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» және «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» электрондық нұсқадағы антологиялары да бар. Сонымен қатар көрмеге «Алтын қалам» сериясы бойынша шығарылып жатқан  ақын, жазушылардың шығармалары да  қойылды.

Света ЕЛЕУБАЕВА,

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми

кітапханасының библиографы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button