Ауыл

Бөгетсайлықтар жеңіс тұғырынан көрінді

  • Хромтау

Көктау ауылында аудан әкімінің жүлдесіне арналған спорттық шара өткізілді. Оған 14 ауылдық округ пен Хромтау қаласынан 500-ге жуық адам қатысты.

Сайыстың мақсаты — жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу.

​Жарысқа ел біріншілігіне, жоғарғы, ұлттық лигаларда өнер көрсеткен спортшылардан басқа кәмелет жасқа толған азаматтардың барлығы қатысу мүмкіндігіне ие болды. Олар асық ату, волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, гір көтеру, қол күрес, үстел теннисінен жарысып, өз ауылдарының намысын қорғады. Сондай-ақ жарыс ережесіне сәйкес, бір спортшының бірнеше ойын түрінен  бақ сынасуына рұқсат етілді.

​— Сайысқа волейбол, теннис, асық ату, тоғызқұмалақтан Тасөткел ауылының атынан қатысып жатырмын. Бала күнімнен волейболға қатысып, спорттық додалардан жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Бүгін де бар күш-жігерімді салып, өнер көрсетуге тырыстым, — дейді қатысушылардың бірі Әсемай Нұрлан.

​Спорт сүйер қауымның басын қосқан шара екі күнге жалғасты. Асық атудан жарыс жеке және командалық түрде өткізілді. Волейболдан  командалар үш кезең бойынша жарысқан болса, шағын футболдан әрқайсысы он адамнан құралған он төрт команда сайысқа түсті. Ал тоғызқұмалақтан жарыс Мәдениет және спорт министрлігі спорт және денешынықтыру комитетінің бекіткен ережелері бойынша ұйымдастырылды. Қазақ күресінен, қол күрестен алаңға 60 және 90-нан жоғары салмақ дәрежесіндегі спортшылар шықты. Гір спортынан қатысушылар алдымен 68 және 95-тен жоғары салмақ дәрежесіне бөлініп, қарсыластарын жеребе тастау бойынша таңдады.

Тартысты сайыс нәтижесінде жалпыкомандалық есепте Бөгетсай ауылының командасы жеңіске жетіп, 500 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал Дөң ауылының командасы ІІ орынға тұрақтап, 300 мың теңгені, Құдықсай ауылының командасы ІІІ орынға табан тіреп, 200 мың теңгені ұтып алды.

Жанел ӨТЕУЛІ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button