Тарих

Ұжымдастыру қазақ ауылын күйретті

  • Қуғын-сүргін

Кеңес билігінің ұлттың болмысы мен мәдениетін өзгерту мақсатымен жүргізген саясатының бірі — оның дәстүрлі шаруашылығын жоюға бағытталған шаралар еді. Серіктік, артель, кооперациялар құрудың арғы жағында елдің болмысының тұтастығы мен рухани тереңдігін сақтап тұрған тұлғалар институтын әлсірету, яғни қазақтың байларын түгелдей жою саясаты тұрды.

Сол кездегі қазақ қоғамындағы елге жаны ашитын, іскер адамдарды жаппай қудалау, репрессияға ұшыратудың салдарынан, соңында ұлттың өзі де жойыла жаздағандығына тарих куә. Ұлттың шаруашылығы — қашан да мемлекеттің негізгі тірегі. Елдің мәдениеті мен шаруашалығы бірі-бірімен тығыз байланысты. Шаруашылық — ғасырлар бойғы ұлттық тәжірибенің негізінде жетіліп отыратын дүние. Ал ұлттық тәжірибе дегеніміз — ұлттың интеллектуалдық мүмкіндіктері, іскер адамдардың жасаған иігіліктері. Ұлт шаруашылығының жүргізілу тәртібі, әсіресе оның тәжірибелері алдыменен атамекен жағдайына байланысты болады. Қазақ даласы мал шаруашылығына қолайлы болғандықтан, мұнда көшпелі тұрмыстағы шаруашылықты жетілдірудің тәсілдері әуелден берік қалыптасқан. Қазақ хандығына дейінгі мәдениетіміздің өзінде осындай шаруашылықты жүргізу тәртібі сақталып отырған. Сондықтан қазақтың көшпелі негіздегі мал шаруашылығындағы тәртіп пен тәжірибе ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан. Ал байлар кешегі аумалы-төкпелі кездерде осының барлығын сақтап, сол арқылы қазақ қоғамының болашағына қызмет етіп отырған адамдар болатын.
Патша билігі тұсында қазақ қоғамы өзінің негізгі дәстүрлі институттарынан қол үзгенімен, байлар мен діни адамдар ұлт болашағы үшін барынша күресіп келді. Патша билігі қазақ даласындағы стратегиялық маңызы бар жерлерге бекіністер салып, әскерін мықтап бекітіп алған тұста, қазақтың ел басқарған адамдары елдің тұтастығын сақтау мақсатымен халықты айналасына шоғырландырып отырған. Қазақ қоғамының ішкі құрылымын өзгертпеу үшін, патша билігіне қарасты болыс, сот қызметтеріне де барынша араласуға тырысқанын көреміз. Осы қызметте жүріп олар қазақ қоғамындағы шаруашылық пен діннің көтерер жүгін барынша сақтап отырды. Патша билігі қазақ қоғамын белгілі бір тәртіппен ұстау үшін, арнайы дін қызметкелерін тағайындап, жер-жерлерге жіберіп отырса да, қазақ байлары осы саясатқа қарсы тұра алатын мешіт, медреселерді ұстады, мұның өзі қазақтың өз ортасынан шыққан үлкен діни қайраткерлердің, алаш зиялыларының қалыптасуына әсер етті. Егер сол кезде қазақтың байлары осындай іс жасамаса, алаш зиялылары да болмаған болар еді.
1932 жылы «Актюбинская правда» газетінің беттерінде ұжымдастыруға қатысты облыс басшыларының баяндамалары қайта-қайта жарияланып, колхоздастыру жұмыстары насихатталып отырған. Сол кездегі ОблЗУ басшысы Тирановтың «Қазақ ауылындағы ұжымдастырудың жайы және кезекті міндеттер туралы»  баяндамасын қарайтын болсақ, облыста 1932 жылдың өзінде кеңес үкіметіне қарасты 84 мың қожалық бар екені жазылған және оның 68 мыңы қазақ қожалықтары деп көрсетілген. Жалпы сол кездегі ұжымдастыруға қатысты мақалалардың барлығы да дәстүрлі ұлт шаруашылығының тиімділігін терістеп, ұлттық сананы жоққа шығаруға, жоюға бағытталған.
Егер сол кездегі қызылдар билігі расымен де, ел экономикасын көтеруді көздесе, ұлттың бұрынғы тәжірибесін ескеріп, іскер адамдарын қолдаған болар еді. Шаруашылықты жүргізудің тәртібін меңгерген кісілердің тәжірибесін қоғам үшін пайдалану қажет еді. Өкінішке қарай, кеңес билігі бұлай жасаған жоқ. Жөн білетін адамдарды қудалау күнбе-күн күшейді. Сайлау құқынан айыру, партиялық тазалау, ал одан кейін ұлт болашағына қарсы күрес оқу орындарын тазалауға дейін ұласқан. Бұған терең үңілген адам сол кездегі қазақ қоғамына үлкен зардап әкелген ұжымдастыру науқаны барысында большевиктер тарапынан, негізінде, екі нәрсенің ғана көзделгенін байқайды. Біріншісі — ұлт зиялыларын, елдің бетке ұстар адамдарын (оларды қуғындап, әлсірету арқылы) түгелдей жойып жіберу. Екіншісі — қарапайым адамдардың күшін, тегін пайдалану, қазақ ауылдарын ет дайындау үшін табиғи өнім көзіне айналдыру. Егер қазақтың байлары, басқа да зиялы адамдары әлсіреп, түгел жойылмаса, халықтың бұған көнбейтінін большевиктер жақсы білген.
Ұжымдастыру кезінде халықтың күші молынан пайдаланылды. Жалған саясатпен отырықшы қылудың негізінде шаруашылықты басқаға тәуелді қылу мақсатының болғанын ескеру керек. Елдің бар жиғанын тартып алып, одан соң шаруашылықты ортақ қылғанда, пайда басқа жаққа түсіп отырады. Кедейлердің мүддесін қорғаймын деген қызылдардың өзі қанаушы күшке айналған. Адамды кеңестік саясатқа толықтай бағындыру үшін, қоғамның есігі жан-жақтан мықтап жабылды. Жеке басының бостандығы, ұлттың мүддесі үшін қарсылық білдіргендер бірден партиялық тазалауға іліккен. «Жергілікті ұлтшылдықпен күрес» деген нәрсе большевиктік күш көрсетудің ұранына айналды.
1932 жылы Голощекин кеңес қоғамына жат элемент ретінде саналған адамдардан тартып алынған мал-мүлікті және ет, астық дайындау науқанын үлкен жетістік деп атаған. Оның баяндамаларында осы сарындағы сөздер жиі кездеседі: «Надо напомнить, прежде всего, то что еще в 28 году, несмотря на огромные сдвиги к тому времени в сравнении с прошлым, Казакстан был краем архиаграрным. Казакский аул в то время был в основным кочевым и полукочевым, с исключительно тебеневочным, полунатуральным животноводическим хозяйством. Животноводство было исключительно неустойчивое… В общественных отношениях аула еще господствовал полуфеодальные отношения; эксплуатация населения со стороны полуфеодалов проходила на основе их экономической мощи и использования пережитков родовых отношений…».
Байыппен қарасақ, қазақ — қашаннан төрт түлік мал өсіруді тірек еткен шаруашылыққа тұрақтауды ерте түсінген халық. Бұның түпкілікті себебі, әрине, уақыттың, жердің жағдайына байланысты. Бұндай елдің қоғамында байлар ел экономикасына пәрмен беретін негізгі институт, большевиктердің өзі жиі қолданған сөзбен айтсақ, негізгі өндіргіш күштер болып табылады. Байлар қоғамдағы негізгі үйлестіруші, ауыл-аймақтың тұрмысына жауапты адамдар болатын. Кеңес билігі құрылған тұстың өзінде, қазақтың байларында шамамен 3-5 мың жылқы болған дейді білетін кісілер. Ал қарапайым ауыл адамдарында 200-300-дің үстінде қой, 20 сиыр, 50 жылқы, 10-20 түйеден болған. Осы себептен байлар жерді сақтау үшін, патша билігімен келісімге келе отырып, далалықта бөлек отырған. Әлихан Бөкейханов жазғандай, «Жер көп болса, мал бақса, бұл шаруаны қылған жұрт малмен бірге көшіп жүрген. Жер аз болса, жердің һәуасы егінге қолайсыз болса, мал шаруасын ұстап отырып, малды көшіріп қойып, жұрт өзі отырықшы болған».
Қазақ хандарының заманында да байлардың рөлі жоғары еді. Байлар тарихта сол заманның деңгейінде ата кәсіптің түрлерін түгелдей сақтап отырған. Қазақтың азық-түлік технологиясына қарап, қарапайым болса да, жаңа уақыттың жаңа тәжірибесіне ілесе алатын мүмкіндіктің қашан да болғандығын ескеру қажет. Қазіргі уақытпен қарайтын болсақ, сол кездің өзінде қазақ қоғамында экономиканы тұрақтандыру бағыты дұрыс қалыптасқан. Бұл мал, егін шаруашылығымен байланысты экономика, сауда байланыстарын жетілдіру болатын.
Барлық кезде де қоғам, билік тарапынан шынайы іскерлік бағалануы керек еді. Ал әділетсіздіктің, түрлі қысымның салдарынан қазақ ауылдары үлкен қиыншылыққа ұшырап жатқан тұста, кеңес билігі бір ғана ет, астық өнімдері бойынша Қазақстаннан мол пайда тапқан. Мұны баяндамаларында Голощекиннің өзі көрсетеді.
Кеңес билігі тарапынан саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың тағдырын зерттеуде мына нәрсені ескерген жөн. 1928 жылы біздің облыстан мал-мүлкі тәркіленіп, Қарқаралыға жер аударылғандар саны — шамамен 70 адам. Олар —кеңес билігі тарапынан ірі байлар деп танылған адамдар. Осы кісілердің мал-мүлкін тәркілеудегі жеке істерінде, Алашорда қызметін қолдады, олардың жасақтарына қолдау көрсетті деген «айыптар» жазылған. Бұлардан тартып алынған мал саны қасақана аз көрсетілген секілді. Әр адамнан тәркіленген жылқылардың саны — 500-600-дің шамасында. Шын мәнінде, олардың малы бұдан көп болған. Ал тартып алынған малдың қай жолмен сыртқа жіберілгені белгісіз. Кейбір деректер бойынша, біздің облыстың аудандарындағы байлардан тартып алынған жылқыларды үйір-үйірімен Орск қаласындағы ет комбинатына айдап апарған. Айдап апарған жылқылардың кейбір үйірі ауылына қайта қашып келген көрінеді. Темір жол арқылы да тәркіленген малдар сыртқа жөнелтілген. Тәркіленген жылқыларды шаруаларға пайдалануға кредитке бергені жөнінде де деректер кездеседі. Мәселен, «Степная правда» газетінің 1929 жылдың 12 наурызындағы санында «Животноводсоюз Сев. Зап. области снабжает к весеннему севу бедноту и колхозы несколькими тысячами лошадей в кредит», — деп жазылған.
Облыстық мемлекеттік архивтің 63-қорында ет дайындауға қатысты арнайы құжаттар сақталған. Мәселен, 1930 жылы 28 шілдеде Ақтөбе окружком конторы жанындағы «Союзмясо» төрағаларының ет дайындау шараларына қатысты жиналысы өткен. Сонда облыс бойынша ет дайындау жұмыстарының баяулап қалу себептері қаралған. Жиналысқа «Союзмясо» басшысы Верзунов, Дудник, «Живсоюз» өкілі Лимонов, Скотоводтан Лакер, Егоров, мембанктен Глазков, Магбунов, сауда бөлімінен Крутиков, «Казторгтан» Подкуко, мал дәрігерлік бөлімнен Иванов және т.б. өкілдер қатысқан. Жиналысты «Союзмясо» басшысы Верзуновтың өзі жүргізген. Жиналыс барысында жасалған баяндамаларда мынадай деректер келтірілген: «По имеющимся сведениям на 26 июля «Скотоводу» передано системой «Союзмясо» 5 757 голов и «Живсоюзом» на 13/VІІ-30 года 3 730 голов. Причинами тормозящими комплектование стад совхозов являются массовые случая задержки или маточного скота находящегося на передержке или со стороны населения, так и районных организаций наличием задержание некоторых пунктов…». Бұл 1930 жылғы аз уақыт ішіндегі жағдай. 1930 жылдың бір айының өзінде бір ғана Ақтөбе облысынан осынша мың бас мал етке тапсырылса, 1928 жылдан бастап «бай», «кеңес үкіметіне қарсы элемент» деп танылған адамдардан тәркіленген малдың саны қанша боларын шамалай беріңіз?
Байлар мен басқа да ауқатты адамдардың мал-мүлкін тәркілеу 1930-1931 жылдары да, тіпті одан кейін де жүргізілгенін ескеру қажет. Кеңес билігі құрылғанға дейін қазақ ауылдарында мал саны аз болмаған. Халықтың қолында жақсы тұрмыс кешуге жеткілікті мал болған. Ал 1929 жылдан кейін бұндай мүмкіндік қалған жоқ. Сөзі мен ісі бір-біріне қайшы келетін тәртіп, түрлі науқандар елді үлкен қиындыққа әкеп тіреді. Көп адамды бай болмаса да, бай деп танып қудалау, кедей болмаса да, кедей деп танып, колхоздың жұмысына мәжбүрлеу орын алды. Бұған көпшілік амалсыздан көнді, көнбегені қуғындалды, аштықтың, кеңестік саясаттың құрбанына айналды, басқа жаққа кетуге мәжбүр болды. Айналып келгенде, бұның соңы ел мәдениетінің түп-тамыры саналған қазақ ауылының жойылуына әкелгенін көреміз. Ауыл келбетін өзгертудің, ел ішінде үлкен мәдени орталыққа айналған мешіт-медреселерді таратудың астарында үлкен саясат болды. Облыстық мемлекеттік архивте сақтаулы деректерге жүгінсек, 1929-1930 жылдардың өзінде қазақ ауылдарында (большевиктер бірыңғай қазақтар отырған жерлерді солай атаған) мал саны көп болған. Мысалы, Ақтөбе округіндегі 1929 жылғы тері өңдеу көрсеткіші бойынша құжаттар сақталған. Осы деректерде кездесетін мал санына келер болсақ, қазақ ауылдарында 252 963 жылқы, 595 418 сиыр, 1 221 125 қой, 277 545 ешкі, 231 775 түйе болған. Ал болшевиктер айтқан орыс ауылдарына келсек, олардағы колхоздар есебінде 39 905 жылқы, 164 577 ірі қара, 161 620 қой, 9 218 ешкі, 2 356 түйе тіркелген.
1929-30 жылдарға арналған тері өңдеу жоспарында 1-тоқсанда — 22 мың ірі қара, 70 мың қой, 2-тоқсанда — 44 мың ірі қара, 140 мың қой, 3-тоқсанда — 27 500 ірі қара, 35 мың қой, 4-тоқсанда 15 500 ірі қара, 105 мың қойдың еті мен терісін сыртқа  жіберу керектігі көрсетілген. Осы жоспар бойынша бір жыл ішінде сойылатын малдың саны 110 мың ірі қара, 350 мың қой делінген.
Тарихтағы қазақ қоғамында төрт түлік негізгі әлеуметтік ресурс болғандықтан, мал саны аз болмауы керек еді. Айналып соғып отыратын табиғи апат тағы бар. Ол үшін жердің үстіндегі байлық күні бұрын қорғалуы тиіс. Осындай бірінен соң бірі туындап отыратын қажеттіліктер елге үлкен міндет болып жүктелген. Негізгі міндет — елдің тазалығы мен тұтастығын сақтаумен бірге, жердің де тазалығын, тұтастығын қорғау, соған бейімделген шаруашылықты дамыту еді. Кеңестік ұжымдастыру осы игілікті жойып жіберді.

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button