Мәдениет

Бақыт өзара түсіністіктен басталады

Тәуелсіз елмен құрдас шаңырақ

Еліміз тәуелсіздік алған жылы отбасын құрғандардың бірі, қала іргесіндегі Кеңес Нокин атындағы ауылдың тұрғындары — Берік Байтілесов пен Шынасыл Аязбаева.

Отағасы Берік 1967 жылы 23 сәуірде Ырғыз ауданының Ырғыз селосында, ал, зайыбы Шынасыл 1967 жылы 28 ақпанда аталмыш ауданның Қызылпартизан ауылында дүниеге келген. Енді екеудің әңгімесіне құлақ түрсек…

–– Сіздер әу баста қалай таныстыңыздар?

–– Берік: Мен бала күнімнен ешкімге есесін жібергісі келмейтін тентектеу болып өстім. Сондай мінезділігімнен болса керек, ауыл адамдары менің есімімді жақсы білетін. Жұрт аузында көп айтылып жүргесін Шынасыл мені ұзын бойлы, аққұба жігіт деп ойлапты. Алғаш екеуміз 1988 жылы ауылда бір кеште таныстық. Мен жайлы бастапқыда әлгіндей ойда болған ол көргенде «бойы бір қарыс, өзі қап-қара» деп менсінбеген. Бірақ кейін бір-бірімізді ұнатып, жақсы көрдік. Өзара достығымыз екі жылдай уақытқа созылды. Сөйтіп, 1991 жылы тамыз айында бас қосып, үйленуді жөн көрдік. Үйленгеніміздің өзі бір әңгіме.

Бес жасымда әкем қайтыс болып, әкемнің қарындасы Қазина апамның қолында тәрбиелендім. 1991 жылы сол апам қатты ауырып жатып қалды да, менің уақыт оздырмай тездетіп үйленуімді қалады. Мен Шынасылға барып, апамның ауырып жатқанын, көзі тірісінде мені үйлендіргісі келетінін айтып, тамыз айын күтпей-ақ маусым айында үйленейік дедім. Бірақ оған ол көнгісі келмеді. Бір ай бұрын немере ағасының о дүниелік болғанын, қырық күндігі өтпей тұрмысқа шыға алмайтындығын айтып тұрып алды. Содан не керек, Ақтөбеде тұратын  Жанкүміс есімді апасына барып, ақыл-кеңес сұрадық. Апасы мені тыңдап алды да, сіңлісіне қарап: «Түбі осы адамға шығатын боп шешкен болсаң, несін күтесің? Жағдайын айтып тұр екен, бар» деді.

Содан 1991 жылдың 16 маусымында үйлендік.  Біз үйленген күннен 4 күн өткен соң, апам о дүниелік болды.

–– Еліміз тәуелсіздік алған жылы жаппай жекешелендіру, қысқарту жүріп, ауылдағылардың көбінің біраз қиындық көргені белгілі. Тұрмыс қиыншылығы сіздерді де айналып өтпеген болар?

–– Берік: Иә, ауылда жұмыс орындары қысқартылып, көбі жалақысын ала алмады. Азық-түлік талонмен берілді. Еліміз сондай бір қиын кезеңдерді басынан кешірді ғой. Қолымызда бір ғана сиырымыз болды, басқа малымыз болған жоқ. Күнкөрісіміз қиындай бастаған соң, үйімізді өзімнен кейінгі ініме қалдырып, 1994 жылы қалаға көшіп келдік. Қалаға келген соң, Шынасылдың апа-жездесінің үйінде тұрдық. Қаладағы ет комбинатына жұмысқа орналастым. Онда жақсы жұмыс істеп, еңбегім еленіп, комбинаттың жатақханасынан бір бөлме берілді. Ауылда қалған інімді көшіріп әкеп, оны соған орналастырдым. Бір жылдан соң жұмыс орным тағы бір бөлме берді. Оны ең кенже ініме сыйладым. Өзімнен бұрын бауырларымның тұрмысын түзегім келді.

Біз әкеден төртеуміз, өзімнен үлкен апам, мен және екі інім. Әкем қайтқан соң, анамыз кенже інімді алып, оңтүстік өңірі жақтағы төркініне кеткен екен. Кейін кенже інім ауылға ағалары, бізді іздеп келді. Інімнің туу туралы куәлігінде фамилиясы біздікінен басқаша екен. Ашуланып, құжатын жыртып тастап, әкеміздің фамилиясына жаздыртып алдым. Сөйткен бауырларыма тұрмыс қиыншылығын көрсеткім келмеді, екі інімді де үйлендіріп, ел қатарлы үй еттім.

1997 жылы ет комбинатындағы жұмыстан шығып, саудамен айналыстым. Шымкент, Түркістан өңірлерінен зат тасыдым, шаруашылық бұйымдарын саттым. Қазіргі үш бөлмелі үйді сауда жасап жүріп, сатып алдым. Кейін Қ.Жұбанов атындағы университетке оқуға түсіп, еңбек технологиясы және кәсіпкерлік бөлімі бойынша бітірдім. Оқу бітірген соң, әскери салаға жұмысқа тұрдым. Бүгінде ауыл шаруашылығы колледжінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беремін.

–– Шынасыл: Мен де кезінде жұмыс таба алмай, саудамен айналыстым. Бірақ қазір, құдайға шүкір, жұмысым бар, қала сыртындағы «Чайка» санаториясында бала күтушісі болып жұмыс істеймін. Қиындықты бірте-бірте жеңіп келе жатқандаймыз.

–– «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды» демекші, сіздерде ондай оғаштық болып тұра ма?

–– Шынасыл: Иә, кейде ондай түсініспеушілік болып тұрады. Бірақ көпке ұзамай қайтып татуласып жатамыз.

–– Берік: Көбіне ашу шақыратын –– мен ғой. Мінезім қызбалау, сол себепті болар, ашуым да тез, қайтымым да тез. Зайыбымның салмақты жүзіне қарап, басыла қоям.

–– Сіздерше, отбасылық ғұмырдың ұзақ, әрі босағаның берік болуына көбіне әсер ететін не?

–– Шынасыл: Менің ойымша, тұрмыстық қиыншылықты бірге көрген ерлі-зайыптылардың шаңырағы шайқалмайды. Өкініштісі, қазіргі жастар өмірдің қиындығына төзгісі келмейді. Бір-бірінің бойындағы анау-мынау кемшіліктерді жасыруға тырыспайды.

Мысалы, біз отағасым екеуміз қосылған соң, тұрмыс қиындығын көп көрдік. Құдайға шүкір, бүгінде қиындықтың барлығы артта қалды. Алда енді жақсы күндер күтіп тұр деп ойлаймын. Олай болса, жақсы күндерді де неге бірге өткізбеске!? Отбасындағы ауызбіршілікті сақтау жөніндегі менің ойым осы.

–– Берік: Ерлі-зайыптылардың татулығы көбіне әйелге байланысты болады. Халқымыздың «жақсы әйел жаман еркекті адам қылады» деген мәтелі бар. Шынымен де солай деп ойлаймын. Әйелдің бойында ақыл мен сабыр болса, еркектің асау мінезін тезге салып отырады.

–– Отбасында екі жұп бір-бірінің көңіліне қарап, еркелетіп тұрмаса да болмайды деседі…

–– Берік: Зайыбымның мінезі өте салмақты. Барлық нәрсеге байыппен қарайды. Көбіне оны мен еркелетемін. Еркелету демекші, бұрын Ырғызда тұрғанымда көршім Самат Ержанов деген ағамыз үйіндегі зайыбын есімін толық атамай қысқартып, «Ореке» деп жататын. Шын есімі Орынкүл ғой. Соған қарап, бір жағынан таңқалып, екінші жағынан онша ұнатыңқырамай, өзімше іштей «туһ, әйелді сонша өйтіп атағаны несі?» деп ойлайтынмын. Кейін зайыбым Шынасылды қалай «Шәке» деп кеткенімді білмей қалдым. Көршіме күлемін деп, өзім соның кебін кидім.

–– Шынасыл: Отағасымның алғаш рет есімімді толық атамай, қысқартып «Шәке» дегені әлі есімде. Ол кезде біз 37 мүшел жасқа толған едік. Содан бері әлі күнге солай атап келеді. Тума-туыстары мен ағайындарының бәрі қазір «Шәке» деп жүр. Жалпы айқай да, жылы сөз айтып еркелету де отағасыма тиесілі нәрсе.

–– Берік: Иә, біздің Шәкең бәріне байыппен қарайтын адам. Бәлкім, мұным зайыбымның үйімдегі берекенің бастауы екенін ұғып, мойындағаным шығар. Шынымен, Шәкең өзін мойындатты маған. Асау едім, бүгінде мен де бәріне байсалдылықпен қарауды үйрендім. Өмір тірегі  әйел екенін қырықтан кейін ұққан сияқтымын.

–– Балаларыңыз да есейіп, ендігі өздеріңізге қолғанат болуға жарап қалған шығар?

––  Шынасыл: Үш қызымыз, бір ұлымыз бар. Үлкеніміздің есімі Бақытгүл, 1992 жылы дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы университетте информатика мамандығы бойынша 1-курста оқып жатыр. Одан кейінгі Баян және Сұлу есімді егіз қызымыз Благодар орта мектебінде 10-сыныпта оқиды. Есімдерін сіңлім Инабат қойған. Олардың өсіп, бойжетуіне де сол сіңлім көп қолұшын беріп келеді.

Егіз қызым бұдан 4-5 жыл бұрын «Егізім – қос қанатым» атты қала бойынша егіздер арасында өткізілген байқауға қатысып, үшінші орын алды. Жалпы балаларымыз сабақты жақсы оқиды. Оқу орындарында үлгілі оқушылар. Ал, кенжеміз Дәулет екі жарым жаста.

–– Берік: Зайыбым үш қыздан кейін бір ұл сыйлады. Ол қазір үйіміздің қуанышы, бәріміздің алданышымыз болып отыр.

–– Шынасыл: Төртінші баланы өмірге әкелуіме себеп болған мына ой еді –– «қыздарым өсіп, бойжетіп, өз жолдарын тауып кеткенде «соңымыздан ерген бауырымыз бар еді» деп, ұяларына іздеп келіп тұрса екен». Әке-шешенің орны бір бөлек те, шаңырақта тірек болып қалатын ұлдың орны бір бөлек қой.

–– Қазіргі заманда жас жұбайлар, жалпы ерлі-зайыптылар қандай қасиетті бойына сіңіргендері жөн деп ойлайсыздар?

–– Берік: Отбасын құрған екеуге алдымен түсіністік, сосын кешірімшілдік керек. Бір-бірімен түсінісе алған адамдар ғана отбасында бақытты бола алады. Ал, өткен-кеткенді көп қазбалап, тырнақ астынан кір іздеуге ұмтылғаннан ешкім жақсылық таппайды. Сондықтан, ерлі-зайыптылар әр өткен күнге, жүріп өткен жолдарға қарап, бір-бірін көбірек кінәламауы керек. Алдағы күндерге жақсылықпен жетуге тырысу қажет. Менің ұстанымым осы.

–– Шынасыл: Отбасында көбіне әйел адам ерінің анау-мынау еркелігіне кешіріммен қарағаны жөн. Сабырлылық сақтаған әйел отбасындағы кез келген қиындықты жеңе біледі. Демек, әйелдерге көбіне шыдам мен төзімділік керек.

–– Қандай арман-тілектеріңіз бар?

–– Шынасыл: Барлық ата-ананың арманы бір шығар. Біз де өзгелер секілді балаларымызды жеткізіп, солардың қызығын көрсек, жаман атын естімесек дейміз.

–– Берік: Иә, балаларымыз жақсы азамат болып өсіп, елге қызмет етсе, қатарынан қалмаса деп ойлаймыз. Ата-ананың бар қуанышы – балалары ғой.

–– Тұрмыстық тіршілік, бәрі қалыпты деңгейде десек те, кейде адам ойын әлдебір ойлардың түрткілеп тұратыны бар…

–– Берік: Мендегі ол ой – туған жерге деген сағыныш деп айтар едім. Қала тұрғынына айналып, қалалық болып тірлік кешіп жатсам да көкейімнен Ырғызым кетпейді. Кейде ырғыздық жастарға көмектесіп жүремін. Ырғыз жайлы айтылған әнге де, қандай да бір жаңалыққа да елең ете қалам. Туған жердің орыны бөлек.

Әңгімелескен Жанар НҰРҒАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button