Мәдениет

Асыл әжелердің әні

Өткен сенбіде «Геолог» мәдениет үйінде «Асыл әжелер» халықтық ән ансамблі тұрғындарға шығармашылық есеп беру концертін қойды.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қаракөз Сағынованың айтуынша, 2009 жылы «халықтық» статусына ие болған «Асыл әжелер» ансамблінің құрамында қазір 25 әже бар. Ең үлкені сексен жасқа жақындаса, жасы кішісі алпысты алқымдапты. Олардың дені — көп балалы, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған ардақты аналар, немере сүйіп отырған асыл әжелер.

Әнші әжелеріміздің репертуарында жиырмадан астам ән бар. Кеш шымылдығы халық әні «Сарбидаймен» ашылды. Осы кезде қашан көрсең де қолы қарап отырмайтын алтын қолды әжелер бірі жүн түтіп,  бірі ұршық иіріп, тағы бірі құрақ көрпесін ала шығып, сахна сәнін келтірді. Ақтөбелік сазгер Нұрталап Жүсіповтің «Жеңіспен жеткен ағалар» әнін орындаған әжелерді жас ұрпақ — М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің 2-сыныбында оқитын бір топ оқушы «Ел қорғауға әзірміз!» әнімен сабақтастырды. Төрт әже «Шалқардан ұшқан аққулар» әнін тамылжыта орындады. Бұдан соң халық әндері, Шәмшінің, Ескендір Хасанғалиевтің әндері шырқалды. Ансамбль құрылғаннан бері концертмейстер Шолпан Рсымбетова әжелердің әр әнін сазсырнаймен сүйемелдеп, оларға әр әннің иірімдерін қалай айтуды үйретіп келеді.

Немерелеріне үлгі-өнеге боп, ұлттық қолөнерді насихаттап, кұрақ көрпе жасап, жүн иіріп, тоқыма тоқып қана қоймай, жұртшылықты есті әндермен сусындатып жүрген әнші әжелердің бір-екеуін әңгімеге тартқан едік.

Ансамбльде құрылғанынан бастап ән айтып жүрген мүшелердің бірі — Халфия Әмірова. Төрт баласынан өрбіген он екі немеренің әжесі. М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің 4-сыныбында оқитын немересі Гүлшат та сахнаға әжесімен еріп шықты. «Біз ансамбльдің концерттік бағдарламасымен қала маңындағы селолық округтерге, сондай-ақ Шәмші ауылына бардық. Ансамбль құрылғанда бұрын танымаған замандастарымызбен таныстық. Қазір аралас-құралас боп кеттік», — дейді Халфия әже.

Ал Гүлара Шалабаева — он баласынан он бес немере сүйіп отырған әже.

— Қазіргі әншілердің арасынан маған Алтынай Жорабаева, Жанар Айжанова ұнайды. Тек ән айтып қана қоймаймын, би де билеймін. Біз осы «Геолог» мәдениет үйіне жиналамыз, концерттерге осы жерде дайындаламыз. Қаракөз ұйымдастырады, Шолпан бізді даярлайды, — деді Гүлара әже.

Кеш бойы жұртшылыққа жағымды әрі әсерлі әндер сыйлайтын ақ пейілді, ақжарқын әжелерге Қарғалы селолық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы  Ілескен Ізбанов жылы лебізін арнады. Қалалық мәслихат депутаты Қайырғали Арыстанғалиев кимешек иелеріне ыстық ықыласын білдіріп, ақшалай сыйлық табыстады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button