Мәдениет

Жеке білім ордасы — Тәуелсіздік жемісі!

Соңғы жиырма жылда жеткен жетістіктердің барлығы — Тәуелсіздіктің жемісі. Жиырма жылда талай биік белестерді бағындырдық. Елбасы Н.Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында еліміздің білім беру ісін дамытуда 129 елдің арасында көш бастаушылар қатарында келе жатқанын айтты.

Нарық талабына сай елімізде мемлекеттік оқу орындарымен бірге жеке оқу орындары да ашылған болатын. Солардың бірі — биыл іргесі қаланғанына 15 жыл толған  Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті.

Бүгінде халықаралық деңгейдегі оқу орны болуға ұмтылып отырған бұл орда қазір Батыс Қазақстан аймағындағы ірі жеке оқу орындарының бірі. 1996 жылдың тамыз айында Қазақ мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе бөлімі болып ашылған оқу орны келесі жылы Батыс Қазақстан экономика және қаржы институты болып қайта құрылды. 2001 жылдың маусымынан бастап академик С.Бәйішев атындағы университет статусын алған оқу орны қазір орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіби білім берумен айналысады.

Қазір университет экономика мен басқару ісі, қаржы мен ақпараттық технология, филология, педагогика, т.б. салалардағы біліктілігі жоғары мамандарды даярлауда жетекші оқу орындарының бірі болып отыр. Мамандарды даярлау экономикалық, гуманитарлық және жаратылыстану-техникалық мамандықтары бойынша жүзеге асырылады. 2001-2007 жылдары оқу орнынан екі мыңнан астам экономикалық, гуманитарлық-педагогикалық, техникалық бағыттағы мамандар, сонымен қатар жоғары кәсіби білімі бар аудармашылар мен дизайнерлер білім алып шықты.

Аймақтың кәсіби біліктілігі жоғары мамандарға деген сұранысын қанағаттандыруға, жас буынды қазынасы мол ғылымға баулуды мақсат тұтқан университет мемлекетіміздің мүддесіне сай тұрақты дамуға бет алды. Оған оқу ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі куә. Профессорлық-оқытушылық құрамның сапасы мен саны өсіп келеді. Ғылыми зерттеулер көбеюде, олар республиканың ғылыми орталарында жоғары бағаларға ие болуда. ҚР білім және ғылым министрлігі тарапынан жыл сайын өткізіліп жатқан аралық мемлекеттік бақылаудың нәтижелері, түлектердің пышақ үстінен үлестіргендей жұмысқа орналасуы, жұмыс берушілердің ризашылықтары — университет жұмысының жемісті жүріп жатқандығының айқын көрінісі.

Университетте жыл сайын инновациялық білім беру технологиялары енгізіліп келеді. 2004-2005 оқу жылынан бастап оқу процесіне білім берудің кредиттік жүйесі енгізілді.

***

Батыс Қазақстан аймағының әлеуметтік және өндірістік саласында басымдық берілетін жоғары кәсіби білім беру (бакалавриат) 21 мамандық бойынша, магистратурада 8 мамандық бойынша мамандар даярланады. Оқу ісі жөніндегі проректор Айшагүл Қабиеваның айтуынша, алдыңғы оқу жылында тау-кен ісі, көлікті пайдалану және жүк қозғалысын ұйымдастыру, автоматтандыру және басқару мамандықтары бойынша кәсіби білім беріле бастаса, қаржы мамандығы бойынша магистранттар даярлау жолға қойылды. Қазір университетте 4468 студент білім алып жатыр, 41 болашақ магистр бар.

Университет М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен, Самара теміржол инженерлері институтымен, Неміс менеджмент академиясымен, Мәскеу қазіргі заманғы бизнес институтымен, Башқұрт педагогикалық институтымен, Қытайдағы Шыңжан университетімен, Беларусь мемлекеттік университетімен, Владимир мемлекеттік университеттерімен келісім-шартқа қол қойған. Өзара байланыс аясында оқытушылар мен студенттер тәжірибе алмасып, түрлі халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастырылып тұрады.

Оқу орнының материалдық базасы жыл сайын толығып келеді. 2005 жылы университет арнайы тұрғызылған жаңа ғимаратқа көшірілді. Университет ішіндегі колледж де тиімді жұмыс жасайды. Әкімшілік-шаруашылық бөлімінің бастығы Нұржахан Таласбаеваның айтуынша, жалпы аумағы 17 мың шаршы метрден асатын білім беру кешенінде университет пен колледждің оқу корпустары, спорт зал, ғылыми кітапхана, оқу-баспа орталығы, акпараттық-технологиялық орталық, жатақхана, қысқасы, білім алуға ұмтылған қазіргі жас адамға қажеттінің барлығы бар. Қазір университет үшін аумағы 600  шаршы метр болатын спорт зал салынып жатыр, жаңа оқу жылын студенттер жаңа спорт залымен қарсы алатын болады.

Бұған қоса университет жанынан С.Бәйішев атындағы бизнес-инновациялық орталықтың құрылысы басталды.

***

15 жыл бойы облыс, республика үшін білікті маман даярлауға зор үлесін қосып келе жатқан С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті, оқу орнының президенті Бекежан Аханның айтуынша, дүниежүзілік білім беру кеңістігіне ену мақсатына байланысты алдына жаңа міндеттер қойып отыр. «Ол үшін білім сапасын арттыру керек, біздің басты мақсатымыз да сол. Ал ол қатаң талап қоюмен келетін жетістік», — дейді ол. Университет басшылығы білім алу процесіне қажетті барлық құрал-жабдықтарды ел аймақтарынан, шет елдерден алып келіп жатыр. 2005 жылы оқу орны ИСО9001 сапа менеджменті жүйесіне сәйкестігін растайтын сертификат алды. Бұл университеттің Батыс Қазақстан аймағындағы алдыңғы қатарлы жеке университеттердің бірі екендігінің куәсі.

Мақсат — білім сапасын арттыру

Бекежан АХАН,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті:

— Соңғы жиырма жылда ашылған басқа да ғимараттар секілді біздің университетті де ел тәуелсіздігінің олжасы, жемісі деуге болады. Азат қоғам болмаса, бізге дәл осындай оқу орындарын ашып, оны жоғары деңгейде дамытуға мүмкіндік болмаған болар еді. Және тәуелсіздік білікті, қабілетті іскер адамдарға ұлт мүддесі жолында жаңа іс бастауға, оны дамытуға мүмкіндік берді.

Егемен ұлттың бір белгісі кейінгі буын ұрпақты өз ана тілінде оқыту, этнопедагогикалық тұрғыда тәрбие беру екендігі белгілі, басқасын былай қойғанда, қазір біздің университеттің студенттерінің 80 пайызынан астамы ана тілімізде дәріс алып жатыр.

Қазір дүние жүзіне танылып жатқан жас мемлекетіміздің білім мен ғылым саласындағы жетістіктері де айта қаларлық. Еліміздегі жоғары оқу орындары әлемнің ең мықты білім ордаларымен байланыс орнатты. Біздің университеттің өзі бірнеше шетелдік оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста. Қытай халық республикасындағы екі іргелі оқу орнымен байланыс жасап отырмыз, біздің студенттер сол оқу орындарында оқиды, олардың балалары бізге келіп білім алады.

Университетіміздің жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Болон декларациясына бірігуінің өзі Еуропаның кез келген еліндегі оқу орындармен иық тірестіре жұмыс жасауға жол ашатын игілік деуге болады. Мақсат — білім сапасын арттыру, біздің мамандарымыздың әлемнің кез келген елінде сұранысқа ие болуына қол жеткізу. Ал бұл мақсаттарды азат елде ғана іске асыруға болады…

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ашылған Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің 15 жылдығына біз ауыз толтырып айтарлық жетістіктермен, жаңалықтармен келдік.

15 жылдыққа үлкен жетістіктермен келдік!

Халел ҚҰСАЙЫНОВ,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің ректоры:

— Биыл университетіміздің жұмыс жасай бастағанына 15 жыл толып отыр. Осы тойға орай, ғылыми кеңесте отырыс болып, мерекеге байланысты атқарылатын шаралар жөнінде жоспар жасалып, бекітілді. «Сақтаған Бәйішев — ғалым, педагог, мемлекеттік қайраткер» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылады, оған ел аумақтарынан, ТМД елдері мен жақын және алыс шет елдерден ғалымдар шақырылады.

Жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдарына университетіміз туралы материалдар ұйымдастырылып, түрлі фестивальдар, мастер-кластар өткзіледі, оқу орны тарихы туралы мұражай жабдықтап, көрме ұйымдастырсақ деген де жоспарымыз бар. Дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын бауырлас башқұрт, қазақ, татар халықтарына ортақ, үш елдің де әдебиетінің тарихынан тиісті орнын алған Ақмолла ақын атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетімен бірлесіп «Ақмолла оқуларын» ұйымдастырмақпыз.

Биыл университетіміздің жанынан бизнес-инновациялық орталық құрылысы салынады. Ол тек біздің оқу орнымыздың ғана емес, еліміздің батыс аймағындағы ғалымдардың бас қосатын жері, технопарк ретінде жұмыс жасайтын болады. Соған сай осы оқу жылында университетте «Ғимараттарды сынау және материалдар кедергісі», «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру», «Көліктегі басқару жүйелерін автоматтандыру» секілді бірнеше зертхана ашылды.  Алдағы уақытта да оқу процесін жаңа заманға сай дамытуға, инновациялық үрдістерді одан әрі жалғастыруға мүдделіміз.

Тағы бір жаңалығымыз — биыл Шалқар ауданынан келіп оқитын балалардың көптігіне байланысты, аудан орталығынан жергілікті әкімшілікпен келісе отырып, жаңа колледж ғимаратының тұтас кешенін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Шалқар мен оған жақын орналасқан аудандардың балалары үшін жақсы жаңалық деп есептеймін. Бірнеше жұмыс орны ашылатын болады.

Міне, университетіміздің 15 жылдық тойын осындай жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Біздің ұжым тоқсаныншы жылдардың ортасында ашылған, ел Тәуелсіздігінің алғашқы қарлығаштары болып саналатын жеке оқу орындарының бірі һәм бірегейі — университетіміздің алар асуы алда екендігіне сенеді және соған сай жұмыс жасайтын болады!..

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button