Мәдениет

Ауыл туризмі: алғашқы қадам

Елімізде агротуризмді әлі дами қоймаған сала ретінде сипаттауға болады. Себебі ауылдық аймақтарда бұл саланы дамытуға қажетті барлық ресурстар болғанмен, бірақ сол ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін агротуризм инфрақұрылымы жоқ.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанның батыс өңірінде бұл сала мүлде дамымаған. Биыл Мәртөк ауданында ауыл туризмін жандандыруға ерекше мән беріліп отыр.

Шетелдік тәжірибені игергеніміз жөн

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Жалғас Балғожиннің айтуынша, агротуризм ауылдық өңірдің туристік тиімділігін арттырып қана қоймай, сол өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға үлес қосады.

Қазір елімізде бұл сала өте баяу дамып келеді. Егер агротуризмді дамытатын болсақ, сол өңірдің жағдайы жақсарып, халқының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты көтеріледі. Жергілікті халықты жұмыспен қамту мәселесі де шешілген болар еді. Ақтөбе өңірі тарихи, мәдени ескерткіштерге бай өлке. Сондықтан да  шетелдік әрі отандық туристердің мәдени, экзотикалық қызығушылығын оятатынына кәміл сенемін, — дейді Ж.Балғожин.

Жалғас Өмірзақұлының айтуынша, әлемнің көптеген мемлекеттері агротуризмді дамытудың өзіндік жолдарын қалыптастырып үлгерген. Сондықтан да ондай елдер бүгінгі күні үлкен пайдаға кенеліп отыр.

Ауылдық туризм әлемдік туристік индустрияның ең қарқынды дамып келе жатқан саласы. Елімізде бұл саланы дамытуға байланысты арнайы бағдарлама да қабылданды. Біз агротуризмді дамыту ісінде шетелдік тәжірибені игергеніміз жөн, — дейді ол.

Әлем және агротуризм

Ауылдық туризмнің таралуының өзіндік географиясы бар. Мұндай демалыс түрінің дамуы урбанизацияның жоғары деңгейімен сипатталатын Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка мемлекеттеріне тән. Ең алдымен табиғи нысандарға деген сұраныс пен қызығушылықтың өсуі осы елдердегі ішкі туризмнің дамуының алғышарты болды. Соның нәтижесінде агротуризмді аса танымал туризм түрі ретінде қалыптастырды. Тынығудың ең тиімді орны ауыл аймақтары мен фермалар болып табылатын агротуризм балалар тарапынан да айрықша сұранысқа ие. Қазіргі таңда ауыл туризмі Еуропада кеңінен таралған құбылыс болып отыр. Жыл сайын Италия, Франция, Испания бірнеше миллион агротуристерді қабылдайды. Ресей мен Белорусь елдері де туризмнің агротуризм сынды табысты түріне айрықша көңіл бөлуде, әрі оны жан-жақты қолдап, дамытуда. Қала халқының басым бөлігі фермерлік шаруашылық бойынша экскурсия құру үшін көптеген қаражат жұмсауға дайын. Вашингтон маңындағы фермалардың біріне жыл сайын 8000 туристің (соның ішінде Жаңа Зеландия мен Оңтүстік Африка мемлекеттерінен) келетіндігін мысал етуге болады. Осындай санаттағы туристер жер өңдеу, мал бағу, егін жинау ісіне тікелей өздері қызыға қатысып, мұндай экзотикаға 1000 доллар шамасында, тіпті кейде одан да көп қаражат төлеуден тайынбайды екен. АҚШ-тың заманауи ранчолары фермерлік шаруашылық бойынша мастер-кластар өткізіп қана қоймай, туристерге табиғи азық-түлік өнімдерінен тағам әзірлеу шеберлігін де ақылы түрде үйретеді. Осы орайда агротуризм пайда табудың негізгі көзі ғана емес, сонымен қатар  қосымша жұмыс орындарын қалыптастыратын тиімді үрдіс ретінде танылып отыр. Литвада агротуризм саласына жұмылдырылған 700, Польшада 18000, Белорусияда  80 «агроусадьба» бар. Польша өз кезегінде 18 жылдан астам уақыт бойы агротуризмді экономиканың тиімді де қарқынды саласы ретінде дамытып келеді. Еуропадағы ауылдық туризмнің көшбасшысы Италия болып табылады. Агротуристік қызметтерді ұсынатын осындай 10 мыңнан аса шаруашылықтардың санына ие Италияда 1999 жылдардың өзінде-ақ туризмнің бұл түрінен түскен табыс 450 млн. АҚШ долларын құраған. Арготуризмді ұлттық экономиканың маңызды секторы ретінде дамыту туралы федералдық заң бұл елде 1985 жылдың 5 желтоқсанында қабылданыпты. Қазіргі таңда Италия жыл сайын 2 миллионнан астам агротуристерді қабылдайды. Алғашқыда италияндық үкімет агротуристерді орналастыру қызметін ірі инвестициялар көмегінсіз-ақ ауылдың қаржылық-экономикалық жағдайын біршама көтеруге мүмкіндік беретін фермерлердің қосалқы қызметі ретінде ғана қарастырды. Дегенмен аталған туристік өнімге деген ауқымды сұраныс қазіргі таңда көптеген ауыл тұрғындары үшін қосалқы емес, негізгі қызмет түріне айналып отырған арготуризм тұжырымдамасын тұтастай өзгертті.

Әрбір тағам сараптаудан өтеді

Өткен жылы біз облыстың бірқатар аудандарын араладық. Мақсат — жергілікті жерде ауыл туризмін жандандыру. Биыл Мәртөк ауданында ауыл туризмі шеңберінде жергілікті туристік өнім шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазір Мәртөкте туристер демалатын жер белгіленіп, осы жұмыспен шұғылданатын шаруа қожалығы айқындалды. Аудан әкімшілігі тарапынан да қолдау болмақ, — дейді Ж.Балғожин.

Мамандардың айтуынша, Мәртөк пен Ресейдің шекаралас жеріне жақын орналасқан агротуристік орын облыс орталығынан 100 шақырым қашықтықта.

Бұл аймақ тынығуға өте қолайлы жер. Көл жағасында орналасқан демалыс орнына күнбағыс егілетін алқап та алыс емес. Ол жерде киіз үй тігіліп, қазақы  ауылға тән бар жағдай жасалады. Яғни туристер қымыз, шұбат, айран, сүт секілді қазақтың ұлттық сусындарын ішіп, қазы-қарта, жал-жая, құрт, ірімшік, жент, сары май секілді ұлттық тағамдарын жейтін болады. Саяхатшылардың көз алдында қазанға ет асылып, бауырсақ пісіріледі. Жергілікті тұрғындар бие сауып, қымыз ашытады. Бұл істің барлығына туристердің өздері де араласуға болады. Бір айта кететін жайт, мұндағы барлық тағамдар санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мекемесінің сараптауынан өтеді. Сол сияқты, атбегілік, құсбегілік кәсіппен қоса, қазақтың ұлттық аспаптары мен ойындарын  үйренуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ тынығушылардың көл жағасында балық аулап, суға түсуіне де жағдай жасалады, — дейді ол.

Ауыл туризміне ерекше қызығушылық танытып, демаламын деушілер үшін бұл өңірде бір күндік демалыс жан басына 5 мың теңге тұрады. Облыс орталығынан жергілікті жерге жеткізетін арнайы көліктер болады.

Әзірге бір ауданда ғана ауылдық туризмді іске асыруды жоспарлап отырмыз. Болашақта Қарғалы, Ырғыз аудандарында да осындай орталықтар ашсақ деген ой бар. Ол үшін жергілікті билік өкілдері мен кәсіпкерлер тарапынан ұсыныс түссе, біз қолдауға дайынбыз. Мәселен, қазір Ырғыз ауданында экотуризм жақсы дамып келеді. Болашақта бұл өлкеде агротуризмді дамытатын болсақ, жергілікті халықтың әл-ауқаты бұдан да жақсара түсетініне сенім мол. Қарғалы ауданының табиғаты өте керемет. Бұл аймақ та ауыл туризмін дамытуға қолайлы жер, — дейді Ж.Балғожин.

Мәртөк ауданындағы агротуристік өлкеде бір маусымда шамамен 1500 адам тынығуға мүмкіндік туады.

***

Дереккөздерге сүйенсек, республикадағы агротуризмнің болашақтағы тұтынушылары орта тап болмақ. Яғни:

  • балалары бар отбасылар;
  • қарт адамдар;
  • жастар;
  • спортсүйер қауым.

P.S. Қазір облыста 28 туристік компания мен 3 туроператорлар жұмыс жасайды. Олар негізінен сыртқа шығу туризмімен айналысады. Мамандардың айтуынша, жергілікті жерге келу туризмін ұйымдастыру кез келген компанияның қолынан келе бермейтін іс.

х х х

Туризм саласы бойынша 2008 жылы жергілікті бюджетке 1 миллиард теңгеден астам түсім түссе, бұл көрсеткіш 2009 жылы сәл төмендеген. Өткен жылы облысқа шетелден 10 мыңға жуық саяхатшы іскерлік туризм негізінде келіпті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button