Жаңалықтар

«Мемлекеттік шекара» кітабы жарық көрді

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Мемлекеттік шекара» кітабын оқырман назарына ұсынды.  

Кітап қалтқысыз қызметі арқылы мемлекеттік шекараны күзету ісіне өлшеусіз үлес қосқан шекарашы жауынгерлердің құрметіне арнап жазылған. «Мемлекеттік шекара» кітабындағы әңгімелер мен очерктер қатарына Тәуелсіз Қазақстанның Шекара қызметінің даңқты шежіресіндегі кейбір айтулы деген оқиғалар қамтылған. Шекара тыныштығын күзеткен жауынгерлердің тынымсыз тіршілігі мен ел шебін күзету кезіндегі бастарынан кешкен шиеленіске толы оқиғаларымен ерекшеленеді.

Кітапты қолына алып, беттерін ашқан сәттен бастап оқырман өзін кейіпкерлермен бірге ел шебінде жүргендей, біресе жаяу, бірде атпен, тағы бірде итпен бірге қаруын ұстап, тау асып, су кешіп, теңіздің толқындарына қарсы жүзгендей әсерге бөленеді.

Шекарадан өткізуге қатаң тыйым салынған есірткі затын тасымалдаушыны құрықтап, таудың ішінде мал бағып, бұйығы тіршілік кешіп жатқан шопанның отбасын кепілге алған қылмыскерден тайсалмаған шекарашыны су да, өрт те алған бетінен қайтара алмайтынын «Мемлекеттік шекара» кітабынан оқып білуге болады.

Кітапты қолына алған шекарашы ардагер өзімен бірге қызмет атқарған қаруласымен қауышады, ал жас шекарашыны бұл туынды жаңа ерлікке жетелейді.

Бұл кітап — қоғам дамуына үлес қоса алатын құнды еңбек. Әсіресе, өсіп келе жатқан жастарға Тәуелсіз еліміздің тыныштығы шекарадан басталатынын үйрететін тамаша дүние. Өйткені шекара — Отанымыздың айнасы.

«Мемлекеттік шекара» — шекарашылар үшін ғана емес, әскери өмірден тысқары қарапайым адамдар үшін де оқылымды. Сол себепті жалпы оқырманға арналған.

 Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button