Экономика

Кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа қыры

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұзақ мерзімді бағдарлама қабылдануы осы бағыттағы алдағы айқын жолды салып бергендей болды. Ел кәсіпкерлеріне қолдау танытып, қысылтаяң сәттен шығаруды көздейтін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы осы мақсатта қызу іске кірісіп кетті. Үш бағытта жұмыс істеген бағдарлама аясында өткен жылы облыста тиімді шаралар жүзеге асты. Биыл оған қосымша төртінші бағыт қосылды. Осы және өзге де мәселелер төңірегінде біз облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы Дидар Боранқұловты сөзге тартқан едік.

— «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы кәсіпкерлер үшін қаншалықты тиімді?

— Бұл — өте орынды жүзеге асып жатқан, келешегі зор жоба. Айталық, қазірдің өзінде «Жол картасының» арқасында бос жүрген азаматтардың көп­шілігі жұмысқа орналасып жатыр. Бұл – бір. Екіншіден, бағдарламаның тіке­лей қолдауымен орта бизнес кәсіп­орын­дары көптеп құрылуда. Сол сияқты,  «Жол картасы» халықты  жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекет бюджетіне қосымша салық түсіреді. Тағы бір айта кететін жайт, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясындағы «несиелер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау» ісінің жүзеге асырылуы аса маңызды.

— Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау бағытында жұмыс жасайтын бағдарлама аясында биыл облыста қандай шаруалар жүзеге асырылмақ?

— Елімізде осы бағдарламаның жүзеге асырылуы бойынша Ақтөбе облысы алдыңғы қатарда. Өңірлік үйлестіру кеңесінде облыс бойынша барлығы 77 жоба мақұлданды. Қазір 65 жобаны  қаржыландыру ісіне қатысты жұмыстар қолға алынып жатыр. Атап айтсақ, олардың ішінде сервистік қызметтер көрсету бойынша жалпы сомасы 25,0 миллион теңге болатын 28 жоба, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жалпы сомасы 262,8 миллион теңге болатын  17 жоба, пайыздық ставканы субсидиялауға жалпы несие сомасы 5 406,7 миллион теңгеге лайық 20 жоба, сондай-ақ кепілдендіру бойынша 7 жоба «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының қарауында жатыр.

Өткен жылы бағдарлама аясында республикалық Индустрияландыру картасына енген жобаларға қолдау көрсетілді. Мәселен, «Izeet Green House» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі иелігіндегі жылыжай кешені және «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт-тауарлы фермасына автокөлік жолынының құрылысы жүргізілді. Облыста бұл бағдарламаны жүзеге асыруда Мәртөк, Алға, Темір және Қарғалы аудандарының белсенділігін айтып өткен жөн.

— Кәсіпкерлер субсидияны қалай және несиенің қай түрімен ала алады?

— Әуелі кәсіпкерлер банкке жаңа несие беру жөнінде өтініш түсіруі керек. Егер банк несие беру және пайыздық ставкаларды төмендету жөнінде оң шешім шығарып жатса, онда басқармаға келіп бағдарламаға қатысу жөнінде өтініш береді. Біз қажетті құжаттар мен мәліметтерді толық жинап алған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде кәсіпкердің өтінішін өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына жібереміз. Кеңес субсидиялау мүмкіндігі не мүмкін еместігі жөнінде шешім шығарады.  Егер жоба мақұлданса, әрі қарай қаржыландыруға келісу үшін Экономикалық даму және сауда министрлігіне жіберіледі. Министрлік тарапынан тиісті қолдау тапса, онда банк, «Даму» қоры және кәсіпкер арасында үш жақты шарт жасалады. Осы шартқа сәйкес субсидиялау жүргізіледі.Субсидия тек жаңа несиеге және көлемі 3 миллиард теңгеден аспайтын несиелерге ғана жасалады.

— Субсидия қандай мерзімге беріледі?

— Жаңа жобалар бойынша субсидиялау мерзімі бір жылдан үш жылға дейінгі аралықты қамтиды. Он жылға дейін ұзартуға да мүмкіндік бар.

— Өз кәсібін жаңадан бастаған адамдарға бұл бағдарлама қаншалықты көмек бере алады?

— Бағдарламаның бірінші бағытының өзі — «Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау» деп аталады. Бизнесін жаңадан бастаған адамдарға осы бағыттың аясында пайыздық ставкаларды субсидиялау, несиені ішінара кепілдендіру және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға көмек беріледі. Егер кәсіпкер банктен 14-тен жоғары емес пайызбен несие алса, онда оның 7 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады.  Әрбір жобаға берілетін кепілдік несие көлемінің 50 пайызынан артық болмайды және де 1,5 миллиард теңге көлемінде шектеледі. Кепілдік 10 жыл мерзімге беріледі.  Сонымен қатар, кәсіпкердің жобасына су, газ, кәріз, жүйелері мен байланыс желілерін қосу,  автокөлік  жолдарын тарту мәселесі де кіреді.

— Биылдан бастап «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасына жаңа бағыт қосылды. Бұл қандай бағыт әрі  кәсіпкерлер үшін тиімділігін айтып берсеңіз?

— Осы жылы бағдарламаны жүзеге асыру үшін облысқа 2,3 миллиард теңге көлемінде нысаналы трансферт бөлінбек. Басқарма тарапынан бағдарламаның жүзеге асыру механизмін облыс кәсіпкерлеріне түсіндіру мақсатында дөңгелек үстелдер, баспасөз мәслихаттары мен  кеңейтілген жиналыстар өткізу жоспарланып отыр.  Сонымен қатар, мұндай жұмыстар аудандарда да ұйымдастырылатын болады. Ағымдағы жылы бизнес-қоғамдастықтарының ұсынысымен бағдарламаға жаңа төртінші бағыт енгізілді. «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту» бағыты шеңберінде облыс кәсіпкерлеріне кәсіпкерлікті сервистік қолдау, шағын және орта бизнес субъектілерінің басшыларының білімін жетілдіру, шетелдік серіктестермен іскерлік байланыс орнату секілді қолдаулар көрсетіледі.  Жаңа кәсіпкерлікті қолдау бағытының аясында кәсіпкерлерді қысқа мерзімді оқытуларға жіберу, оларға  қажетті стандартты құжаттар топтамасы мен ақпараттық-талдамалық және маркетингтік зерттеулерді ұсыну сияқты қызметтер көрсетіледі. Ал сервистік қолдау негізінде кәсіпкерлерге бухгалтерлік және салықтық есептілікті енгізу, кедендік рәсімдеулер бойынша қызметтер, сапа менеджменті жүйесін енгізу бойынша кеңес ала алады. Осы  бағыттың аясында шағын және орта бизнес субъектілерінің басшыларын табысты жаңа бизнес моделін құруға, іс-әрекеттегі кәсіпорындарды тиімді басқаруға және стратегиялық бизнес-мақсаттарды шешуге оқыту жүзеге асырылады. Кәсіпкерлерге шетелдік оқыту орталықтарының мамандары дәріс береді. Оқу  «Назарбаев Университеті» АҚ-ның бизнес-мектебі базасында жүргізілетін болады. Сонымен қатар, осы бағдарламаның жаңа бағыты бойынша шетелдік әріптестермен іскерлік байланыс орнату арқылы өндірісті жаңғыртуға және кеңейтуге бағдарланған «Іскерлік байланыс» жобасын жүзеге асыру да қарастырылған. Яғни, бұл жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде  шетелдік және отандық сарапшыларды тарта отырып, еліміздің аймақтарында бизнес-тренингтер жүргізілсе, екінші кезеңде ұқсас кәсіптегі шетелдік кәсіпорындарда кәсіпкерлеріміздің тәжірибе алмасуына мүмкіндік туады.

Сұхбатты пайдалана отырып, біз облыс кәсіпкерлерінің назарына, бағдарламаның сервистік қолдау және «Іскерлік байланыс» бағыттары шеңберінде кәсіпкерлік субъектілерінің басшыларын оқытуға, кәсіпорындарға қажетті кадрларды даярлауға және қайта даярлауға  тиісті көмек алу үшін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына өз өтініштерін беруге болатындығын хабарлаймыз. Бағдарлама жөнінде толық мәліметті облыс әкімдігі ғимаратының 522-ші бөлмесінен келіп алуға болады.

— Әңгімеңізге рақмет!

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button