Мәселе

Көкжиде: су әлде мұнай

Мұғалжар ауданына қарасты «Көкжиде құмы» қойнауындағы жер асты суының мәселесі ұзақ жылдардан бері көтеріліп келеді. Алайда әзірге шешімін тапқан жоқ. Яғни мәселенің төркіні аймақтағы мұнай компанияларына тірелуде…

Мамандардың айтуынша, бұндағы тұщы су қоры бес облысты қамтамасыз етуге жетеді. Әрі, облыс орталығындағы ауыз суға қарағанда минералдануы алты, ал жұмсақтығы екі есе төмен. Дегенмен, жуық арада Көкжиденің мөлдір суын ішуге мүмкіндік болмай отыр.

Сонымен…

Су немесе мұнай

Жалпы, аталған өңірде мұнайды алғашқы барлау жұмыстары 1960 жылы, ал өндіру кезеңі 1968  жылдары басталыпты. 1992 жылы сол уақытта «Operatіng Companі MҚK» АҚ, ал бүгінде «КМК Мұнай» аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік Көкжидедегі қара алтынның негізгі бөлігін өндіруді  қолға алды. 2003 жылы  «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС Қожасай аумағындағы кен орнын игере бастады.  Ал қазір аймақта  «Урихтау Operatіng», «СНПС- Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақойл -Ақтөбе», «Фирма Ада Ойл», «КМК мұнай» және «МГК», «СП Фиал», «Арал Петролеум кэпитал» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмысын жалғастыруда.

Эколог мамандар мен халық қалаулылары құмда мұнай қорын барлау және өндіру жұмыстарын жүргізу жер асты суын ластамай тұрмайтынын айтып-ақ келеді. Яғни, жылына 100 мың баррельден астам қара алтын өндіретін мекемелердің мұнай айдау кезінде  су бассейнін бүлдірмей қоймайтыны анық. Қалдықтардың кез келген жағ­дай­да ағын­ды сумен жер асты суына түсетіні белгілі. Депутаттар егер компаниялардың келісім-шарттарын қайта қарап, «Көкжиде құмында» жүргізілетін жұмыстарды алып тастамаса, бүкіл батыс Қазақстан су­дың бірегей кенішінен айырылатынын ескерткен болатын. Бірақ, мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Керісінше, күннен-күнге «Көкжиде» кен орнына қатысты шаруалар күрделене түсуде.  Жер-жерде осы мәселені көтеріп жүрген «Тобыл-Торғай» экология  департаментінің кеңесшісі Жасұлан Бекмұханбетов мөлдір су мен мұнайдың бірін таңдайтын уақыттың жеткенін айтады.

Мұнай алу үшін жер мыңдаған метр тереңдікке дейін бұрғыланады. Үздіксіз жүргізілетін жұмыстар кез келген жағдайда жер асты суын бүлдіруі мүмкін. Себебі су мұнайдың бергі бетінде. Егер бір ұңғыма жарылса, Көкжиде суынан үміт күтпей-ақ қоюға болады. Ал аумақта апатты жағдайдың орын алмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды, — дейді эколог.

Ілгеріде «Көкжиде құмы» қойнауында  сүтқоректілердің — 496,  құстардың — 219, бауырымен жорғалаушылардың —17, қосмекенділердің  2 түрі мекен етіп, аймақ өсімдіктер әлемінің әртүрлілігімен ерекшеленді. Жасұлан Керейұлы кезінде құмында ақбөкендер жортып, көгінде қыран қалықтаған өңірдің бүгінгі ахуалына қынжылады.

Мұнай компаниялары қалай жұмысын бастады, құм алқабының да тіршілігі солай күйрей берді. Қазір онда аң-құс қалған жоқ. Тіпті шөп те шықпайды. Мұнай қалдықтары, үздіксіз жүріп жатқан ауыр техникалар жерді зақымдап жатыр. Ал осы мәселені таразыға салсақ, қазір ауыз судан қара алтынның қымбат болып тұрғанын байқаймыз.

Жер асты байлығын игерушілер  белгілі бір мекемені жалдап, мониторинг жүргізеді. Олардың сөзіне сенсек, компаниялардың жұмысы қоршаған ортаға зиянын тигізбейді. Ал жергілікті халық аймақтың экологиялық жағдайы мен  ауыз су сапасының төмендеп, шабындық жерлердің тозып бара жатқанын айтып шағымдануда. Тізе берсек, мұнайлы өңірге қатысты мәселе шаш етектен,— дейді Жасұлан Бекмұханбетов.

Аталған департмент мамандары мұнай компанияларына тексеру жұмыстарын жүргізуі үшін облыстық прокуратураның рұқсатын алуы керек. Ал  экологтардың тексергеніне  қуана қоймайтын мекемелер қит етсе заңсыз деп сотқа шағымдануға бейім.

Зерттеу қорытындысы қандай?

2008 жылдан бастап  облыс әкімдігі жер асты суын бақылау және жер қойнауын пайдаланушы компанияларды қадағалап, олармен  бірлесе жұмыс жүргізу мәселесін көтерді. Осы орайда жоспар құрылып, сол жылы «Қазақстанның қолданбалы экология агенттігі» ЖШС мониторинг жүргізе бастады. Мақсат —  Көкжиде құмы алқабындағы жер асты суының құрамын анықтау.

Бұл туралы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Жақсығали Иманқұлов былай дейді:

Зерттеу жұмыстары қолға алынғаннан кейін бір жыл өткен соң, яғни 2009 жылы жер асты суының құрамында  мұнай өнімінде кездесетін  фенол элементінің бар екені белгілі болды. Алайда бұның мұнай өнімінен бе, әлде органикалық компоненттердің ыдырауынан пайда болды ма, ол жағы анықталмады. Осыдан кейін қайта зерттеу жұмыстары жүргізіліп, элементтің мұнай өнімінен екеніне көз жеткіздік. Жалпы,  қара алтын өндіретін аумақтардың барлығы әрбір жер қойнауын пайдаланушы мекемелердің қарамағына бөлінген.  Сондықтан аталған элементтің қай компанияның аумағынан шыққанын анықтау қиын. Осыған байланысты облыстық мәслихаттың шешімімен комиссия құрылып, жұмыс жүргізілуде. Әзірге жоба бойынша екі-үш мекеме белгілі болып отыр. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында осы мәселелер қайта қаралады. Егер аталған элемент жобалаған мекемелер аумағынан екені анықталса, құзырлы органдар заң бойынша компанияның жұмысына тиісті шара қолданып, тіпті тоқтатуға дейін баруы мүмкін. Дегенмен, Үкіметпен ұзақ жылдарға келсім-шарт жасалғаннан кейін, шартты бұзып, жұмысты орта жолдан үзу оңай шаруа емес. Мекемелердің шетелдік екенін ескерсек,  олардың да пікірімен санасуға тура келеді. Сондықтан жер қойнауын пайдаланушылармен бірігіп жұмыс істеген жөн. Олар да өздеріне тиесілі аумаққа зерттеу жұмыстарын жүргізуі тиіс ,— деді басқарма басшысы.

Жақсығали  Исламұлының айтуынша, жергілікті жерде мұнай өндіріп жатқан мекемелердің «Көкжиде құмы» жер асты суына қаншалықты зиян келтіргенін  бір-екі жылда анықтау мүмкін емес. Ілгеріде жүргізілген бұрғылау жұмыстары да судың құрамына зиян келтіруі мүмкін. Өйткені мұнай қалдықтары ашық қоймаларға төгілгендіктен, зиянды элементтердің пайда болуы әбден ықтимал. Демек, мәселеге бір жақты қарауға болмайды.

«Көкжиде» табиғи қаумалы құрыла ма?

«Көкжиде құмы» қойнауы соңғы бес-алты жылдықта республикалық және халықаралық маңызға ие ерекше қорғалатын құндылықтар қатарына енгізілді. Тоқсаныншы жылдары Ақтөбе облыстық халық депутаттары кеңесінің атқару комитеті де құм алқабында барлау жұмыстарын жүргізуге тыйым салу туралы шешім шығарды. Өңірдегі жер асты суы үшін мұнай өндірісінің аса қауіпті екені айтылды. Бірақ аталған аймақтағы инвесторлар жұмысын тоқтатқан жоқ.

2007 жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы «Көкжиде-Құмжарған» ерекше қорғалатын табиғи аумағын құру жөнінде  ғылыми негіздемені әзірлеп,  орталық органдарға жіберді. Алайда сараптама жүргізген  Энергетика және минералды ресурстар министрлігі аталған құм сілемдерінде көмірсутекті өңдеу кезінде ауыз суға қатысты ешқандай жағымсыз мәліметтердің тіркелмегенін айтып, құжатты кері қайтарған. Және министрлік ҚР 2006 жылғы №175 «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңының  72-бабының 6-тармағына сәйкес «мемлекеттік табиғи қорық аймақтарының аумақтарында геологиялық зерттеулерге, пайдалы қазбаларды барлауға рұқсат беріледі» деп көрсетеді.

— Осыған қарамастан, облыс әкімінің тапсырмасымен Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс жолданды. Бұнда нормативтік-құқықтық актілер талаптарына сәйкес,  ҚР Үкіметінің № 932, № 521 қаулыларына өзгерістер енгізіп, құм алқабын гидрогеологиялық нысан ретінде қабылдау қажет екені айтылды, ұсынысты аталған Министрлік те, Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті де қолдап отыр. Егер  түзетулер енгізілсе, бюджеттен қаржы қарастырылып жергілікті маңызы бар «Көкжиде» гидрогеологиялық табиғи қаумалын құру жұмысы басталмақ.Түзетулер енгізілмеген жағдайда да біз қолда бар дүниені сақтап қалуымыз керек. Сондықтан табиғи қаумалдың жаратылыстану ғылыми және техникалық -экономикалық негіздемесін жасап, жобаны толық жүзеге асыру —  біздің алдымызда тұрған бірінші міндет, —  дейді Жақсығали Иманқұлов.

«Көкжиде құмы» аумағына қатысты заңнамалардың бірі, яғни ҚР Үкіметінің 2005 жылғы №657 қаулысына өткен жылы түзетулер енгізіліп,  құм алқабы гидрогеологиялық нысан ретінде тіркелді.

Су қоры тәулігіне  750 мың текше метр

Сексенінші жылдары Көкжиде құмының алқабында жер асты суының мол көзі анықталғаннан кейін, аймақтағы гидрогеологиялық ұңғымалар  арқылы су сапасы үздіксіз тексеріліп отырды. Қазір де аталған жұмыстар жалғасын табуда. Батыс Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану өңіраралық департаментінің жетекшісі  Ақбатыр Нәдірбаевтың айтуынша, өткен жылы мекеме тапсырысымен «Ақпан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыс аумағындағы 1500 мұнай және газ ұңғымаларын тексеріп шыққан.

— Ұңғымалардың басым бөлігі Кеңес үкіметінің тұсында  бұрғыланған. Сондықтан барлығын жіті тексеріп, Көкжиде аумағында апатты жағдайда тұрған ұңғыманың жоқ екеніне көз жеткіздік. Олардың барлығы мұнай өндіретін мекемелердің құзырына берілді. Себебі жойылған ұңғымаларда бір өзгерістер байқалып, аймаққа зиянын тигізіп жатса, мекеме өз қаржысы есебінен қалыпқа келтіреді.

Сонымен бірге құм алқабының батысында «Көкжиде» , ал шығысында  «Кеңқияқ» гидрогеологиялық бақылау мақсатындағы су іркуіш құрылғысы жұмыс істейді. Аталған серіктестік осы екі нысан арқылы судың сапасы мен  құрамына тексеру жүргізеді. Тоқсан сайын бізге қорытындысын береді. Алайда әзірге жер асты суының бүлінуіне қатысты мәлімет түскен жоқ, — дейді департамент жетекшісі.

Қазір  «СНПС- Ақтөбемұнайгаз» АҚ ауыз су мен зауыттарға қажет тұщы суды  осы екі су іркуіш құрылғысынан алуда. Бірақ жергілікті халықтың тұщы суға зәру екенін ескерсек, алып компанияның суды техникалық мақсаттарға жұмсамасына кім кепіл?

Жер асты суын компания техникалық мақсатқа пайдаланбауы тиіс. Егер, аймақта одан өзге  су көзі болмаса, заң бойынша  облыстық құзырлы мекемелер мен  атқарушы органдардың шешімі арқылы суды алуына рұқсат етіледі. Ал бүгінгі күні мекеме тұщы суды техникалық жұмыстарға көп қолданбайды. Олар құрылғыдан  қанша көлемде су алғаны жөнінде есеп беріп, салығын уақытында төлеп отыр, —  дейді Ақбатыр Нәдірбаев.

«Кеңқияқ» су іркуіш құрылғысында — 21 мың текше метр, ал «Көкжидеде»  27 мың текше метр тәуліктік су қоры бар. Құм сілемдеріндегі  жер асты суының  қоры тәулігіне 750 мың текше метрге дейін барады екен.

Департамент жетекшісі де «Қазақстанның қолданбалы экология агенттігі» ЖШС анықтаған деректі бір жақты қарауға болмайтынын айтады. Мәселен, аталған құм алқабының солтүстік бөлігіне жақын жерде  битум кен орны бар. Жол құрылыстарына пайдаланылатын өнім қыста қатып қалса, жазда балқып ериді. Демек, су сапасының бұзылуына битумның да әсері болуы ықтимал.

Төнер қауіптің бірі — ілеспе мұнай газы

«Көкжиде» тұщы су қорына төнер қауіптің бірі – ілеспе мұнай газы. Ауаға жанған газдың қоршаған ортаға келтірер залалы өз алдына, жауын-шашын арқылы жер қойнауына еніп, су құрамына әсер етуі мүмкін. 2004 жылы Үкімет ілеспе газды кәдеге жарату мақсатындағы заңға өзгертулер енгізгенде, еліміздегі көптеген мекемелер жоспарды жүзеге асыруға дайын болмады. Сөйтіп, газды пайдалану бағдарламасының орындалу мерзімі кейінге шегерілді. Соңғы жылдары ғана аталған компаниялар осы бағыттағы зауыттарды іске қоса бастады. Бірақ мұнай өндіру көлемінің артуына байланысты ауада жанып жатқан көгілдір отынды игере алмауда. Мәселен, «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ өткен жылдың тоғыз айында  Жаңажол кен орнының аумағында  жалпы көлемі 239 миллион текше метр ілеспе мұнай газын жақса, оның 1183,662 миллион текше метрі өңделген. Ал «ҚазақОйл – Ақтөбе» ЖШС осы мерзім ішінде  Әлібекмола кен орнында жанған  182,96 миллион текше метр газдың 4,47 миллион текше метрін ғана пайдаға жаратқан.

Батыс Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану өңіраралық департаментінің жетекшісі  Ақбатыр Нәдірбаев қазіргі жүргізіліп жатқан шаруаларға қарап «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ жоспарды уақытында орындауы мүмкін екенін айтады. Ал «Қазақойл -Ақтөбе» ЖШС-ның бүгінгі жағдайы тапсырманың мерзімінде аяқталуының екіталай екенін көрсетеді.

Судың сапасы қандай?

«Көкжиде» құмының алқабы Ембі және Темір өзендерінің қиылысында жатқандықтан құм шеті Темір ауданына кіріп тұр. Демек, тұщы су кенішінің маңындағы екі ауданға қарасты ауыл тұрғындары қандай су ішіп отыр? Мемлекеттік санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментің директоры Құралай Әлжанованың берген мәліметіне сүйенсек, Темір ауданындағы кен орындарына жақын ауылдарда ауыз суға қатысты түйткілді мәселе жоқ. Мәселен, Шұбарши мен Саркөлдің тұрғындары ауыз суды ауыл ортасындағы бұрандардан алса, Кеңқияқта су үйге кіріп тұр. Бірақ судың сапасы санитарлық талаптарға сай келмей жатады. Өткен жылы санитарлық-химиялық және микробиологиялық тексерулер кезінде алынған су сынамаларының біреуі гигиеналық талаптарға сәйкес келмеген.

Ал Мұғалжар ауданына қарайтын Қожасай ауылының халқы ауыз суды бір құдықтан ішіп отыр. Аудан орталығындағы жұртшылық суды  орталықтандырылған құбырдан алады. Өңірдегі 23 елді мекенде  37 қоғамдық құдық бар. Ауылдардағы су құбырларының техникалық жағдайы нашар, яғни ұзақ жылдар жөндеу көрмепті.

Жалпы, департамент өкілдері Мұғалжар ауданын сумен қамтамасыз ететін 49 нысанға жоспарлы тексеру жұмыстарын жүргізіп тұрады. Өткен жылы  санитарлық талаптарды бұзған азаматтарға айыппұл салынса, Жем қаласындағы бір су  құбырының жұмысы уақытша тоқтатылды.  Сондай-ақ мамандар орталықтандырылған су құбырларынан 661 су сынамасын алып зерттеуден өткізгенде, оның 2,3 пайызы микробиологиялық көрсеткіштерге, ал 1,8 пайызы санитарлық-химиялық талапқа қайшы келген. Жалпы, су сынамаларындағы сәйкессіздіктердің барлығы негізінен табиғи  сипатта болған. Яғни мұнай өнімдерінің салдарынан ауыз судың бүліну деректері тіркелмепті.

Р.S.

Өткен жылы Мексика шығанағындағы мұнай құбырының жарылуы дүйім елді дүр сілкіндірді. Әлемдік озық технологияны қолданатын, әрі қауіпсіздік шаралары мықты АҚШ та  апаттың алдын ала алмады. Теңізге  миллиондаған бөшке мұнай төгілді. Сөйтіп, алпауыт ел бұрын-соңды болмаған экологиялық апатты басынан өткерді. Ал оның бергі жағында «Көкжиде құмы» аумағындағы сақтық жұмыстарының қандай екені жұртшылыққа мәлім. Демек, сәл қателік кетсе, бірегей тұщы су қорынан әп- сәтте айрылып қалуымыз әбден мүмкін.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button