Балалар арасында қаназдық көп

Біріккен ұлттар ұйымы балалар қорының мәліметінше, мектепке дейінгі жастағы балалардың — 47, мектеп жасындағы балалардың 25 пайызы қаназдықтан зардап шегеді екен. Дәрігерлер соңғы уақытта осы ауру біздің еліміздегі ұл-қыздардың арасында дендеп бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Ақтөбедегі №1 қалалық емхананың балалар бөлімінің меңгерушісі Жанар Бұхарбаева қабылдауға келетін балалардың басым бөлігі қаназдыққа шалдыққанын айтады.
Оның айтуынша, соңғы жылдары темір тапшылығымен есепке алынатын балалар саны көбейген. Дәрігер егер қаназдық ауруын уақытында емдемесе, иммунитет төмендеп, түрлі аурудың пайда болуына әкелетінін жеткізді.
— Кейінгі жылдары балалар арасында қаназдық өте көп. Әсіресе бес жасқа дейінгі балаларда жиі кездеседі. Бұның себебі көп. Біріншіден, аналар жүктілікті жоспарламайды, екіншіден,нәресте жатырда жатқанда дұрыс күтінбейді. Егер анна ең бірінші өзінің денсаулығын күтіп, темір тапшылығының орнын толтырып барып қана жүктілікті жоспарласа, дүниеге сау сәби келеді. Баланың денсаулығы анна мен тікелей байланысты. Жүкті әйелде қаназдық болса, жатырда жатқан шаранаға оттегі жетіспейді. Бұндай жағдайда бала неврологиялық ауруларға ұшырауы мүмкін, —дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, мектеп жасындағы балалар да осы аурудан зардап шегеді. Алайда ата-аналардың көпшілігі баласында осындай аурудың бар екеніне мән бермейді екен.
— Емханаға ата-ана баласы нбасқа бір аурумен алып келеді. Тексере келгенде анемия бар екенін анықтаймыз. Себебі бұл ауру көп жағдайда белгі бермейді. Оны ата-ана байқамауы мүмкін. Сондықтан анемияның алдын алу мақсатында жылына бір рет гемоглобин, ферритин құрамын анықтау үшін қан тапсырған жөн. Себебі баланың психикалық, физикалық дамуы үшін темірдің маңызы зор. Темір гемоглобиннің құрамын гемм және глобин белогы құрайды. Гемоглобин бас миын, тіндерді оттегімен қамтамасыз етеді. Егер темір тапшы болса, иммунитет әлсірейді. Бала түрлі ауруға бейім болады. Жиі салқын тиіп, жұқпалы аурумен ауырады. Ал анемияның ауыр түрінде психиканың дамуы тежеледі, — дейді Жанар Бұхарбаева.
Дәрігердің айтуынша, кез келген жастағы баланың дұрыс тамақтануына көңіл бөлу керек. Яғни дұрыс үйлестірілген рацион баланың қаназдықпен ауырмауына көмектеседі. Құрамында темірі көп тағамдарды көбірек тұтынған жөн. Мәселен, ет, бауыр, сыр, сүзбе, қарақұмық, бидай жармаларын балаға көбірек берген жөн. Кептірілген өрік пен қараөрік те темірге бай.
— Ата-аналардың көпшілігі баласында анемия бола тұра мән бермейді немесе дұрыс тамақтандырмайды. Анемияны дәрі-дәрмектен бұрын, дұрыс тамақтану арқылы жеңуге болады. Сондықтан аналарға айтарым, егер балада анемия болса, газдалған сусындарды, шайды бермеген жөн. Сиыр сүтінен де бас тартқан абзал. Бұндай сұйықтықтар темірдің сіңуін төмендетеді. Темір жақсы сіңуі үшін аскорбин қышқылын берген жөн. Дегенмен, қандайда бір дәрі-дәрмек, дәрумен қабылдар алдында дәрігермен кеңескен дұрыс, — дейді Жанар Бұхарбаева.
Кәмшат ҚОПАЕВА.