Дауа іздеп барып, алданғандар

Соңғы кезде алаяқтықтың түрі көбейді. Олардың арбауына түсіп, қаншама адамның қалтасындағы соңғы тиынын санап берген жағдайларды естіп жүрміз. Тіпті халық «құдайындай сеніп» баратын емшілердің де арасында осындай жолмен пайда табатындар шыққан. Оған Ақтөбедегі «емшіге алдандық» деп шу шығарған бір топ тұрғынның сөзі дәлел бола алады. Сонымен…
Емші қалай алдады?
Ақтөбеде «емшіге алдандық» деген бір топ адам полицияға арыз түсірді. Дертіне дауа іздеп барғандар, мойындарына несие іліп қайтқан. «Әулие санаған адамымыз алаяқ болып шықты», — дейді тұрғындар. Қазіргі таңда емшінің үстінен «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Емшіге алданғандардың бірі — бес баланың анасы Райхан Зарлықова. Сегіз жылдан бері емшінің арбауына түскен әйелдің мойынында қазір 18 миллион теңге қарызы бар.Алғаш емшіге 2017 жылы баласы ауырғанда барған екен.
— Балам ауырған кезде таныстарымнан «сондай бір емші бар» дегенді естіп, бардым. Алғашқыда 457 мың теңге көлемінде несие алып бердім.Оны төлеген соң, бұл кісіге сенуге болады екен дедім.Кейін алдап-сулап, телефонымды алып,тағы да несие рәсімдеді. Қолымдағы телефонды қалай беріп қойғанымды білмеймін. Барған кезде бізді жатқызып қойып, ем жасайды. Әлде гипноз жасай ма, ол жағын білмеймін, әйтеуір,емнен кейін не істегенімізді білмейміз. Қарсылық танытсақ «Құдай тұр, қара, жолың болмайды, жолың жабылып қалады», «Бес балаң бар, бірдеңеге ұшырап қалады» — деп қорқытады. Қазір мойнымда 18 милллион теңге қарыз бар. Не істерімді білмеймін. Балаларыма тамақ алып беретін ақшам жоқ, өзім жалғызбасты анамын, — деді Райхан Зарлықова.
Алданғандардың арасында емшініңетжақынтуыстары да бар. Соныңбірі — ГүлзипашТөремұратова.
— Ол — меніңтуғанқайынсіңлім. Маған «келіпкетші» депхабарласты. Барғанымда: «Қызым ауруханада ес-түссіз жатыр. Шетелге апарып емдетуім керек» — деп, несие алып беруімді өтінді. Мен келіспедім. «Несием бар, төлей алмаймын, айлығым — 120 мың теңге», — дедім. Содан маған ол ем жүргізді. Басым қатты ауырды. Сол сәтте қолымдағы телефонды алып, «қой» дегеніме қарамастан, банкке несие алу үшін хабарлама жіберді. Содан банктен«Сізге үш миллион теңге несие берілді» деген хабарлама келді. «120 мың теңге айлыққа банк қалай несие береді?» деп таңғалдым.Сол күні мен ол үйден кете алмай, қонып қалдым. Ертеңіне мені жетелеп, банкке ерітіп апарды. Кассаның алдында ақшаны санап алды. Мен тіпті ақшаны қолыма ұстап та көрмедім. Сол кезде маған тағы банк картасын ашты. Оның ішінде 700 мың теңге бар екен, оны да алып алды. Үйіне әкеліп: «Ақ жеңеше, сен алтын адамсың», — деп қолыма сақина салды. Сақинасы сөмкемде жүр. Не істеп қойғанымды үйге келгеннен кейін бір білдім. Сонда мен екі күн бойы гипнозда жүргенмін ғой, — дейді Гүлзипаш.
Осылайша емші жеңгесіне алғашқы айда несиені төлеу үшін ақша аударып отырған. Алайда кейін оны тоқтатқан. Қазір Гүлзипаш емшінің 4 миллион теңгеге жуық қарыз екенін айтады.
Жапа шеккендердің бірі — Гүлбану Науанова. Келіншек 3 жастағы қызына медицина көмек бере алмағаннан кейін емшіге барғанын айтады.
— «Біреулердің қолының биотогы бар, келген адамды орнынан тұрғызады, емдейді», — деген сөзіне сеніп, былтыр қаңтар айында қызымды алып келдім. Әрбір қабылдауы — 6000 теңге. Маған:«5000 теңге берсең болады», — деді. Сонымен, 5 күн бойы ем жүргізді. Қызымның басынан ұстап:«Бірден емделіп кетпейді, күту керек», — деді. Қалған күндеріне ақша алған жоқ. Ақпанның 23-і емге тағы бардым. Сол күні емнен кейін маған: «Саған бір өтінішім бар, мешіт салып жатырмын, несие алып берші», —деді. Менбанк маған несие бермейтінін айттым. Сол сәтте қолымнан телефонымды алып, алдымен бір миллион, екінші рет 500 мың теңге несие рәсімдеді. Ол аздай бір дүкеннен«Газельдің құрал-жабдығына» деп 980 мың теңгеге несие тағырәсімдеді.Ешкімге айтпауымды өтінді. Аруағы бар емші болғандықтан бірдеңе деуге қорықтым. Қызым емделсе болды, несиені төлеп берер дедім, — дейді Гүлбану.
Кейін Гүлбанудың күйеуін шақыртып, оның да атына екі банктен несие рәсімдейді.
— Қызымның еміне жолдасым екеуміз әзер ақша тауып отырмыз. Осындай қиналған сәтте алаяқ емшінің құрбаны болғанымыз жаныма қатты батады, — дейді Гүлбану.
Жәбірленушінің бірі, бес баланың анасы Сағила Сырабаева да емшіге күйеуі екеуі 6 миллион теңге несие алып берген.
— Былтыр ауырған кезде дертіме шипа іздеп емшіге бардым. Кереуетке жатқызды, басымды, арқамды уқалап, қамшымен дем салды. Содан кейін телефонымды алып, менің атыма несие рәсімдеді. Кейін күйеуімді шақырып алып, екі айдың ішінде төлеп беретінін айтып, оған да несие алдыртқан. Ал қазір қарызымызды төлей алмай отырмыз, — дейді Сағила.
Алданғандар емшіден қарызын сұрай барған кезде бірі-бірімен танысқан. Кейін барлығы келісіп,WhatsApp желісі арқылы топ құрады. Олардың айтуларынша, қазір топта 54 адам бар. Ауыл-аймақтардан да алданғандардың қатары көп көрінеді.
Емшінің«қармағына» түскендердің алды 23 миллионға дейін несие алып берген. Ең азы банкке 1 миллион теңге бережақ. Барлығы да алған ақшаны емшінің шотына аударған. Алғашқы кезде аз көлемде несие алдыртып, оны төлеп, сенімге кірген.Емші кейін түрлі сылтау айтып төлеуді тоқтатқан көрінеді.
Тергеу жүріп жатыр
Қиналған халық жиналып, емшінің ем жүргізетін орталығына барды. Алайда басы дауға қалған әйел сыртқа шықпаған соң оқиға орнына қаланың бас полицейінің өзі келіп, күдіктіні тергеуге алып кетті. Ақтөбе қаласы полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиевтің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы үшінші бөлігімен іс қозғалған. Қазіргі таңде тергеу жүргізіліп жатыр. Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, санкциямен екі ай қамауға алынды. Соңғы мәлімет бойынша 52 адам арыз түсірген. Шығын көлемі 160 миллион теңгеден асады.
Не істеу керек?
Психоанализ бағытындағы психолог Эльвира Қасымның айтуынша, адамдардың емші жағалап кетуіне түрлі жағдай себеп болады.
— Адамның барлығында «магическое мышление» болады.Яғни адам кейде дәлелденген нәрсеге емес, тылсым күштерге сенеді. Психоанализде бұл нәресте кезеңмен байланысты. Дүниеге келген сәби ересек адамға толық тәуелді болады. Егер ата-анасы күйзеліске түсіп, балаға дұрыс күтім жасай алмаса, бұл оның есейгенде өміріне әсер етеді. Мәселен, адам жақынынан айырылады, қатты күйзеліске түседі немесе қатерлі ісікке шалдығуы мүмкін. Осы кезде адам бейсаналы түрде нәрестеге айналады. Барлық нәрсеге сенеді, тез алданып қалады. Осындай кезде өзі үшін біреудің ойланғанын қалайды. Болып жатқан оқиғаны қорытатын сыртқы объекті іздейді, көмек күтеді. Бұндай сәтте сауатты адам тығырықтан шығу үшін психологтің көмегіне жүгінеді. Ал кейбіреулер емшіге барады. Емші адамдармен жұмыс жасағаннан кейін алдына келген кісінің психологиялық жағдайын біледі. Психологияда қолданатын кейбір құралдарды қолдануы мүмкін. Сөйтіп, адамның ішкі халін бірден түсінеді. Бұл жерде ешқандай магия, яғни сиқыр жоқ. Алдына келген адамның әңгімесін тыңдап отырып, оның басындағы жағдайға анализ жасайды, — дейді Эльвира Қасым.
Сондай-ақ психолог: «Алаяқтарға жиі алданатын адамдардың ішінде өзі де біреуді алдағысы келіп тұратын сезім болуы мүмкін», — дейді.
— Өзі басқа адамды алдай алмайды, оған ар-ұяты жібермейді. Сондықтан ойындағысын жүзеге асыра алмағандықтан алаяқтың қармағына тез түседі. Психологияда осындай да тұжырым бар. Жалпы,«Алаяққа алданбас үшін мына нәрсені жасау керек деген қағида жоқ. Ауыр күйзеліске түскен адамның психикасы бұзылады. Оны біз бақылай алмаймыз. Осылайша күйзеліске түскен адам әр нәрсеге ұрынады. Өзімізге беймәлім нәрсені өзге адам біледі деп ойлаймыз. Емшіге барып, ол ғайыптан бір хабар алып береді деп сенеміз. Ал шын мәнінде бұл — адамның өзін-өзі алдауы, — дейді психолог.
Эльвира Қасымның айтуынша, соңғы кездегі ақпараттар ағынының тым көптігі адам психологиясына ауыр жүк түсіріп отыр. Адам жан-жақтан құйылып жатқан түрлі мәліметтерді қорытып үлгере алмайды.
— Кейінгі кезде позитивті психологияны дәріптеп жүргендер көп. Бірақ біз шектен тыс қиялға беріліп кетуді қолдамаймыз. Психоанализ ащы да болса, шынайы нәрсені қабылдап үйренуге үндейді. Күйзелістен қашып құтыла алмаймыз, бұл — өміріміздің бір бөлшегі. Бірақ оған берілмеу үшін жанды емдеу керек. Қандайда бір жағдайда тығырықтан шығар жол таба алмасаңыз, пихологқа барыңыз. Болмаса жан сырыңызды айтатын құрбы, жолдастарңыз болуы керек. Жалпы, ең дұрысы — психотерапиядан өту, — дейді Эльвира Қасым.
Кәмшат ҚОПАЕВА.