Жасөспірімдер тәрбиесі: қолдау мен қорғау
«Өкінішке қарай, оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті, зорлық көрсетуі тыйылмай отыр. Соның кесірінен олар өз-өзіне ол жұмсауға, яғни суицидке дейін баруда. Буллинг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына және олардың жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізеді. Сондай-ақ, оқу үдерісіне кері әсер етеді. Балалардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеп соқтырады. Мемлекет баланың құқығы мен қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ, буллингке біржола тосқауыл қоюы қажет».
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Соңғы кезде елімізде жасөспірімдер арасында суицид және буллинг жасау деректері көбейіп барады. Мәселен, былтыр облыста буллинг жасау дерегі бойынша екі оқиға тіркеліп, нәтижесінде екі оқушы көз жұмды. Осындай оқиғалардың қайталанбауы үшін оқушылармен және ата-аналармен бірлесе жұмыс жасап, оларға психологиялық қолдау көрсету маңызды. Біз осы орайда жауапты мамандармен тілдескен едік…
403 білім беру ұйымында 492 психолог бар
Өкінішке қарай, қазір мектептерде қатарластарына әлімжеттік көрсету, ақша бопсалау, мазақтау, қорлау, т.б. түрлі буллинг жасау деректері азаймай отыр. Қалай жасырсақ та мұндай әрекеттер мектептер мен колледждерде бар. Облысымызда мұндай қайғылы оқиғалар бұған дейін де бірнеше мәрте болған.
Облыстық білім басқармасының бас маманы Әмина Нұрманованың айтуынша, бүгінде облыста 43 783 тәрбиеленушісі бар 607 мектепке дейінгі ұйым, 160 492 контингенті бар 405 мектеп және 23 128 студент білім алатын 40 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар. Осы оқу орындарында бала құқығын қорғау, олардың заңды мүдделері мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» бойынша жұмыстар жүргізілуде.
— Қазіргі таңда облыстағы 403 білім беру ұйымында 492 психолог және 350 әлеуметтік педагог жұмыс істейді. Облыстағы кәмелетке толмаған балаларды психологиялық қолдау мақсатында өңірімізде кәмелетке толмағандар арасында суицид деректерін зерделеу бойынша өңірлік ведомствоаралық топтар құрылып, бүгінде барлық мектеп пен колледжге сенім жәшіктері орнатылды. Келіп түскен өтініштерді психолог мамандар қарап, көмек көрсетеді. Бұдан бөлек отбасы, әйелдер және балалар мәселелері бойынша «111» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығының сенім телефоны іске қосылды. Сондай-ақ облыста «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығы ашылып, қазір ата-аналар мен оқушыларға жан-жақты көмек көрсетіп жатыр. Ал «Жан сыры» психологиялық консультация кабинетінде психологиялық қолдауға мұқтаж кез келген білім алушылар мен ата-аналар ақысыз түрде қызмет ала алады. Бүгінге дейін 508 өтініш түсті. Оның ішінде білім алушыларға — 254, ата-аналарға 254 консультация өткізілді,— дейді бас маман.
Оның айтуынша, облыста буллингке қарсы «KiVa» бағдарламасы өңірдің 13 мектебінде жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен 24/7 режимінде балалар мен ата-аналарға «Bala Qorgau» QR-коды арқылы тегін консультациялық көмек көрсетіледі. Дегенмен өңірдегі білім беру ұйымдарында жан-жақты жұмыстар жүргізілсе де, былтыр оқушылардың өлімімен аяқталған бірнеше дерек тіркелді. Бұл аталған бағыттағы жұмыстардың әлде де болса жүйелі түрде жолға қойылмағандығын білдіреді.
«Қазіргі балалардың психикасы әлсіз»
Бүгінде Ақтөбе қаласында оқушылар мен ата-аналарға арналған «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталыққа жыл басынан бері 600 ата-ана баласымен келіп, психолог мамандардан көмек алған.
Облыстық білім басқармасының «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары, психолог Меруерт Жұбандықованың айтуынша, қазір мұнда 20 адам қызмет етеді. Оның 18-і — психолог. Орталық былтыр мамыр айында ашылған. Бұған дейін бұл мекеме облыстық әдістемелік орталықта психологиялық кабинет ретінде жұмыс істеген. Қазір сол жердегі мамандар арнайы орталыққа келіп жұмыс жүргізіп жатыр.
— Бүгінде облыстағы мектеп және арнаулы оқу орындары оқушылары арасында аутодеструктивті мінез-құлықтар, оның ішінде суицидтік әрекеттер, ерте жүктілік, жыныстық қолсұғушылық, зорлық-зомбылық, буллинг, кибербуллинг мәселелері тіркелуде. Қазір біз осындай жағымсыз оқиғалардың алдын алу және оны болдырмау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Оқу-ағарту министрлігінің №377 бұйрығына сәйкес білім беру ұйымдарында мекеме басшысы, оның орынбасары, әлеуметтік педагог, психолог, сынып жетекшісі, мектеп медбикесі, кәмелетке толмағандар жөніндегі инспектор «тәрбие мүшелері» деп келтірілген. Осы жауапты мамандар білім алушылардың қауіпсіздігі, сауаттылығын арттыру мен дамыту бағытында жұмыс істейді. Бүгінде осы мамандарды жұмылдыра отырып, облыста үш жоба жүзеге асырылуда,— дейді М.Жұбандықова.
Оның айтуынша, бірінші жоба — «Стоп, буллинг» жобасы Ақтөбе қаласындағы 40 мектепте, сондай-ақ Темір, Шалқар аудандарындағы бірнеше мектепте жүзеге асырылуда. Екінші жоба — «KiVa» бағдарламасы бойынша аудандардан бір пилоттық мектеп және Ақтөбе қаласында Назарбаев зияткерлік мектебі таңдалып, осы ұйымдарда оқушылармен жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Үшінші жоба «Үйлесімділік» деп аталады. Бұл жоба ата-ана, бала және педагогтің бірлесіп жұмыс жүргізуіне арналған. Сондай-ақ мазасыздығы жоғары балалармен жұмыс жүргізуге арналған «Сенім. Тірек. Кеңестік» жобасы да іске асырылуда.
— Қазіргі балаларды акселераттар деуге болады. Себебі бұрын қазақта жасөспірімдерді «Он үште отау иесі» дейтін болса, қазіргі балалардың психикасы әлсіз, мінез-құлықтары агрессивті. Соңғы кезде 9-10 жастан бастап балалардың ойлауы, дамуы өзгеруде, қазір балаларымыз «миллениал ұрпақтар» қатарына жатады. Сондықтан балалардың қызығушылығы төмен. Қазіргі балаларды қызықтыру өте қиын. Сондықтан ата-аналар балаларымен жиі сөйлесіп, сырласуы керек. Қазіргі ұрпаққа деген қарым-қатынасты өзгертуіміз қажет. Біз бүгінде балалардың материалдық жағынан гөрі рухани құндылықтарын көбірек ойлауға тиіспіз. Психолог маман ретінде айтарым, әр ата-ана өз баласын күніне бірнеше рет құшақтап, мейірімін, сүйініспеншілігін көрсетуі керек. Себебі балаларға жетпейтіні — жылулық пен сүйіспеншілік, — дейді Меруерт Жұбандықова.
Психологтың айтуынша, негізі мінез-құлықтағы өзгешеліктер мен ауытқушылықтар балалардың 3, 5, 7 жасында болады. Мысалы, 7-8-сыныпта оқитын оқушылардың балалық шақта алған түрлі дерті, соққысы, күйзелісі жасөспірім шағында байқалады. Сондықтан ата-аналар балаларына балабақшадан бастап көңіл бөлуі керек.
— Біздің орталыққа қазіргі таңда өтпелі кезеңде жүрген, яғни 7-11 сыныпта және колледждің 1-курсында оқитын оқушылар мен олардың ата-аналары көп жүгінеді. Жалпы, жасөспірімдердің көбі осы өтпелі кезеңде мінез-құлқы өзгеріп, ата-анасымен тіл табыспай, түрлі манипуляцияларға барады. Мәселен, қыз балалар айтқаны болмай, ойлағаны жүзеге аспаса, дәрі ішіп, өзіне қол жұмсауға дейін баруы мүмкін. Бұл — суицидке әрекеттену деген сөз. Ал ер балалар арасында мұндай жағдайлар жақын адамдарынан көңілі қалып, белгілі бір себептен өмірден баз кешуінен болады. Тағы бір жайт, қазір өңірімізде қыз және ер балалар арасында өгей әкесінен, ағасынан, туысы немесе көршісінен зәбір көріп, жыныстық қол сұғушылық дерегі анықталып жатқан жағдайлар бар. Ата-аналар көп жағдайда жыныстық қол сұғушылық деректерін жасырады. Мәселен, 2023 жылы облыста мұндай бірнеше дерек тіркелді. Былтыр мұндай оқиға тіркелген жоқ. Бұл жағдай ата-ананың баласымен ашық сөйлеспеуінен, сондай-ақ қазіргі балалардың көп дүниені интернеттен көріп, білуінен болып отыр. Ал суицидтік жағдайлар мектеп оқушылары арасында көптеп тіркелуде,— дейді психолог.
Меруерт Жұбандықова балалардың суицидке баруының бірнеше себебін атады. Оның қатарында ата-анасымен жанжалдасып, дұрыс қарым-қатынас құра алмауы, жалғыздықты сезінуі, жауапсыз махаббат, т.б. Сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы жас психологтардың біліктілігі мен тәжірибесі жетіспеушілігінен кейде қателік кетіп жатады. Яғни балаларға сауалнама жүргізгенде маман шкалаға қарағанымен, ішіндегі сауалдарға мән бермейді. Соның салдарынан оқушылардың басындағы жағдайлар жіті тексерілмейді.
— Біз мектеп психологтарына білім беру ұйымының әлеуметтік паспортын қарап, мектепте қанша толық емес, сәтсіз отбасыдан шыққан, ерекше білімді қажет ететін, отбасында өгей әкесімен немесе анасымен тұратын балалар бар екенін сараптап, олармен көбірек жұмыс жүргізу керектігін үнемі айтып отырамыз. Ережеге сәйкес, мектепішілік тәуекел топқа да бақылау жүргізілуі керек. Тіпті көп балалы отбасылардың баласын да психологтар қадағалауы керек. Қазіргі балаларға «жоқ» деген сөздің өзін әдемілеп жеткізу қажет. Себебі балалардың психикасы әлсіз, оларды бірден «тәртіпке бағындырамын» деу дұрыс емес,— дейді ол.
Маманның айтуынша, орталыққа келетіндердің арасында буллингке ұшыраған оқушылар да бар. Мәселен, бұған дейін орталық мамандары бірнеше жыл бұрын қайғылы оқиға кезінде психологиялық соққы алған Шалқар қаласындағы Б.Сүлейменов атындағы мектептің оқушылары мен олардың ата-аналарымен жұмыс жүргізген. Қазіргі таңда жоғарыда атап өткен былтыр буллинг салдарынан көз жұмған екі мектеп оқушыларының ата-аналары мен білім беру ұйымдарының оқушылары келіп, мамандардан кеңес алып жүр.
— Біздің орталықта Есет батыр атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде көз жұмған оқушының анасы мен егіздің сыңары келіп, психологиялық көмек алды. Сондай-ақ Қопа ауылына барып, мектеп оқушыларымен кездесулер өткіздік. Алдағы уақытта бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Жалпы, біздің орталық кез келген көмекке мұқтаж оқушыға, ата-анаға қолдау көрсетеді. Қазір біздің мекемемізде call-орталық 24/7 режимінде жұмыс жасайды. Нөмірі: 8-702-031-25-22. Осы телефон арқылы ата-аналар алдын ала жазылып келеді. Бұлжердебаламен де, ата-анамен де мамандартерапиялықжұмыстаржүргізеді. Терапиялықжұмыстардыңмерзімі 1-6 ай аралығында, — дейдіМеруертЖұбандықова.
Айта кету керек, бүгінде облыстағы бірқатар білім беру ұйымдарында психолог мамандар тапшы. Ал жеке колледждерде қызмет етіп жүрген мамандардың тәжірибесі аз. Сондай-ақ ауылдық мектептерде психологиялық кабинеттердің көбі арнайы жабдықталмаған.
Данагүл ҚАЗИХАН.