Сүр бойдақтар көбейіп бара жатыр…

Кейінгі жылдары елімізде сүр бойдақтар мен кәрі қыздар көбейіп барады. Кеш үйлену қалыпты құбылысқа айналғандай. Жігіттер жағы жақсы қыздың тапшылығын айтса, қыздардың көпшілігі ер адамдардың майдаланып бара жатқанын алға тартады. Бойдақтардың кеш үйленуінің өзіндік себептері бар, әрине. Осы тақырып төңірегінде қоғам белсенділері мен заңгерлердің, психологтардың пікірін білген едік…
Үйлену оңай ма?
Бүгінде кеш үйлену, асықпай тұрмысқа шығу қалыпты жағдайға айналып барады. Үйленуге құлқы жоқ сүр бойдақтардың «Той қашан?» деген сұраққа еті үйренген. Жастардың дені әлеуметтік жағдайды желеу етіп, отбасын құруды екінші орынға ысырып қояды. Әрине, үй-күйсіз жүрген бойдақтардың жағдай жасап алып, үйленемін деуі дұрыс та шығар. Отбасындағы дау-дамайдың дені әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. Тағы бір себеп — таңдаған жанның табылмауы. Өз жағдайын жасап алған қыз жалаңаяқ жігітке болашағын сеніп тапсыра алмайды. Ал отыздан асқан ер-азамат жас қыздарға үйленгісі келеді. Оқыған-тоқыған қызды менсінбей жүргенде, жігіттер уақытты өткізіп алады. Бұл жағдай еліміздің демографиялық ахуалына кері әсерін тигізіп, сүр бойдақтар мен кәрі қыздардың санын арттыруға себеп болып отыр.
Бойдақтардың бір бөлігі жалғыздықтан қашпайды. Отбасылық психолог Хұсни Ғабсаттардың айтуынша, бойдақтардың үйленбей жүруіне — отбасылық жауапкершіліктен қашуы себеп.
— Бойдақтардың отбасын құруға асықпауын материалдық жағдаймен байланыстыру дұрыс емес. Олар өз-өзіне деген сенімсіздіктен үй болудан қашқақтайды. Күн сайын психологтің кеңесіне жүгінетін жастарымыз көбейіп келеді. Олардың дені отбасылық өмірге дайын емес. Психологиялық сауалнама нәтижесінде бойдақтардың көбіне әлеуметтік желі арқылы танысатындығын анықтадық. Танысқандарына екі-үш ай өтпестен бас қосқан жастар бір жылға толмай «мінезіміз жараспады» деп ажырасып жатады. Қит етсе күйгелектікке салынатын жастарға «Той қашан?», «Қашан үйленесің?», «Бір шүйкебасты тапсайшы» деген сөздердің өзі психологиялық әсер етеді. Бір қуантарлығы, қазіргі жастар өзін-өзі тануға, оқу-білімге жіті назар аударады. Білім қуып жүріп, сүр бойдақ атанғандар есейген сайын талғампаз болып кетеді. Жалғызбастылар, ең алдымен, әлеуметтік жағдайын жасап алуға асығады. «Үй алсам, көлік алсам, көп ақша тапсам…» деген арманның жетегінде жүріп, уақыттың қалай зымырап өткенін байқамай қалады, — дейді Хұсни Ғабсаттар.
Жуырда 30 жастағы бір жігіт жеке өмірінде тұрақтылық жоғын айтып, психолог көмегіне жүгінген. Психологтің айтуынша, өзін-өзі қамтамасыз еткен жігіт отбасын құруға қорқады. Хұсни Ғабсаттар Әлібек секілді талай адамға ақыл-кеңес беріп, мінсіз адам болмайтынын түсіндірген.
Қоғамда жасы 40-тан асса да мойнына жауапкершілік ала алмайтын жігіттер бар. Бұрын нағыз үйленуге қолайлы кезең 25-28 жас болғанымен, сананы тұрмыс билеген бүгінгі заманда бұл 25-34 жасқа дейін ұзарып кетті. Қыз ибалылығын сақтап, бірінші болып ұсыныс жасамасы анық. Сондықтан ер-азаматтар отбасылық жауапкершіліктен қашпай, алғашқы болып қадам жасаса, 35-45 жасқа дейін шаңырақ көтермей жүретіндер азаяр ма еді?.. Психологтің айтуынша, отбасын құруға ниетті жұптардың бір-бірімен өзара ашық сөйлесе алмайтыны байқалады. Кейбір адамдар отбасында өз ойын ашық айтпауы салдарынан өзара келіспеушілік ұрыс-жанжалға ұласады.
— Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай тұр. Соның салдарынан шаңырақтың шайқалуы, балалардың жетім қалуы, ажырасу сынды жайттар да көп тіркеледі. Әйелге, балаға қол көтеру заңмен жазаланса да, жәбірленушілер азаяр емес. Жуырда маған 32 жастағы бір қыз келіп, өзінің психологиялық қысымға тап болғанын айтты. Әңгіме барысында тұрмыстық кикілжіңдердің әлі тұрмысқа шықпаған қызға соққы болып тигендігін байқадық. Оның әкесінен көрген зәбірі оған психологиялық жарақат салған. Отбасын құруды жоспарлап жүрген бойдақтарға айтарым, бір-біріңмен ашық сөйлесіп, іштегі ашу-ызаны сабырмен шешуге тырысыңыз. Сонда ғана отбасындағы ауызбіршілік беки түседі, — дейді Х.Ғабсаттар.
Ал «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қатысушысы Әбдібековтер отбасы «шаңырақтың шаттығы — татулықта» дейді:
— Мен жолдасымды бала кезден танимын. Бір сыныпта оқыдық. Есейе келе бір-бірімізді ұнатып,шаңырақ көтеруді ұйғардық. Бүгінде төрт қыз, бір ұлдың анасымын. Шаңырақтың шаттығы ауызбіршілікте деп санаймын. Ата-анаңды қалай сыйласаң, өзіңнің шаңырағыңа да дәл сондай құрметпен қарау керек. Шаңырақтың шаттығы мен беріктігі, міне, осында. Қазіргі жастар үйленіп, үй болуға, сәби сүюге асықпайды. Кейбірі қас қарайғанша жұмыста отырады. Отбасын құру былай тұрсын, қызбен танысуға уақыт таппайтын бойдақтардың кеш үйленуіне әлеуметтік жағдайлары себепші болар… Сондықтан отбасын құрып, ұрпақ сүймес бұрын әлеуметтік жағдайыңды дұрыстап алғаның жөн. Отбасын құрғаннан кейін жас отбасыларда ажырасу деген мәселе туындамауы керек. Мәселен, біздің шаңырағымызда, сыйластық қағидасы бірінші орында тұрады. Кез келген отбасылық мерекелерді атаусыз қалдырмаймыз. Үйдегі отағасымен бірге балаларымызға ұлттық салт-дәстүрлерімізді қолдан келгенше дәріптеп келеміз. Мәселен, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына үш жыл қатарынан қатыстық. Байқауда жеңімпаз атану басты мақсатымыз болған жоқ. Қайта осындай байқаулар отбасының беріктігін нығайта түсті. Былтыр осы байқаудың қалалық кезеңінде 3-орынға қол жеткіздік. Ұрпаққа үлгі отбасылардың басын қосатын мұндай іс-шаралардың жиі өткізілгенін құптаймын. Қазіргі жастар үй болудың қадірін жете түсінсе екен, — дейді көпбалалы ана Аяжан Баекина.
Кеш үйлену еліміздің демографиясына да әсер ететіні анық. Демограф Аяулым Сағынбаева: «Халықтың саны өспейтін болса, онда экономикалық-әлеуметтік даму болмайды. Өйткені барлығы адам үшін жасалады және оны адамдар жасайды. Халықтың саны жеткіліксіз болса, инвестициялар да көп келмейді», — дейді.
Ата-бабамыз бағзы заманнан бері ұстанып, өмір салтымызға еніп кеткен ислам діні ерте үйленгенді құптайды. Пайғамбарымыз: «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні басқа үмметтерге мақтанамын» деген.
Не істеу керек немесе
«Бойдақ салығы»
Соңғы күндері «Бойдақтар табысының бес пайызын салық ретінде ұстау керек» деген Парламент Мәжілісінің депутаты Болат Керімбектің жиында сөйлеген сөзі әлеуметтік желілерде, БАҚ-та жаппай таралып, қоғамның қызу талқысына түскен-ді. Оның айтуынша, жастардың жағдай жасап алып үйленемін деуі — жай сылтау. «Бұл — қоғамдағы қатынасты реттеу, жастарға сигнал ретінде тәртіпке, ретке келіп, көпбалалы болу мақсатында берілген ұсыныс. Бұдан, шынын айтқанда, көп ақша да түспейді. Салық 35 жастан жоғары 50 жасқа дейін ғана болу керек», — деп атап өтті депутат. Бұл ұсыныс тұрмыс құрмаған, үйленбегендердің санын азайта ала ма? Ақтөбе облысы бойынша заң консультанттар палатасының мүшесі Абзал Бекетовтің айтуынша, бір басын екеу ете алмай жүргендерге салық жүйесін ұсыну ақылға қонымсыз.
— Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Сталин «бойдақ салығын» енгізгені белгілі. Өйткені майдангерлер соғыстан оралмай, қаншама әйел жесір қалды. Кейін бұл заңның күші жойылды. Біздер құқықтық мемлекетте тұрып жатырмыз. Мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырушы — Ата Заңымыз бар. Заманның ағымына қарай түрлі заңдар қабылданып, ескілеріне өзгерістер енгізіліп отырады. «Бойдақ салығының» қоғамға тигізетін еш пайдасы жоқ. Конституцияның 18-бабына сәйкес әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар. Яғни әркім өзінің жеке өмірін қайда, қалай, кіммен сүреді өз еркі, оған ешкімнің қол сұғуына құқығы жоқ. Кеңес дәуірінен айырмашылығы — күні-түні еңбекке жарамды адам баласы қаржы табу жолында аянбай еңбек етіп, отбасын асырайды. Шыны керек, соңғы жылдары ажырасу туралы өтінішпен заңгер көмегіне жүгінгендердің дені — 20-25 жастағы жастар. Ал «Бойдақ салығын» енгізу туралы бастама жалған некелердің көбеюіне себеп болары хақ. Салық салу арқылы отбасы санын көбейтуден гөрі, жастардың тез аяққа тұруына жағдай жасау керек деп есептеймін, — дейді А.Бекетов.
ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ?
Ерсұлтан ШЫҒАНАҚ, қала тұрғыны:
— Отбасын құруға ниетті адам ештеңеге қарамайды. Кеш үйленетіндердің саны көбейіп бара жатса, уақыты келмей жүрген болар. Әрине, маңдайға жазылған күнді күтіп отыруға да болмайды. Баланы жастан дұрыстап тәрбиелесе, жастарға мемлекет жағдай жасаса, жағдай дұрысталатын шығар. Мен де осы жылы 29-ға келемін. Қазақтың инабатты, ибалы қызы жолықса, биылдан қалмай отбасын құруға ниеттімін. Негізі, отбасын құрған ер-азамат бойдақтарға қарағанда 10-15 жыл ұзақ өмір сүретіні дәлелденген. Сондықтан отау иесі болуға асыққан дұрыс.
Әйгерім САЙЛАУҚЫЗЫ, қала тұрғыны:
— Бойдақтардың кеш үйленуіне әлеуметтік жағдай себеп. Бүгінде айлығы шайлығынан ауыспайтын адамдардың дені пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Кейбірінің айлығының аздығы мемлекеттік бағдарламалар арқылы үйлі болуға кедергі. Сондықтан отау тіккісі келген жастарға мемлекеттен жеңілдетілген несие берілгенін қалаймын. Күн сайын әлемде сан алуан жаңалық болып жатады. Әлеуметтік желі арқылы танысатындардың да қатары көбейіп келеді. Бұл онлайн әлемдегі таныстық дұрыс отбасын құруға себепші болса игі. Бір жағынан, «Таңдаған тазға жолығады» деп, ойланбай тұрмысқа шығуға да болмайды. Өмірлік серігіңді таңдаудан қателессең, өмір бойы опық жеуің ғажап емес.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.