Мәдениет

«Қайырлы таң, «Ақтөбе»

Бибігүл БИМАНОВА,

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының редакторы:

– «Қайырлы таң, Ақтөбе» ақпаратты-сазды бағдарламасын эфирге шығару үшін үлкен шығармашылық топ жұмыс істейді. Таңғы сағат 7.30-да басталатын бағдарламадан көрермен екі жүргізушіні ғана көреді. Ал егер кадр сыртында тынымсыз еңбектеніп жүрген дыбыс режиссері, операторлар, жарық беруші, эфирге шығарушы сынды мамандардың біреуі болмай қалса, екі жүргізушіміз бағдарламаны көрерменге жеткізе алмас.

Бағдарлама бұрын «Таң нұры» деген атпен шығатын. Жаңа маусымнан бастап оның атын ғана емес, сонымен бірге мазмұнын да өзгерттік. Әр аптаның дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері өтетін бағдарлама, негізінен, танымдық бағытта болады. Әр бағдарлама белгілі бір тақырыпқа арналады. Соңғы айда бағдарламамыз «Балаға есім қою қиын ба?», «Қай көшенің тұрғынысыз?», «Би – биік өнер», Бәкірдің әндері», «Әскердегі өмір», «Уәдеге беріксіз бе?», «Ұлттық намыс», «Көршіңізбен қалайсыз?», «Қазіргі қазақ эстрадасына көңіліңіз тола ма?», «Бірінші байлық – денсаулық», «Ақшаны қалай үнемдейсіз?», «Егіздердің ерекшелігі», «Балабақшадағы бала тәрбиесі», «Жол ережесі және жүргінші», «Үй жануарлары», «Нақты ғылымның Ақтөбедегі дамуы» тақырыптары бойынша әзірленді. Тақырыптар сан алуан болғандықтан, бағдарламаға әр түрлі саланың өкілдері шақырылады, басшылар да, өз пікірін білдіруге әзір қарапайым адамдар да қатысады. «Қайырлы таң, Ақтөбе» ақпараттық-сазды бағдарлама болғаныменен, сан алуан ой-пікірлер айтылып, кейде қызу пікірталас жүріп, ток-шоудың міндетін атқарып кететіні де бар.

Ертеңгілік ұйқыдан тұрып, теледидарды қосқан көрерменге «Шаһар жаңалықтары», «Білгіңіз келсе…», «Ас – адамның арқауы», «Сән әлемі», «Сергек», «Шипа», «Жұлдыз-жорамал» айдарлары бойынша қысқа ақпараттар, пайдалы кеңестер ұсынамыз. Жұма күні мешіт өкілдері шақырылады.

Әрине, ең бастысы – көрерменнің көңілін сергітсек, жаңа күнді жақсы көңіл-күймен бастауына көмектессек дейміз. Сондықтан бағдарлама барысында әсем әуенге ерекше назар аударылады.

Бағдарлама жүргізушілері – әрі жүргізуші, әрі журналист. Олар тақырып таңдаудан бастап, бағдарламаны әзірлеу барысындағы барлық жұмыстарды өздері атқарады.

Бағдарламаны эфирге шығаратын журналистер де, техникалық қызметкерлер де таң сәріден тұрады. Таңғы сағат алтыда жұмыста болуға тиіссің. Өзіміз жұмысқа келе сала тікелей эфирге шақырылған қонақтарымызды ұялы телефон арқылы мазалайтынымыз тағы бар. Шашыңды әсемдеп, бетіңді әрлеу де біраз уақыт алады. Ұйқыңның қанбағанына, кей уақытта көңіл-күйіңнің жоқтығына қарамастан, көрермен алдына жадырап, жарқырап шығуың керек. Бұл ретте біздің топқа режиссер Ертай Ақмағамбетовтің көмегі көп. Ол телеарнада біраз жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде аузынан бірде-бір рет «ұйқым қанбады» деген сөз шыққан емес. Үнемі көңілді жүреді. Ұйқысы қанбай, маужырап тұрған әріптестерін сергітіп, тікелей эфир алдында жақсылап күлдіріп те алады.

Көрермендер кейде жүргізушілердің жеке өмірлері туралы мәліметтер сұрап, телефон шалып жатады. Әріптестерім Әнуарбек Мырзатайұлы мен Әділбек Құламан жайында айтар болсам, олар – телевизия саласында біраздан еңбек етіп келе жатқан мамандар. Әнуарбектің отбасында жақында үлкен қуаныш болды – сәби дүниеге келді, ал Әділбек әзірге отбасын құрған жоқ. Өзімнің жолдасым, екі балам бар. Балаларым кішкентай, бірақ журналист келініне әрдайым түсіністікпен қарайтын, немерелерінің күтімін өз мойнына алған анамыздың арқасында көп қиындық көрмей келемін. Таңғы уақытта мені көбіне эфирден көріп үйренген балаларымның орыс тіліндегі таңғы бағдарлама жүріп жатқан кездері: «Мама, жұмысыңа барсаңшы, сенің диваныңа басқа апалар отырып қойыпты ғой», – дейтіні бар…

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Сәлеметсіздерме!Мен сіздерден сұрайын дегенім,6мамыр күні «Қайырлы таң-Ақтөбе»тікелей эфиріне түскен болатынмын.Соны қалай көруге болады.Өзім Орал қаласынанмын.»Отаным-отбасым»аймақтық отбасылар байқауына барған болатынбыз.Рахмет!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button