Экономика

Ақтөбелік кәсіпкерлерді не мазалайды?

Талқы

«Атамекен» ҚР ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевпен онлайн-кездесуде Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшелері бірқатар проблемалық мәселелерді көтеріп, оларды шешудің ықтимал жолдарын ұсынды.

Кездесу барысында агроөндірістік кешен, яғни, субсидия мәселесі, азық-түлік өнімдерін сату, басқа да тақырыптар талқыланды. Мәселен, фермерлер ірі қара малдың асылтұқымды сүтті табынының аналық мал басын толықтыратын төліне жемшөпті субсидиялаудың жоқтығы туралы айтты.

— Мал шаруашылығын субсидиялаудың қазіргі ережелеріне сәйкес субсидиялау үшін кемінде 50 бас ірі қара малы (аналық мал) болуы тиіс. Оған қоса жасы 18 ай болмаған мал да субсидиялауға жатпайды. Бұл жерде сүтті мал шаруашылығының етті мал шаруашылығынан айырмашылығын ескеру керек: ұрғашы төлді 13 айға жеткенде аналық мал ретінде есептеп, оған субсидия берілуі тиіс. Егер бұл өзгеріс енгізілсе, сүт-тауарлы фермаларға мал жемшөбімен қамтамасыз ету бағытында жақсы қолдау болар еді. Сондай-ақ етті және сүтті ірі қара малын өсіріп отырған агроөндірістік салалар үшін жемшөпті субсидиялау ережелері де бірдей. Ал негізінде сүт-тауарлы фермалар жемшөпке етті бағыттағы фермаларға қарағанда айтарлықтай артық шығын жұмсайды, — дейді «Ақтөбе облысының сүт және сүт өнімдерін өндірушілер қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Марат Итеғұлов.

Осыған байланысты фермерлер аналық басының төлін толықтыру үшін азықтарды қосымша субсидиялауды көздейтін мал шаруашылығын субсидиялау қағидаларына толықтырулар енгізуді ұсынды.

ҰКП Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов субсидиялар  көлемінің шын мәнінде 3 жыл бойы өзгеріссіз қалып отырғанын, бұл мәселені АӨК ұлттық жобасының жұмыс тобының назарына ұсынатынын айтты.

Азық-түлік өнімдерін өндірушілер атынан сөйлеген «Ремстройгрант» ЖШС директоры Арыстанбек Жұмабаев бүгінгі таңда өндірушілер өз өнімдерін ірі сауда желілерінің (гипер, супермаркеттер) сөрелеріне шығаруда кедергілерге тап болып отырғандығын алға тартты:

— Өнімді сату кезінде сауда желілері отандық тауар өндірушілерге ретро-бонустар, сауда сөрелеріне ақы төлеу, жарнама шығындары тәрізді қосымша үстемеақылар қосады. Бұл тауар бағасына әсер етеді, әрі отандық тауар өндірушілер үшін ауыр шығын болып есептеледі. Бұл проблема ісін жаңадан бастаушылар үшін де, жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер үшін де өзекті. Біздің ұсыныс:  Сауда желілерін отандық тауар өндірушілер ұсынған өнімнің көлеміне есептелген қосымша құн салығын төлеуден босату қажет. Сонда сауда желілері де отандық өнімдерді қуана-қуана қабылдайтын болады, — деді кәсіпкер.

ҚР ҰКП атқарушы хатшысы Асқар Қысықов бұл мәселенің қазір құзырлы мемлекеттік органдарда қаралып жатқанын айтты.

Ал Ақтөбе облысының өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының бизнес субъектілеріне техникалық шарттар беру кезінде қоятын негізсіз талаптары туралы айтты.

«Бизнестің цифрлық түрлері саласында жұмыс істейтін компаниялар «Қазақтелеком» компаниясының қызметтерін баламасыз пайдалануға мәжбүр. Мәселен, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы кабельдік-кәріздік желілерге қосылуға рұқсат сұрауды алған кезде техникалық шарттарды ақылы негізде береді, бұл тиісінше қосымша шығындарға әкеліп соғады, ал кей жағдайларда рұқсат беру процесін кешіктіреді немесе негізсіз бас тартылады. Сондықтан коммуналдық меншік балансына кабельдік-кәріздік желілерін беру немесе қайтару мүмкіндігін қарастыру ұсынылады, —  деді Асхат Айтжанов.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев бұл мәселенің де ведомствоаралық комиссия назарында екенін, Табиғи монополияларды реттеу комитетімен бірлесе отырып шешімі шығарылатынын айтты.

Бұл шараға ақтөбелік кәсіпкерлермен бірге Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының да кәсіпкерлері қатысты. «Атамекен» басшысы басқарма мүшелеріне салалық ведомстволар тарапынан көтерілген барлық мәселелерді пысықтап, шешуді тапсырды. Т.Құлыбаевтың айтуынша, кездесу қорытындысы бойынша өңірлік палаталар мен орталық аппаратқа түскен сұрақтардың барлығы да ескерілетін болады және кәсіпкерлер айтқан проблемалар негізінде «Атамекен» ҰКП жуық арада Үкіметтің қарауына қолдау шаралары мен түйткілді мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарды дайындайды.

Кездесу соңында өңірлік палаталардың жұмысы да сараланды. Ақтөбе өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасованың ақпараты бойынша, былтыр  бизнесті қорғау желісі бойынша түскен 154 өтініштің 151-і (98%) оң шешімін тапқан. Былтырғы карантиндік төтенше жағдай кезінде палатаға 6 458 өтініш түскен.

— 3 817 жалға алушыға 98 сауда объектісі бойынша 70% мөлшерінде жеңілдік берілді, 137 шағын және орта бизнес субъектісі жалға беруден босатылды, 236 субъектіге 4,1 миллиард теңге көлеміндегі несиені өтеу мерзімін кейінге шегеру ұсынылды. 120 кәсіпкерге коммуналдық төлемдер бойынша айыппұл санкцияларын есептемеу мерзімі ұзартылды. Бүгінгі таңда өңірдің жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4,5%-ға артып, 61,8 мыңға  жетті. Сауалнама қорытындысы бойынша 2 300 кәсіпкерге айналым қаражатын толықтыруға берілетін жеңілдікті несие беру, салықтар мен төлемдерді төлеуден босату, несиелерді қайта қаржыландыру, несиені төлеу мерзімін ұзарту сынды мемлекеттік қолдау қажет екені анықталды, — деді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button