Тарих

Ақпанның тоқсаны

Обсерваториясыз-ақ аспанға қарап ауа райын болжайтын біз көрген көнекөз қариялар алдағы күндерінің қалай болатынын ақпан айы шешетінін айтып отырушы еді. Ақпан айының соңғы аптасы суық, аязды болса, наурыз айында жылы болады десетін. Биылғы ақпанның солай болатын түрі бар. Бір-екі күннен бері күндіз де, түнде де аяз болып тұр, осы салқындық айдың аяғына дейін жалғасатын сияқты. Ақпан айының 24-і күні тоқсан дейтін жастың тұғырына шығатын әріптес ағамыз Убайдолла Жаулыбаевты іздеп келе жатып, осындай ойға берілемін. Мұнымен бірге тағы бір жайт есіме түседі, соңғы екі-үш жылдың жүзінде тоқсан жасты толтырған біраз ақсақалдар туралы газетке мақала жазған екенмін, бір ғажабы, солардың барлығы дерлік, ақпан айында туыпты. Тіпті ақтөбелік ат төбеліндей журналистер қауымының ішінен тоқсанға жеткен әріптес ағаларымыз Нұрхайыр Телеуов, Қадірбай Бекмағанбетов осы айда туған екен. Енді, міне, тағы бір әріптес ағамыз сол жастың есігін қақты. Соған қарап ойлаймын ғой, үлкендер айта беретін ақпан айы тегін болмаған-ау деп. Бұл бір сөздің сыралғысы ғой. Әйтпесе тоқсанның тұғырына шығып отырған Убайдулла ағаның өмірдерегін тыңдағанда, жас жасау көп жағдайда әр адамның өзіне байланысты болады дегенге де құлақ қойғың келеді.

Отызыншы жылдардың аласапыранында Шалқар ауданында дүниеге келген болашақ журналистің тағдыр-талайы басынан ауыр болды. Ол үлде мен бүлдеге оранып өскен жоқ. Қарыны тойып тамақ та ішпеді. Қалай үлде мен бүлдеге оранады, қалай қарны тояды, егер төрт жасында анасы өліп, шешеден айырылса,майданға аттанған әкесі соғыстан оралмаса?

Көргені жетімдік, қиындық болды.Ол аздай, балалық шағы соғысқа килікті.Бесінші сыныптан алтыншы сыныпқа көшкенде, мектептен қол үзіп, ұжымшардың қара жұмысына түсті. Әкелері майданға аттанып, үлкендер көтеретін ауыр жүкті  соғыс жылдарында өзі сынды жасөспірім балалармен бірге арқалады.

Соғыс аяқталып, елге жеңіс жеткенде,тылда еңбек еткен үлкендермен бірдей, бұларды да «1941-1945 жыл» медалімен марапаттады. Халық ауызында «Сталиннің басы бар» медаль аталған осы марапат соғыс жылдарында еңбек еткен балаларға біраз артықшылықтар да берді. Ұлы Отан соғысына қатысушылармен теңестірілген ардагер ретінде қазірде де соның игілігін көріпкеледі.

Соғыстан кейін Убайдулланың қатарлары түрлі жолды қалағанда, ол баяғы алтыншы сыныптан бастап қайта жалғастыруға мектеп қабырғасына келді. Оныншыны бітіріп, соғыстан кейінгі ауыр жылдарға қарамастан, таудай талаппен оқу іздеп, Алматыға аттанды. Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетіне түсіп, 1955 жылы  филология факультетінің журналистика бөлімін бітіріп шықты.

Содан бастап оның қазақ баспасөзіндегі 45 жылға созылған еңбек майданы басталды. Алғашқы еңбек жолын университет бітірген жылы үш-төрт жыл Ақтөбе облыстық «Социалистік жол» газетінде бастап, 1991 жылы сол газет «Коммунизм жолы» болып тұрған тұста аяқтап, зейнеткерлікке шықты. Арасында біраз жыл Қобда, Ырғыз, Жұрын, Алға аудандық газеттерінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Журналистер «партияның алтын қоры» атанып тұрған алпысыншы жылдары Алматының жоғарғы партия мектебіне екі жылға оқуға жіберілді. Келген соң облыстық газеттің меншікті тілшісі болып 2-3жыл жұмыс істеп, Мұғаджар ауданында екі тілде шығатын «Еңбек таңы-Коммунист» газетінің редакторлығына тағайындалды. Осы қызметте 24 жыл табан аудармай жұмыс істеді.  Ұлекеңнің бұл аудандық кеңестің депутаты, аудандық, облыстық партия комитетінің мүшесі болып сайланып,абырой биігіне шыққан жылдары еді.

Әйтседе бүгінде кәсіби журналист 1979 жылы өзінің еңбек жолын бастаған облыстық газетке Новоресей, Қарабұтақ, Комсомол аудандары бойынша меншікті тілші болып оралып, сол жерден зейнеткерлікке шыққанын ерекше ықыласпен айтады.

Үлкен мерейлі жасқа жетіп отырған баспасөз сардарының өмір жолы қиындықпен басталғанмен, жемісті жалғасты. Әр жылдарда мемлекеттік медаль, ордендермен марапатталды.КСРО-ның, Қазақстан Республикасының Журналистер одағының мүшесі болды. Қазақстанның құрметті журналисі атағын алды.

Тұрмыста да жолы болып, үш ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Мәлік Хромтаудың Дөң кен байыту комбинатында инженер болып істейді. Екінші ұлы Қарағандының жоғарғы милиция мектебін бітіріп, ұзақ жылдар Алға, Хромтау аудандарында, Ақтөбе қаласында ішкі істер саласында қызмет атқарды. Кенже ұлы да жоғары білімді инженер. Ағамыздың балалары түгілі, немерелерінің өзі жігітағасы жасына жетіп қалды. Үш ұлдан 5 немере, 2 шөбере сүйіп отыр.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары кәсіби журналистік мамандық алған үркердің шоғырындай санаулы азаматтар, облыста аудандық газеттердің редакторы болып ұзақ жылдар еңбек етіп ел есінде қалды. Солардың біріУбайдулла ағаны да оқырман қауым, әсіресе, өзі ұзақ жыл қызмет істеген Мұғалжар ауданының жұртшылығы осы жағынан жақсы біледі деп ойлаймыз. Олай болса, әріптес ағамызды құттықтап, тоқсан жас тұғырлы болғай дейміз.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button