Мәдениет

Бейсекеңді ұмытпайық

Тағзым

Құқық қорғау саласындағы тұлғалы азаматтар туралы сөз еткенде Бейсембай Мусинді айналып өте алмайтынымыз ақиқат.  Оның өмірбаяны өз қатарластарынан көп ерекшелене қоймайды. 1930 жылы Арал ауданының Бөген ауылында, кедей-шаруа отбасында дүниеге келген ол 1945 жылы сегіз сынып бітіргеннен кейін жасы кәмелетке толмаса да,  №2 учаскелік халық сотында хатшы және сот орындаушы болып төрт жыл қызмет атқарады. Бейсембай ағамыздың ертерек жұмысқа бейімделгені – отбасындағы ауыр тұрмыстық жағдайына байланысты болған, осы жылы әкесі Мұса Жүгінісов қайтыс болған кез еді, анасы қария адам болған.

1949 жылы жұмыс жасап жүріп  орта білім алады, сол жылы Алматы мемлекеттік заң институтына түсіп, жоғары білімді заңгер болып шығады.

Осы заң институтын бітіргеннен кейін жолдамамен Әділет министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасында ревизор, ал одан кейін Новоресей, Байғанин, Темір аудандарында халық соты, кейін Батыс Қазақстан өлкесі таратылғанға дейін осы өлке сотының мүшесі, ал тарқатылғасын Ақтөбе облысы сотының мүшесі болды. Сөйтіп, жиырма жылдан астам сот жүйесінде қызмет атқарды.

Кейіннен Ленин, Темір аудандарында және Ақтөбе қаласының Фрунзе ауданында заң анықтау кеңселерінің меңгерушісі болды.

Бейсембай ағай шыныққан, білімі, білігі, тәжірибесі мол заңгер ретінде облысымызға танымал болды.

1976 жылдың мамыр айынан бастап облыстық прокуратураға қызметке шақырылады, бұнда тергеу бөлімінің прокуроры, облыс прокурорының қылмыстық істердің сотта қаралу жөніндегі көмекшісі болып, прокурорлық қадағалаудың ең қиын салаларында қызмет атқарады.

Осында қызмет істеп жүрген кезінде өзінің үздік атқарған қызметі үшін Қазақ ССР және облыс  прокурорларының бұйрықтарымен бірнеше мәрте марапатталып, оған кіші әділет кеңесшісі шені берілді.

Бейсембай ағайды мен және басқа да әріптестерім тек жақсы жағынан көрдік: оның нағыз заңгерлігін, кәсіби деңгейінің биіктігін, бұған қоса өз адами қасиетін сезініп жүретін едік. Ол жалпыға қарапайым, кішіпейіл, кішіге аға, ұстаз бола білді. Жастарға көмегін аямайтын жан еді.

Зайыбы Шынжыргүл апай екеуі бес бала тәрбиелеп өсірді. Өкінішке орай, өмір сол ғой: бір мезгіл бес сәби беріп қуантса, бір мезгіл өте налытып, шаршатты: жастары елуден асқанда екі баласы бірінен кейін бірі қайтыс болды. Тәубе дерлігі, қалған балалары өсіп-өніп, жоғары заңгер, ұстаздық білім алып, қызмет атқарды, жанұялы, бала-шағалы болды. Бүгінде немерелері де естияр, жоғары білімді, әр салада қызмет істейді, соның ішінде бір немересі ата жолын қуып, облыстық әділет басқармасында лауазымды қызметте.

Бейсембай ағаның бала, немерелерінің осылай өсіп-өнгендігін көре алмағандығы өкінішті.

1985 жылдың 16 мамырында Ақтөбе облысы сотының қылмыстық істер қарайтын коллегиясына екеуміз қатысқанбыз, сол күні елу шақты іс қаралды. Бейсембай ағай түстен кейін Шымкент қаласына апасының садақасына бару үшін пойызға билет алған, сөйтіп, ол кетіп, ал мен істерді жалғастыруым керек еді. Бірақ екі ортада ойламаған жерден жүрегі қысылып, облыс сотының ғимаратында Бейсембай ағамыз дүние салды. Өзі көп жылдар сот қызметін атқарған аға қызмет үстінде сол жерде өмірден өтті.

Бүгінде Бейсембай ағамыз тірі болса сексен жасқа толар еді. Біз оның көзін көргендіктен де, ол кісінің жарқын бейнесін, ашық мінезін ұмытпай, осы уақытқа дейін есте тұтамыз.

Мәрия ТӘжІбаева,

облыс прокуратура ардагерлері

қоғамдық бірлестігінің төрайымы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button