Жаңалықтар

Футболшылар жанкүйерлерімен бірге қала тазалады

1 мамырда республикалық «Таза Қазақстан» акциясына «Ақтөбе» футбол клубының футболшылары мен олардың жанкүйерлері — «13 сектор» мүшелері де қатысты.

Олар өздеріне тиесілі Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион аумағын тазалады.
Қала тазалығына үлес қосу үшін сенбілікке шыққандардың бірі — «Ақтөбе» футбол клубының қорғаушысы Әлібек Қасым.
— Әдемі өмір сүргіміз келсе, тазалықты өзімізден бастауымыз керек. «Ақтөбе» футбол клубының жанкүйерлерін осындай экологиялық акцияларға белсенді қатысуға шақырамын, — деді ол.
Сенбілікте «Ақтөбе» футбол клубының ойыншыларымен бірге жанкүйерлер де стадион маңын тазалады. Футбол десе ішер асын жерге қоятын кішкентай жанкүйердің бірі — №10 орта мектептің оқушысы Асхат Әлібек.
— Мен футболшылардың сенбілікке шығатынын әлеуметтік желіден көрдім. Сосын інім екеуміз осында келдік. Біз футбол секциясына қатысып жүрміз. «Ақтөбе» футбол клубының жанкүйеріміз. Бүгінгі сенбілікте танымал футболшылармен бірге қаламызды тазалап, әрі жақыннан көріп, әңгімелесуге мүмкіндік алдық. Қуанып тұрмыз, — дейді Асхат Әлібек.
«Ақтөбе» футбол клубының бас директоры Азамат Шайхының айтуынша, футболшылар да Ақтөбенің таза әрі әдемі болғанын қалайды.
— Біздің ойыншылар сенбілікті әрқашан қолдайды. Бүгінгі Қазақстан халқы бірлігі күнімен тұспа-тұс келген сенбілікте стадион маңын жинап, қоқыстан тазарттық. «Таза Қазақстан» республикалық акциясын бізбен бірге «13 сектор» жанкүйерлер тобы да қолдап, сенбілікке қатысты. Футболшылар қала тазалығына үлес қосып қана қоймай, балаларға тамаша үлгі көрсетті деп ойлаймын, — дейді Азамат Шайхы.
Қолына қолғап киіп, қоқыс салуға арналған қапшық ұстап, бір мезгіл болса да көше тазалағандар әркім өз ауласын, өз ауылын ластамаса, өңір тұтастай таза болатынына сенімді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button