200-ге жуық көшет екті

1 мамыр — Қазақстан халықтарының бірлігі күнінде ақтөбелік дәрігерлер облыстық балалар ауруханасы мен облыстық перинатальдік орталық маңында ағаш көшеттерін екті. Іс-шара облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиев бастаған барлық медициналық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ аудандық орталық ауруханалардың бас дәрігерлері қатысты.
Журналистерге сұхбат берген облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлнар Шүкірқызы бұл игі шара ақ халатты абзал жандардың «Таза Қазақстан» акциясына қосқан үлесі екенін айтады.
— «Тазалық — денсаулық кепілі» деген сөз бекер айтылмаса керек. Тазалық бар жерде денсаулық та, береке де, бірлік те бар. Облыстық балалар ауруханасының ұжымы бірде-бір экологиялық акциялардан қалыс қалған емес. Көктем шығысымен әр сенбі сайын сенбілік жұмыстарын ұйымдастырамыз. Бүгін облыстағы барлық медициналық мекемелердің ұжымдары бас қосып, 200-ге жуық көшет екті. Жас көшеттер біздің мекеме аумағына егілгендіктен, оны күтіп-баптау жұмыстарын өз міндетімізге аламыз, — деді ол.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.