Жаңалықтар

Ардагерлер жас буынға үлгі көрсетті

Бүгін ардагерлер мен жастар қаламыздың Болашақ ауданындағы халықаралық әуежайға баратын жол бойын тазалап, сол жерге 300-ден астам терек екті.

Көшет отырғызуға «Жасыл ел» жасақтарының жауынгерлерімен бірге еріктілер, «Жас Invent» жастар ұйымының мүшелері, мектеп оқушылары, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері және мемлекеттік қызметкерлер шықты.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Ұрпақтар сабақтастығы» деген атаумен өтіп жатқан сенбілікке үш жүзден астам адам қатысты.
«Жасыл ел» жастар жасақтары төрағасының орынбасары Артур Азиевтің айтуынша, сәуір айында 40 жас жұмысқа кіріскен, енді 2 мамырдан 250 студент пен жас елдімекендерді абаттандырмақ.
— Жасақ жауынгерлері қаланың басқа да жерлеріне тал егіп жүр. Сондай-ақ олардың көбі орман шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істейді, онда жас көшеттердің тамырланып, өсіп-өнуі үшін дұрыс күтіп-баптауды үйретеді, — деді Артур Азиев. Одан әрі ол егілген теректерді күтіп-баптау мен суаруды қала әкімдігі белгілеген коммуналдық қызмет атқаратынын айтты.
Серік Шаңғұтов бастаған облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері балаларға көшет отырғызудың ретін көрсетіп, тәжірибелерімен бөлісіп, қала мен елді мекендерді жасыл желекті аймаққа айналдырудың маңыздылығын түсіндірді.
2022 жылы құрылған «Жас Invent» жастар ұйымының мүшелері экологиялық акцияны белсенді қолдайтындарын жеткізді. Олардың айтуынша, осындай сенбіліктер аға буынның өнегесінен үлгі алып, дәстүрді жалғастыруға мүмкіндік береді. Ал жастармен бірге сенбілікке қатысқан ақсақалдар ұрпақтар сабақтастығы осылай сақталатынына сенімді. Осылайша жастар әр сенбі сайын туған өлкеміздің тазалығын сақтауға үлестерін қоспақ.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button