Өнегелі ұрпақ — ел тірегі

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күнінде хромтаулықтар ауызбіршілік танытып, игі іс жасады.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы шеңберінде Хромтау қаласында тұратын облыстағы соңғы Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Грецкий тұрып жатқан үйдің ауласын абаттандырып, тазалық жұмыстары жүргізілді.
Тазалық акциясына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Біржанов бастаған ел ағалары, аудандық мәслихат депутаты, «Қаһарман» қоғамдық ұйымының жетекшісі Фархад Сағынбай, сондай-ақ 30-дан астам белсенді жас қатысты.
Айта кетейік, Василий Грецкий 1942 жылы Алматы қаласынан әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылған. Алматыда алты ай әскери дайындықтан кейін 1943 жылы Алматы қаласының горнизонынан майданға жіберілді. Әскер қатарында бірінші Украина, 111-Белорус майдандарының құрамында сегізінші полктың бірінші кавалериялық корпусында соғысқан. 1945 жылы жеңісті Берлиннен 75 шақырым жердегі Ельцих қаласындағы госпитальда қарсы алады. 1946 жылы соғыста алған жарақаттарына байланысты әскер қатарынан босатылады.
Жауынгерлік адал қызметі мен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылған ардагер кейін 2 дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталды. Бүгінде ардагердің екі қызы мен ұлы, алты немересі мен он шөбересі бар.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.