Мәдениет

Театр өнеріне бір серпіліс керек

Ахмеджан ҚАДЫРОВ:

Театр өнеріне бір серпіліс керек

Ақтөбеде екінші рет өткізілген «Ассалаумағалейкүм» халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі де аяқталды. Фестиваль кезінде ақтөбелік балақайлар Ғ.Жұбанова атындағы филармония ғимаратында, «Алақай» театрында Қырғызстаннан, Татарстаннан, Тәжікстаннан, Ресейдің көрші облысы Орынбордан келген облыстық және қалалық «Пьеро», өз еліміздің Петропавл, Шымкент қалаларынан келген қуыршақ театрлары  мен  «Алақай» ұсынған барлығы 9 спектакльді тамашалауға мүмкіндік алды.  Спектакльдер екі реттен көрсетілді.  25 қарашада  Израильде тұратын қуыршақ өнерінің майталман маманы, Ресей Федерациясының Театр қайраткерлері одағының қуыршақ театрлары бойынша комиссиясының мүшесі, Израильдегі «Золотая маска» ұлттық театр сыйлығын беру жөніндегі  қазылар алқасының мүшесі, режиссер  Виктор Шрайман шеберлік сабағын жүргізді. Сол күні фестивальдың жабылу салтанатына арналған кеш болды. Оның соңы «Алақайдың» 25 жылдық мерейтойын тойлауға ұласты.

Осы фестивальда сарапшылар комиссиясының төрағасы болған  Ұйғыр мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, белгілі театр сыншысы Ахмеджан Қадыровты  фестиваль, жалпы театр өнері жөніндегі көзқарас-пікірін білу мақсатында әңгімеге тартқан едік.

— Ахмеджан  Насырұлы, Ақтөбеде осыдан алты жыл бұрын «Ассалаумағалейкүм» фестивалі алғаш өткізілгенде  де сіз қазылар алқасының төрағасы болдыңыз. Фестиваль туралы өз ойыңызды білдірсеңіз.

—  Алғашқы фестиваль өте жақсы ұйымдастырылды. Қуыршақтар шеруі есімізде қалды, Ақтөбе қаласында үлкен мейрам болып өткен еді. Фестивальдардың ұйымдастырылып тұрғаны жақсы,әрине. Ақтөбеде театр өнеріне үлкен мән беретіні осындай шаралардан көрінеді. Дағдарысқа қарамастан, халықаралық дәрежеде фестиваль өткізу оңай шаруа емес. Дегенмен фестивальда көрсетілетін   қойылымдардың деңгейі жылдан-жылға төмендеп бара жатқанын да айтпауға болмайды. Осындай бас қосулар арқылы бір-бірінен үйреніп, кемшілігін байқап, келесі жолы бірінен-бірі асып түсуге ұмтылады-ау деген  театр ұжымдарының  қойылымдарының көбі нашар. Әрине, оны балаларға арналған драматургия жоқ, қуыршақ театры режиссері жоқ деп ақтап алуға да болар. Бірақ бүгінде  фестивальға үлкен жауапкершілікпен  дайындалған жаңа қойылымдарды алып келуді қойдық. Әйтеуір фестивальға қатысу — мұрат, сапасына қарамай бұрынғы бір спектакльді әкеле салады. Ондай спектакльді көріп отырудың өзі азап, қазылар алқасының мүшелерін де, көрермендерді бұлайша шаршатудың не жөні бар? Әрі-беріден соң ел асып, жер асып татымсыз қойылыммен фестивальға келудің қажеті қанша? Фестиваль өтеді, кетеді, одан алатын өнегені айтыңыз. Фестиваль  аясында, болмаса одан бөлек театр саласындағы проблемаларды қозғайтын, ой бөлісетін ғылыми-әдістемелік конференциялар ұйымдастырылуы тиіс. Қазір соған деген зәрулік туындап отыр.  Мерзімді баспасөз беттерінде театр туралы әңгімені театр сыншылары, зерттеушілері, не болмаса көрермендер айтпайды. Керісінше, пьесалары сахнада жүріп жатқан Дулат Исабеков, Иранбек Оразбаевтармен, болмаса өзі сол  спектакльдерді қойып жүрген  Есмұқан Обаев, Болат Атабаев, тағы басқа режиссерлермен сұхбаттасады. Олар жалпылама әңгіме айтады, театрдың проблемаларын ашып айтып, оны шешудің жолдарын көрсетпейді.   Былай қарағанда, олар өз дүниелеріне өздері төрелік те айта алмайды ғой.

Роман-повестерді сахнаға лайықтап қайта жазып, инсценировка ретінде ұсыну сәнге айналды. Оның үстіне мұндай дүниелерді драматургтер емес, театр директорлары, басқарма бастықтары, журналистер жазатын болды. Драматургия  да әдебиеттің бір жанры, алайда оны жазу кез келген жазушының қолынан келе бермейді, оның да өз мамандары бар.  Бұл тек қана қуыршақ театрларының ғана емес, драма театрына да қатысты проблема.  Толыққанды драматургия жоқ. Оған осыдан біраз уақыт бұрын Алматыда өткен драма театрлардың халықаралық фестивалінде де көзіміз жетті. Бірінші жүлдені қырғыздар, екінші жүлдені ұйғырлар, үшінші орынды өзбектер жеңіп алды.

— Қазылар алқасының құрамында кімдер болып еді?

Тұңғышбай Жаманқұлов, Есмұқан Обаевтар болды. Бұра тартқан ештеңеміз жоқ, олардың өздері де көзімен көрді ғой. Қазақ драматургиясының осал түсіп жатқаны пьеса материалдарынан көрініп тұрды. Бұл проблемаға байланысты дабыл қағуымыз керек.  Оның себебі көп. Мысалы, бұрын көркемдік кеңес деген бар еді, қай театрдың не қойып, не істеп жатқанынан хабардар болып отыратынбыз. Қазір әр театрдың басшысы өзі біледі, ешкімнің онда шатағы жоқ. Өзінің пьесасын қоя ма,  танысының аударма дүниесін қоя сала ма, ол сахналауға тұратын шығарма ма, оған қарамайды. Ешкім бақылап, кеңес беріп жатқан жоқ. Содан барып киелі сахнаға дүмбілез дүниелер шығып кетеді. Екі ортада  көрерменнің көңілі қалады. Драматургтердің «Қаламақы төлемейді, қалай жазамыз?» дейтіні бар, жақсы пьеса жазса, ол еңбегі қалайда  ақталар еді ғой.  Осыдан 3-4 жыл бұрын драматургтерді көтермелеу мақсатында Мәдениет министрлігі пьесаларға конкурс жариялады, соны сарапқа салатын комиссияның мүшесі болдым. Осы конкурстың қорытындысы шығарылғаннан кейін, кейбір  драматургтер «Мемлекеттік грантты комиссия дұрыс бөлмеді» деп үстімізден арыз жазып, біраз әуреге түсірді.

Ал шынына келгенде, драматургтер мен жазушылар театрға бармайды, өздерінің шығармасы қойылып жатса ғана театрға бас сұғуы мүмкін. Жалпы, «Театр өмірінде қандай жаңалықтар болып жатыр, фестивальдарда қандай спектакльдер көрсетілуде, өзге жұрттың өнері қандай екен, қай театрдың репертуарында қандай дүниелер бар?» деген қызығушылық жоқ. Содан  барып өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы стильмен пьеса жазады. Ұлы Мұхтар Әуезов одан басқа да мың-сан шаруасы бола тұра, театр өміріне қызу араласып, біте қайнасып жүріп, өзі пьесалар жазды, Шекспир секілді классиктерді аударды. Сол уақтағы артистердің де сахнаға деген сүйіспеншілігі керемет еді. Сондықтан  театрдың жұлдызы жоғары болды. Қазіргі жазушылар театрға шекесінен қарайды. Жазушылар әлі де жағдайды сырттан бақылап қана қойып отыр. Әлденені күтулі, өмір бір орнында тұрмайды, бір өзгеріс, серпіліс болатын шығар. Дауыл алдындағы тыныштық шығар, дүр етіп жаңаша жазатын драматургтер легі келер деген үмітім бар.

Әуезов атындағы академтеатрдың жаңа қойылымдарының өзі баяғы таптаурын болған ізбен кетіп бара жатыр. Кәсіби  деңгейі орташа. Ізденіс аз. Бұл – қазақ драма театрларының заман талабына сай келмей отырғандығын көрсетеді. Жаңа ғасырда жаңа әдіс-тәсілдер ойлап тауып, жаңаша көзқараспен спектакль шығаруға деген ұмтылыс жоқ. Атабаев, Оразбеков сияқты режиссерлер де проза жанрына бет бұрып, өздері инсценировкалар жасап қойып жүр.

Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының орқытушысы ретінде бұл мәселеге өзіміз де кінәліміз деп ойлаймын. Өйткені қазір шәкірттерімізге соншалықты қатаң талап қоймаймыз, сондықтан оладың теориялық дайындығы төмен, ондай маманнан қандай кәсіби деңгейі жоғары  өнер шықпақ? Шәкірттердің көзінен жылт еткен ұшқынды көре алмайсыз, мерзімді басылымдарды оқымайды, сабақ бітсе болды, одан арғысы қызықтырмайды.

— Ахмеджан аға, мұның бәрі театрларға ортақ кемшілік дейік. Дегенмен қуыршақ театры фестивалінде көрсетілген спектакльдерден қандай кемшіліктерді, проблемаларды  байқадыңыз? Сол жағына ойыссақ.

— Менің міндетім — елдің еңбегін жоққа шығару емес, барын бар, жоғын жоқ деп айту. Әуелі жақсысынан бастайын. М.Жанғазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры назарға ұсынған «Бәріңе бақыт тілеймін» атты спектаклі ұнады.  Ирина мен Ян Златопольскийлердің  шығармасы бойынша  Валентина Анникова қойған бұл спектакльді көрермендер өте жылы қабылдады. Сараптау комиссиясы да  риза болды. Қырғыз актерлері қуыршақтармен жұмыс жасау техникасын жетік меңгерген, ойнаған әрбір кейіпкерлерінің сөздерін анық жеткізеді. Ана ләйлек пен барша жұртты бақытты еткісі келетін оның балапанының үні  кісіні  баурап алады. Кірпі де, тышқан да, көбелек те  бала түгіл үлкендердің өзін қызықтырады. Кәсібіне шын берілген адамдар ғана көрермендерге қуаныш сыйлай алады. Нағыз балаларға арналған шығарма. Бұл спектакльге байланысты қазылар түрлі пікірлер айтты.

Сарапшылардың көп реніш білдірген тұсы — актерлердің көбінің өздерінің  кәсіби аспабы қуыршақтармен дұрыс жұмыс істей алмайтыны, оларды жүргізуде шеберліктерінің жетіспейтіндігі жөнінде болды. Шынында, бір аспапты жете меңгермей тұрып, музыкалық шығарманы ойнап шығу мүмкін емес қой. Қуыршақты қалай болса солай сермелеп жүрген актерлердің ойланғаны жөн-ақ. Сондай-ақ режиссердің біресе актерлерді алға шығарып, біресе қуыршақтарды ойнататыны тапқырлық еместігі, мүмкіндігінше  сахнада тек қана таза қуыршақ кейіпкерлердің ғана көрінгені дұрыстығын айтты. Мен де бұл пікірге қосыламын. Өйткені көрермен не қуыршаққа, не актерге қарарын білмейді. Әңгімеші сахнаға шығып қойылымда өтетін оқиғаны баяндап береді, сосын барып қуыршақтар ойын көрсетеді. Бұл да дұрыс нәрсе емес. Екеуінің біреуі шығуы керек қой. Жалпы екі ертегіден бір пьеса жасаймын деп қойыртпақ  қойылым ұсынған театрлар да болды. Кәсіби деңгейі көркемөнерпаздар ұжымына лайық спектакльдер де көрсетілді. Қуыршақ театрларына да көп ізденіс, жауапкершілік керек деген шешімге келдік.

— Театр сыншысының театрдың көркемдік жетекшісі болуын жақсылыққа жоримыз. Ұйғыр театры туралы айтсаңыз.

— Ұйғыр театрына қызметке барамын деп ойлаған жоқпын, азаматтар:                 «Аха, сіздің театрға кіріп-шығып жүргеніңіздің өзі жетеді, әлемдегі жалғыз ұйғыр театры ғой, өз деңгейінен төмендеп бара жатыр» деп бір ай бойы үгіттеді. Немістің Лессинг деген драматургі болған, ол да Гамбургтегі театрдың шығармашылық тұрғыда аяғынан тұруына көмектескен. Менің де ұйғыр театрына  барғаным  дұрыс болған екен, шынында пайдам тиді. Спектакльдердің дайындығына қатысамын, пікірімді айтамын, соның арқасында қойылымдардың сапасы жақсарды. Өйткені артистердің  жауапкершіліктері артты. Бұрын анда-санда бір келемін, театрдың ішінде не болып жатқанынан бейхабар екенмін. Ұжымның шығармашылық жұмысына араласқан соң ғана, ондағы түрлі кемшіліктерді байқадым. Кей актерлер өздерінің 10-15 жыл ойнаған рөлдерінің сөзін ұмытып, шатастырып, өз жандарынан сөз қосып ойнай беретін болған, оны білетін адам  болмаса, екінің бірі байқай қоймайды. Кейбір замандастарым маған телефон шалып: «Ана актерге не болған, бізді иісалмас деп ойлай ма? Сөздерін неге бұрмалайды?» деп айтқанын да естідік. Бұл дегеніңіз алдымен сахнаның киесінен қорықпау, пьеса авторын сыйламау, тіпті өзін-өзі төмендету  деп түсінемін.

Қазір актерлерден жұмысты қатаң талап етпейді. Олар  сыншылардың объективті пікіріне құлақ асқысы келмейді. Бір рөл ойнаса бітті, жұлдыз болып шыға келеді, кісі танымайды. Бұрын бір спектакль туралы сын мақала шықса, соны ұжым ішінде талқылайтын, кезінде Сәбира Майқанова, Фарида Шәріпова, Нұрмұқан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев сияқты айтулы артистердің өзі   орнымен айтылған   ескерту болса, дұрыс қабылдайтын, тіпті алғыстарын айтатын. Ол да мәдениет  қой. Сондықтан театрға аға буын мамандар керек, олар кейінгілерге бағыт-бағдар сілтейді деп ойлаймын.

Қазір өзі ойнаған кейіпкердің образын аша алды ма, жоқ па деген әңгіме айтылмайды. Өйткені спектакльге үлгеріп келгеніне тәубе дейсіз. Қосымша қаржы табу мақсатында  түнімен ұйықтамай тойда асаба болады, ертесіне ұйқылы-ояу жүріп қандай образ жасамақ?  Осы жағы мені қатты ойландырады. Асабалықтың театр өнеріне тигізіп отырған зардабы аз емес .

— Әкім Тарази  «Театрлар өзін-өзі қаржыландырсын, әйтпесе   мемлекеттен дотация алып отырған театр  бүгінгі күннің өткір  мәселелерін көтере алмайды, ешкімді сынай алмайды» дегенге саятын пікір айтты. Сіз бұған қалай қарайсыз?

— Хрущевтің заманында театрларға дотация беруді тоқтатты. Соның қырсығынан өзі онсыз да көп емес қазақ театрларының кейбірі жабылып қалды. Ешқашан өнер өзін-өзі қаржыландырып көрген жоқ. Сондықтан мұндай өзгеріс болса, көп театрға қауіп төнері сөзсіз. Қандай спектакль қойса да, оған мемлекет тарапынан қамқорлық қажет деп санаймын.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button