Мәдениет

Ел бағалаған еңбек

Уақыт ілгері жылжып, замана көші артқа бұрылмай, желдетіп тартып барады. Кешегі кеңестік қоғамның көп көріністері енді алдымыздан шықпайтыны анық. Басқасына бұра тартпасақ та, сол кездің адамдарының жанкешті еңбегін, қоғам меншігі үшін күні-түні жүруге бар ықылас-пейілін көзіміз көргендіктен де жоққа шығара алмаймыз. Сондай жандардың бірі Самат Сәдуұлы — бүгінде сол көп бейнеттің зейнетін көріп отырған адам.

Ақтөбенің «Болашақ» шағын ауданындағы қазіргі заманға сай үлгімен салынған көп қабаттың үйдегі төрт бөлмелі пәтерде ақсақал кемпірі Қойқын екеуі алаңсыз ғұмыр кешіп жатыр.

Сөздің ретімен ақсақал деп жатқанымызбен, Сәкеңді қариялар тобына жатқыза қою да қиын. Өйткені ширақ қимыл, ықшам жүріс оны жас шамасын сырт көзге болжамдата қоймайды.  Ажарлы өңі, болмысы осы ғұмырында бейнетсіз тірлік кешті ме екен деген ойға жетелейді.

Сөз тарқата келе мүлдем олай еместігін байқадық. 1940 жылдың желтоқсан айында дүниеге келген ол қазіргі Мұғалжар ауданы аумағындағы Романовка деген ауылда балаң шағын өткізіпті. Ворошилов атындағы ұжымшардың орталығын иеленген мекенде негізінен орыстар қоныстанған. Тек әр жерде шошайып бес-алты қазақ үйі отырады екен.

Оның балалық шағы соғыс уақытында өтті. Соғыстан кейін мектепке барып, Жұрын орта мектебін 1958 жылы бітіріп шыққан. Бала кезінен әкесі Сәду сиыр бағып, баласы Самат бұзауға ие болғандығын ауылдастарының бәрі біледі. Осындай еңбекпен өскен кенже баланы мектеп бітіргенде де әкесі қолынан алыс ұзатқысы келмейді. Бұл жағдайды байқаған шаруашылық басшылары бозбала жігітті Ақтөбедегі бір жылдық бухгалтерлік курсқа жібереді. Осында Хакім Жансүйгенов секілді білікті ұстаз, жақсы маманның оң назарына іліккен ол есеп-қисаптың әліппесін үйреніп, тереңге қарай ұмтыла түсті. Сондай ынта-жігердің нәтижесі болар, бұлардың қолына куәлік берерде төрт үздік бітірушіге – Бисембі Көмекбаевқа, Ахметжан Төребаевқа, Сапар Берқалиевке және өзіне Алматы халық шаруашылығы институтының есеп-экономикалық факультетіне сырттай оқуға жолдама ұсынады.

Сөйтіп, 1959 жылы он тоғыз жасар жас маман сол тұста Ворошиловпен қоштасып, Шевченко атағын алған ұжымшарға бухгалтер болып қызметке қабылданады. Содан бүкіл еңбек жолы бухгалтерия саласы мен агрономдық қызметте, кейінгі он екі жылда ферма меңгерушілігі лауазымымен сабақтасыпты. Қысқасы, ол ауылдың атқамінер атпал азаматы болды, шаруашылықтың экономикасын көтеруге елеулі түрде үлес қосты. «Темір» кеңшарының Шилі деп аталатын фермасының өркендеген, өрлеген жылдарын ауылдастары оның есімімен бекерге байланыстырмаса керек.

Сәкең шаруашылықта Құлшар Мырзабаев, Сәрсен Аязов, Нұралы Қаниев, Сағынадин Салықбаев секілді азаматтармен бірге еңбек етіп, олардан тәлім-тәрбие алғанын орынды түрде мақтаныш етеді.

Рас, осы уақыттарда оны жоғары деңгейдегі басшылық қызметтерге тағайындау туралы ұсыныстар болмай қалған жоқ. Бірақ Сәду ақсақал осындай «оқиғалардың» алдын алып отырыпты. Яғни, қарт ұстанған принцип – кенже бала шаңырақтан ұзамауы керек.

Сәду ақсақал өзі туып-өскен ауылдағы үйінде өмір бойы дерлік үзбей екі бие ұстап, қымыз ашыттырып отырған. Алыстан келген сыйлы қонақтар, ауыл-елдің бетке ұстарлары арасында бұл үйге бас сұқпай кететіні сирек екен. Осындай тәрбиеде өскен Самат аға да сыртқа көп мойын бұрмай, тапсырылған міндет ауқымында тапжылмай қызмет атқарған.

Бізді таңдандырғаны – бұл кісінің өмірінде ойға алатын, көңілде сақталатын қызғылықты жайттар баршылық. Мәселен, оның жас кезінде атақты сазгер Шәмші Қалдаяқовпен бір ауылда қызметтес болғанын көп адам біле бермеуі мүмкін. Шынында да солай болған.

Бір кезде Шымкенттегі Қапыланбектің зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында оқыған Шәмші жолдамамен Ақтөбе облысына келіп, осы өңірдегі «Темір» кеңшарында мал маманы болып еңбек еткен.

Самат аға Шәмшінің Ор фермасында жұмыс істегенін айтады. «Сол кезде атпен шопандар ауылын аралағанда мандолинін арқасына байлап алып, жанынан тастамайтын еді» дейді ол. Болашақ сазгер сол кезде ел ішінде қарапайым адам ретінде ғана танылған деседі. Содан оны әскер қатарына алып кеткен.

«Шәмші менің ағам Ахмадимен армияда бірге қызмет етті, — дейді Сәкең сөзін жалғастырып, — жақсы жолдас болды олар».

Бір қызығы, ауылда жүргенде жастау кезде бухгалтер болып еңбек еткен Жұмағазы Оспанов Шәмшінің даңқы өрлеп, атағы шыққан кезде бұрынғы таныстығын пайдаланып Алматыға әдейі сапарлап барып, оны елге қонақ болуға алып келіпті.

Шәмші аға бір кезде өзі еңбек етіп, аз-кем күн болса да ат үстінде жүріп, дала кезген өңірде аунап-қунап демалыпты, жұртшылықпен кездесіп, өнер өнегесімен сусындатыпты көпшілікті. Осы әңгімені Самат ағаның аузынан естіп, қағазымызға оны бір түртіп алдық.

Самат ағаның біреу біліп, біреу біле бермейтін және бір ерекшелігі бар, ол – сынықшылығы. Бұл — әкеден дарыған қасиет. Сәду ақсақал заманында жеңіл қолымен талайдың дертіне шипа беріп, қандай да сынық атаулының шипасын тауып отырған. Ал Самат ағаға сынықшылық қырық жасынан бастап қоныпты.

Ол сынықшылығым бар деп жарияға жар салып, жарнама беруден аулақ. Бірақ қол-аяғы сынып, басқа да жарақат алғандар іздеп тауып келеді. Егер сондай сырқатпен біреу-міреу осы үйге қарай ниет ұстанса, сол сәттен бастап тұла бойы ауыр тартып, сездіре бастайды екен. Ақсақал ешкімді де кері қайтармайды, келген адамды төрге шығарып, бүкіл жағдайын ыңғайлап, емін жасайды. Және бір айта кететін жайт, ешкімнен ақы сұрамайды не баға айтпайды. Шынын айтсақ, алуға да ықтиярлы емес. Бірақ бойдағы бір құдірет зардап шеккен адамдардың азабын жеңілдетуге итермелейді.

Таңданудан аулақпыз, Самат Сәдуұлы жетпістің биігіне қол созған осы тұсында қатарластарының қолына түсе бермейтін тағы бір қасиетке ие екен. Ол – жадының мықтылығы. «Әлі де болса бір көрген адамымды өмірі ұмытпаймын, кейбіреулерге ұқсап қайдан, қашан көріп едім деп отырмаймын», — дейді ол. Апта сайын әдейілеп алдыратын немесе өзі барып жинап келетін сөз жұмбақтар жинағы да оның көкірек сарайының кеңдігінен хабар берсе керек.

Ақсақалдың бұл сөзіне қапысыз сендік. Өйткені ол осыдан тура жиырма жыл бұрынғы оқиғаны еске салды.

Кейінге шегініс жасайтын болсақ, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында сол кездегі республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Төлеубай Ысқақов аға екеуміз сол «Темір» кеңшарында іссапарда болғанбыз. Сол кезде бізбен жүздескен Самат аға арада қанша уақыт өтсе де, іркілген жоқ, бірер күндікте кездескенімізде бірден таныды.

… Иә, тіршілікте қаншама адам, қаншама тағдыр бар. Қарап отырсаңыз, біріне-бірі ұқсамайды.

Самат Сәдуұлы да соның бірі. Қанатынан тараған үш немересі – Жазира, Жандос, Гүлдана, оларға қосылып жиендері демалыс сайын келіп, айналаны думанға айналдырады. Қос қария Астана қаласында Еуразия университетінде оқитын жиені Гүлсезіммен бірге болып, екі жылдай «студент» болып қайтқандарын қуанышпен айтады.

Қанатының соңына ерген Гүлнәр, Камила, Баян атты үші қызы бүгінде бір-бір мамандық иелері болып, бір қауым елге сыйлы болған жандар. Күйеу балалары да аталарының алдына шықпайды, шетінен инабатты жігіттер.

Сәкең бүгінде ұрпақ қызығына бөленіп, жан-жағына шуағын шашып, алдыңғы буын легінде алаңсыз ғұмыр кешуде. Өйткені заманында аянбай еңбек еткен Сәкең балаларына да сондай тәрбие берді.

Өзің баптап-еккен ағаштың жемісі тәтті болатынын осы әулет үлгісінен тағы да бір рет байқағандай болдық біз.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button