Мәдениет

Ғылымнан ізгі іс таратқан

Қарағанды химия-металлургия институты директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Сайлаубай Байсановтың жалпы ұлтымыз үшін тосындау салаға қосқан үлесі біздер үшін ерекше мақтаныш сезімін тудырады.

Ақиқатын айтқанда, мәселе оның Шалқар өңірінен түлеп ұшып, осы аймақтың азаматы болғандығында да емес. Біз бағалайтын, қадір тұтатын еңбек – көрнекті ғалымның жүйелі түрде ғылыми жұмыстармен шұғылданып, еліміздің металлургиясы төңірегінде ұдайы зерттеулер жүргізіп, көптеген нәтижелерге қол жеткізгендігі.

Сайлаубай Омарұлы Мәскеу болат және қорытпа институтының «Металлургиялық үрдістерді физика – химиялық зерттеу» мамандығы бойынша 1974 жылы тәмамдаған. Оның осыдан кейінгі еңбек жолы Қарағандыдан бастау алады. Ол Қарағанды химия – металлургия институтында инженер, күндізгі оқу бөлімінің аспиранты, кіші және аға ғылыми қызметкер, металлургиялық қорытпалар лабораториясының  меңгерушісі, директордың ғылыми істері  жөніндегі орынбасары қызметтері бойынша еңбек атқарып, осында аспиранттан профессор, техника ғылымдары докторы дәрежесіне дейін көтерілді.

1982 жылы Свердлов қаласындағы Орал политехникалық институтында Қазақстанның марганец кендері мәселелері жөнінде кандидаттық, ал 2002 жылы «Металлургия жүйелеріндегі фазалық тепе-теңдік заңдылықтары және осының негізінде ферроқорытпаларды балқытудың тиімді технологиясын өңдеу» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.

Білікті ғалым «Техногендік шикізатты, әлемдік деңгейге сай ферросиликоалюминий (дүние жүзінде бірінші рет) және күкірт қышқылдарының таза сұрыптарын ала отырып, өңдеу технологиясын жақсарту және өндірісін ұйымдастыру» тақырыбында атқарған еңбегі үшін авторлық ұжым құрамында ғылым, техника және білім саласында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты дәрежесіне лайық деп танылды.

Қазіргі уақытқа дейін оның 300-ден астам ғылыми жұмыстары, соның ішінде 5 монографиясы және Қазақстан мен Ресей өнеркәсіптерінде қолданысқа ие болған отыздан аса КСРО авторлық куәліктері мен ҚР патенттері жарыққа шықты.

Профессор Сайлаубай Байсанов тоғыз ғылым кандидатын, оның ішінде Ақтөбе аймағы үшін бес ғылым кандидатын даярлап шығарды.

Сонымен қатар ол металлургия мәселелері бойынша республикалық жоғарғы аттестациялау комиссиясының мүшесі болып табылады. Ғалым қызмет барысында, өзі басқарған зертханада ғана емес, сонымен қатар институттың басқа бөлімшелерінде де жұмыстың қарқынды жүруі үшін жағдай тудыра білетін білікті басшы, маман екенін ғылыми ортаға таныта білді. Ж. Әбішев атындағы Қарағанды ХМИ-да құрылған металлургтер ғылыми мектебі нарықтық экономиканың қалыптасу жылдарында нығайып қана қоймай, өздерін Оралдан Қиыр Шығысқа дейін таныта білді. Қазақстандық ферроқорытпашылар өздерінің жетістіктерін отандық өнеркәсіптерге енгізумен қатар, РФ мен Украина өнеркәсіптеріне ғылыми көмек қолдарын созуда.

С. Байсанов Ақтөбе қаласында металлург мамандарын даярлайтын орталықтың ашылуына және оның аяғынан тік тұруына ерекше еңбек сіңірді. Нәтижесінде Батыс Қазақстан тарихында алғашқы рет Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті базасында жоғары білімді инженер-металлург мамандары даярланды.

Біз бүгінде алпысқа аяқ басқан ағаға ғылымдағы ізденістеріңіз ізгілікті істерге ұштаса берсін дейміз.

Қуат КАСКИН,

техника ғылымдарының кандидаты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button