Әкімдер есебі

Жылдық есеп — жаңа міндет

Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериязданов 2020 жылдың əлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жəне 2021 жылға қойылған міндеттері туралы онлайн режимде өткен қорытынды есебінде айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау мақсатында Мұғалжар ауданында бірқатар жұмыстар атқарылды. Аудан басшысының айтуынша, өткен жылды мұғалжарлықтар барлық сала бойынша жақсы көрсеткіштермен аяқтады. Өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 110,0 пайызға қамтамасыз етілді. Аталған көрсеткіш негізгі кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі есебінен орындалып отыр.

— «Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласына 347 миллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Мал басы да көбейді.  Қазіргі күні ауданда 424 шаруа қожалығы бар. Аудан бойынша 51 мыңнан астам ірі қара, 130 мыңнан астам қой-ешкі, 20 мыңнан астам жылқы тіркелген. Былтыр 13 мың тоннадан асатын ет өнімдері өндірілді. Енгізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен тапсырмаларды орындау барысында ауданда асылтұқымды малдың  үлесі де  өсіп отыр. Былтыр Мұғалжар ауданының 25 шаруа қожалығы «Еңбек», «Сыбаға», «Агробизнес» және «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламаларына қатысып, 1 817 ірі қара, 1 700 қой, 179 жылқы, 40 түйе алды. Мал шаруашылығына 257 мыңнан астам тонна  мал азығы дайындалды. Ірі қара мал шаруашылығының  экспорттық потенциалын дамыту мақсатында  Талдысай ауылдық округінде мал бордақылау алаңы арқылы 110 тонна сиыр еті экспортқа жіберілді. Биыл Қандыағаш қаласында құны 220 миллион теңге болатын қазіргі заманғы ет комбинаты салынатын болады, — деді аудан әкімі А.Шериязданов.

Сонымен қатар аудан басшысы қашықтан оқыту кезеңінде аудан бойынша компьютері жоқ оқушыларға мектеп балансындағы 1361 компьютер мен 1147 интернет-роутер уақытша пайдалануға берілгенін айтты.

Былтыр Мұғалжар және Ембі аудандық ауруханаларына 9 жас дәрігер жұмысқа қабылданып, 6 жаңа жедел жәрдем көлігі алынды. Қажетті құрал-жабдықтың бәрі жаңарды. Сонымен бірге ауруханалар науқастардың өмірін сақтап қалуға аса қажет өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етілді.   Мұғалжар аудандық ауруханасына құны 40 миллион теңге болатын цифрлы рентген аппараты алынып, аурухананың үшінші және төртінші қабаттағы стационар бөлімі жөнделді. Медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдету үшін лифт жаңартылды. Жылу жүйесі қайта жаңғыртылды.

Аудан бойынша 2020 жылы Қандыағаш, Ембі қалалары мен Ақкемер, Жұрын, Сағашилі ауылдарындағы 21 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғындарға жағдай жасау мақсатында жаяу жүргінші (тротуарлар) жолдары салынып жарықтандырылды. «Ақтөбе-Қандыағаш» бағытындағы жол жөндеу жұмыстары биыл басталып, екі жылда толық аяқталады деп күтілуде.

 

Елді мекендерді газдандыру мәселесі бойынша 2021 жылы Қандыағаш қаласынан Жұрын ауылына, Ақкемер ауылынан Елек ауылына газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілетін болады. Келер жылы Қаракөл ауылына, сонымен қатар Басшилі ауылының Ынтымақ көшесіне газ тарту жоспарланған.

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай онлайн режимде өткізілген есепті кездесуді Мұғалжар ауданы әкімдігінің инстаграм парақшасы арқылы 1208 адам тыңдады. Кездесу соңында аудан әкімі əлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берді.

Жандос АЙТЖАН,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button