Әкімдер есебі

Газдандыру жұмыстары биыл да жалғасады

Ақпан айы басталғалы ауылдық округ әкімдерінің есептерін тыңдаған аудан әкімі Дархан Ермағанбетов өткен сенбіде аудандық Мәдениет үйінде қорытынды есеп беру кездесуін өткізді.

Есепті жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров, облыстық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйым басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.

Өз баяндамасында аудан әкімі өткен жылы көзделген жоспарлар орындалып, табыс көлемінің де тұрақтала түскенін айтты. Ауылшаруашылығы саласында 29,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 958,4 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылған. Өткен жылмен салыстырғанда төрт түлік саны артып, құстар да көбейіпті. Дархан Ермағанбетов биыл еліміздің агроөнеркәсіптік кешені үшін күрделі жыл болғанын, қуаңшылық тек біздің елде ғана емес, әлемдік астық державаларында да байқалғанын айтты. Оған қарамастан, астықты өлке өз өнімдерін толық орып, уақтылы жинап алыпты. Аудан бойынша ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскелері нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай, 53224 гектар жер мемлекеттік қорға қайтарылған.

Аудан тұрғындарын алаңдататын бірден-бір мәселе — көгілдір отын. Бүгінде Әйтеке биге қарасты 27 елді мекеннің 10-ы ғана газбен қамтамасыз етілген. Өткен жылы Белқопа мен Аралтоғайға газ барып, тұрғындар қуанышы еселей түскен болатын. Биыл Сарат пен Үшқатты ауылдарында газ құбырының құрылысы басталады. Ал Құмқұдық ауылында басталған жұмыстар аяқталады.

Аудан әкімі Сарат, Ақкөл, Құмқұдық, ауылдарының жолы орташа жөндеуден өтетіндігін және бірнеше елді мекенді  таза ауызсумен қамтамасыз ету қолға алынғандығын мәлімдеді. Сонымен қатар Ақтасты ,Тұмабұлақ, Жабасақ, Белқопа, Милы елді мекендерінде ұялы байланыс желісін жақсарту және Талдық елді мекенін ұялы байланыс желісімен қамтамасыз ету жоспарланғанын айтты.Қарабұтақ, Құмқұдық, Талдысай, Әйке, Аралтоғай ауылдарының тұрғындары үшін тағы бір жағымды жаңалық бар. Биыл аталған ауылдарда ангар типтегі спорт кешендері салынады.  Әйке мен Жабасақтағы клуб пен «Целинник» мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу де осы жылдың еншісінде. Ал Ұлғайсын ауылында медициналық пункт құрылысы басталады.

Кездесу барысында аудан әкімі тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың барлығына жауап берді. Ал жиыннан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары мен облыстық мәслихат депутаттары тұрғындарды жеке қабылдады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button