Әкімдер есебі

Тұрғын үй алабының 4-еуінде газ жоқ,  8-і сусыз отыр

Жаңақоныс-4,5 және Бауырластар-5 тұрғын үй алаптарына көгілдір отын барып, электр желілері тартылатын күн алыс емес. Аталған жұмыстар үшін қаражат бөлініп, мердігер мекемелер анықталған. Жуырда құрылыс жұмыстары басталады. Бұл туралы Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов тұрғындармен кездесу барысында хабарлады.

Аудан әкімі жұма күні Жаңақоныста, дүйсенбі күні Құрашасай елді мекенінде тұрғындармен кездесіп, олар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Жиын барысында Мамырғали Аққағазов алдымен өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы айтты. Аудан аумағына кіретін 11,851 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. 3 жоба бойынша жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары атқарылған. Құрашасайдағы Әуезов–Абай–Әбілқайыр хан көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаяу жүргіншілер жолы салынған. Оңтүстік-Батыс тұрғын үй алабы, Ақтан батыр мен ағайынды Жұбановтар көшелеріне тротуар төселіп,

Тұрғындар қалашығы, Шанхай, 5,8,11,12-шағын аудандардағы  96 көпқабатты үйдің ауласы асфальтталып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Аудан бойынша жыл соңына дейін ұзындығы 25 шақырым болатын  25 көше жарықтандырылады.

— Биыл сондай-ақ Жаңақоныс-5 және Бауырластар-5 елді мекендеріне электр желілерін жүргізу жұмыстары басталады. Құрашасай тұрғын үй алабындағы қосымша жер телімдерін электр желілерімен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар 95 пайызға атқарылды, наурыз айында аяқталады. Ал Сазды тұрғын үй алабындағы «А» кварталын электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаражат бөлінді, — деді аудан әкімі.

Аудан бойынша 4 тұрғын үй алабында газ жоқ, ал 8 тұрғын үй алабы сусыз отыр.

— «Парасатты»газдандыру жұмыстары аяқталды. Жаңақоныс-3 елді мекеніндегі жұмыстар 90 пайызға, Құрашасайдағы жұмыстар 80 пайызға аяқталып тұр, биыл толық бітеді. Ал Жаңақоныс-4,5, Бауырластар-5елді мекенін газдандыру жұмыстары енді басталады. Қаражат бөлінді. Мердігерлер анықталды.

Ауданға қарасты Жаңақоныс – 3,4,5, Бауырластар – 3,5, Құрашасай – 2 кезек, Думан, Парасаттұрғын үй алаптары сумен қамтамасыз етілмеген. Бұл бағытта да нақты жоспарлар бар. Жұмыстар жасалатын болады, — деді аудан әкімі.

Кездесу барысында Астана ауданының тұрғындары өздері тұрып жатқан елді мекендерге балалар спорт алаңдары қажет екенін айтты. Тұрғындардың бұл мәселесіне қатысты жауап берген Мамырғали Аққағазов бүгінгі таңда «Халық қатысатын бюджет» атты жоба бар екендігін айтып, тұрғындарды осы жобаға белсене қатысуға шақырды.

— 2020 жылы тұрғындардан келіп түскен 10 жоба іске асырылды. Бөлінген қаражатқа Жаңақоныс, Құрашасай, Сазды тұрғын үй алаптарында және Айболит бау-бақша ұжымында 6 балалар ойын алаңы мен спорт алаңдары салынды, 2 ойын алаңы жөндеуден өткізіліп, қолданысқа берілді. Қала ішіндегі 33 көшедегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жаяу жүргінші жолдарына қайта жаңарту жұмыстары атқарылды. №9 мектепке дейінгі жолға тротуар салынды. Биыл 11 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда, — деді аудан әкімі.

Аудан аумағында қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинау және қоқыс шығару жұмыстарымен 5 мердігер мекеме айналысады. Ал аудан бойынша автожолдарды қыс айларында күту жұмыстарын ұйымдастыруға 6 мердігер мекеме жұмылдырылған.

Бүгінде су басу қаупі бар елді мекендер бойынша тізім жасақталып, аталған көшелер толығымен қардан тазартылды. Ол жұмыстарға 49 арнайы техника, 23 адам жұмылдырылды. Сонымен қатар көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Құрашасай, Жаңақоныс тұрғын алаптарында арықтарды қоқыстан тазарту, аршу жұмыстары жүргізілді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button