Әкімдер есебі

Қоғамдық көліктер көбейеді

Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Әміржан Оразғалиевтің халықпен кездесуі Заречный-4 елді мекеніндегі №55 орта мектеп-гимназиясында өтті.

Жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Анар Даржанова, аталған ауданның ақсақалдары, тұрғындар мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Алдымен Әміржан Оразғалиевтің ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, бүгінде Алматы ауданының құрамына 28 елді мекен кіреді. Тұрғындардың саны — 320 мың.

Өткен жылы халықтан 255 арыз-шағым түсіп, 20 кездесу ұйымдастырылған. Нәтижесінде тиісті жоспарлар құрылып, абаттандыруға, көшелерді жарықтандыруға, газбен және сумен жабдықтауға, қоғамдық көлік қозғалысына қатысты жұмыстар жүргізілген.

— Былтыр «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 37 жоба ұсынылды. Эксперттік кеңестің шешімімен дауыс беруге 36 жоба жолданып, нәтижесінде 5 жоба жеңімпаз болды.

Алматы ауданы бойынша күн сайын 7 учаскеде 5 мердігер мекеме санитарлық тазалау жұмыстарын атқарады. Бұл жұмыстарға 115 адам мен 19 техника жұмылдырылады. Былтыр барлығы 740 тоннадан астам ірі көлемді қоқыс пен контейнерлік алаңдардың айналасындағы құрғақ ағаштар шығарылды.

Қаттытұрмыстық қалдықтарды шығарумен 3 мердігер мекеме айналысады. Өткен жылы 255 стандартты және 300 еуроконтейнер, сондай-ақ 53 контейнерлік алаң орнатылды, — дейді Әміржан Оразғалиев.

Оның айтуынша, былтыр Қарғалы, Рауан, Заречный-2, Заречный-4 және Кірпішті тұрғын алаптарында көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілген.

Ақжар-2 және Қызылжар-2 тұрғын алаптарында ұзындығы 1350 метр болатын суағар құбырларының құрылысы аяқталды. Елек және Ақжар плюс тұрғын алаптарын электр желісімен жабдықтау, сондай-ақ Ақшат-3, Елек, Ақжар плюс тұрғын алаптарында газ құбырының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді.

Өткен жылы Алматы ауданы бойынша жалпы ұзындығы 6132 метр 11 көшеге күрделі, 9 көшеге орташа жөндеу, 10 көшеге қиыршық тастөсеу жұмыстары жүргізілген.

— Өткен жылы ең ірі нысандардың бірі сынақ режимінде іске асырылды. Бұл —фарфордан жасалған бұйымдар мен керамикалық плиткалар шығаратын зауыт.  

Ал биыл Заречный-3 тұрғын алабында «Заречный» көтерме-бөлшек сауда базарын ашу жоспарланып отыр. Жалпы алаңы 2880 шаршы метр болатын нысаннан 125-тен астам жаңа жұмыс орнын ашу күтілуде, — деді аудан әкімі.

Бұдан соң кездесуге жиналғандар түрлі сауалдар қойды. Тұрғындар әсіресе қоғамдық көлік және аялдама, қаңғыбас иттер мәселелерін, қардың уақытында аршылмайтынын айтып шағымданды. Сондай-ақ жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ойын алаңдары мен аула клубтары ашылса деген ұсыныстары тыңдалды. Заречный-4 елді мекенінің ішіне қоғамдық көлік кірмейтіні, Заречный-1 елді мекеніне мектеп керек екені айтылды.

Аудан әкімі қоғамдық көлік мәселесі бойынша жақында қалаға 70 автобус пайдалануға берілетінін айта келе, барлық сұрақтар шешімін табатынын жеткізді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button