Мәдениет

«Балбөбектің» жеңісі

Қазір әр үйдегі кішкентай көрерменнің асыға күтіп көретіні — «Қазақстан» телеарнасындағы «Айгөлек» фестивалі. Фестивальдың биылғы маусымына біздің облыстан екі шығармашылық ұжым — Байғанин ауданынан Қарауылкелді балабақшасының «Балбөбек» би ұжымы мен Кеңқияқтың «Қызғалдақтар» би ұжымы қатысқан болатын. Олар SMS-хабарламасы арқылы дауыс беру бойынша «Көрермен көзайымы» атанып, І және ІІ орынға шығыпты. Ал ақтық сын желтоқсанның алғашқы аптасында Алматыда өтеді.

Біз ақтық сынға жолдама алған Қарауылкелді балалар бақшасының тәрбиешісі, «Балбөбек» би ұжымының жетекшісі Салтанат Өтетәлиеваға телефон арқылы хабарласқан болатынбыз.

Қазір «Балбөбек» би ұжымында 25 бала бар. Фестивальдың алғашқы кезеңіне он жеті баламен бардым. Әуелі бес жастағы төрт ұл, төрт қыз сахнаға қырғыздың «Жылқышы» биін билеп шықты. Одан кейінгі кезеңде төрт-бес жастағы тоғыз бүлдіршін орыстың «Калинка» биін биледі. Енді ақтық сынға қазақтың «Қара жорға» биін әзірлеп жатырмыз. Би костюмдерін ауылымыздағы тігінші Ажаргүл Елемесова тігіп береді. Киімдердің эскизін өзім беремін. Бір костюмнің бағасы 5-6 мың теңгеге шығады. Баласының жетістігіне қуанған ата-аналар әрқашан демеп, маған да көмектесіп, кейбірі бірге еріп жүреді. Аудан әкімі қолдап, жеке кәсіпкерлер демеушілік жасайды. Кішкентай өнерпаздардың үлкен сахнаға шығуына  көмектесіп, қолдап отыратын азаматтарға алғыс айтамын, — дейді жетекші.

Бөбектерді би өнеріне баулып, тәрбиелеудің өз қиындығы бар. Ұжымның қалай құрылғанын сұрағанымызда, жетекші бізге екі жыл бұрын «Ақ көгершін» фестиваліне қызы Айнабатқа еріп барып, бүлдіршіндердің билегенін көріп, қатты қызыққанын айтты. Өзі де балалармен жұмыс жасағанды ұнататын ол содан бері балабақша бөбектеріне би үйретіп жүр. Жетістіктері де аз емес. Биыл «Балбөбек» би ұжымы «Ақ көгершін» фестивалінде «Көрермен көзайымы» атанып, алдағы жылы Түркияның бес қаласында өнер көрсетуге жолдама алыпты. Ал сәуірде Румыния мен Болгарияда өнер көрсетпек. Жетекші әуелі Алматыда өтетін «Айгөлектің» ақтық сынына қатысып, одан соң келесі жылы өтетін байқауларға әзірлік бастайтынын айтып отыр.

Өнерлерің өрге жүзсін, «Балбөбектің» бишілері!

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button