Мәдениет

Туған жері — Ақтөбе өңірі еді…

Мәскеуден Кеңес дәуіріндегі ең үздік 100 кино туралы кітап жарыққа шыққан еді. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы туындылары арасынан бұл кітапқа бір ғана — «Ана туралы аңыз» картинасы еніпті. Осы «Ана туралы аңыздың» сценарийін жазған — Жұмабай Тәшенов болатын.

Жазушы, драматург Жұмабай Тәшенов көзі тірі болса, биыл 85 жасқа толар еді.

Жұмабай Тәшеновтің әкесі — Шәмшедин Тәшенов Темірде орыс мектебінде оқыған, өз заманының  көзі ашық, алдыңғы қатарлы азаматы болған адам. Жұмабай ағамыз 1925 жылы Ақтөбе облысының қазіргі Байғанин ауданы аумағында дүниеге келгенімен, сол тұстағы аласапырандар салдарынан, үш жылдан соң әкесі Қарақалпақстанға қоныс аударуға мәжбүр болған да, кейін құжатына сол жақта дүниеге келген деп жазылып кеткен. Он бір жасында әкеден жетім  қалған, анасы да аурушаң бала еңбекке ерте араласып, отбасын асыраған. Ал соғыс басталғанда өз еркімен, сұранып жүріп 17 жасында майданға аттанған.

Жұмабай Тәшеновтің тұңғыш өлеңдер жинағы 1944 жылы «Жеңімпаздар» деген атпен шыққан.

Соғыстан аман-есен оралғаннан кейін, түрлі қызметтер атқарап жүріп, оқуын да жалғастырған. 1945-1947 жылдарда ол Қарақалпақ Жазушылар одағының драма секциясының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық институтты, оның аспирантурасын тәмамдады. 1958 жылға дейін «Қызыл Қарақалпақстан» газетінде еңбек етіп, бас редактордың орынбасарлығына дейін  көтерілді. Ал 1958 жылы Қарақалпақстан Жазушылар одағының «Әмудария» журналының бас редакторы болып тағайындалды.

Жұмабай Тәшенов  қазақ, өзбек, қарақалпақ, орыс тілдерін жетік меңгерген. Ол Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың, Фадеевтің шығармаларын тәржімалаған. Өзі де әңгіме, повестер жазып, «Ұрыста шыныққандар», «Алыстағы ауылда», «Жауынгер достар» атты бірнеше жинақтары жарыққа шықты.

Осы жылдар ішінде ол Қазақстаннан, Қуандық Шаңғытбаев бастаған дос-жарандарынан көптеген шақыртулар алады. Сөйтіп, 1963 жылы Қарақалпақстаннан Алматыға көшіп келеді. Елге келгеннен кейін ол «Қазақфильм» киностудиясында, Жазушылар одағында, соңынан «Жазушы» баспасында еңбек етіп, сол жерден зейнеттік демалысқа  шыққан.

Елге оралғаннан кейінгі жылдарда Жұмабай Тәшенов, әсіресе, драма жанрында жемісті еңбек етті. Ол И.Саввинмен бірлесіп, жастар өмірінен, т.б. тақырыптарда  бірнеше туындылар жазды: «Қаладан келген қылжақбас», «Ауылдан келген жиендер», «Іске сәт, қыздар», «Студенттер», «Құрдастар», «Ескерткіш», «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды», «Үш кемпір, бір шал». Бұл туындылар кезінде қазақ өнерінің қара шаңырағы — Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында, сондай-ақ Ғабит Мүсірепов атындағы жастар театрында сахналанды, ал кейбірі еліміздегі театрлар репертуарында бүгінге дейін бар. Сонымен қатар, бұл драмалық шығармалар жөнінде Әбділдә Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов сынды мықтылар жылы пікір айтқан.

1967 жылы И.Саввинмен бірлесіп жазған «Қашқын» атты шығармасы бүкілодақтық байқауда екінші орынға ие болды. Айта кетелік, бұл байқауда бірінші орын ешкімге берілмеген. Сондай-ақ бұл шығарма Тәжікстанда сахналанған.

Жұмабай Тәшенов ағамыз Ғабит Мүсіреповпен бірігіп Әлия туралы да кино сценарийін жазған. Бірақ  кино түсіруді қолға алмақ болған режиссермен кейбір мәселелер бойынша  келісімге келе алмағандықтан, бұл іс аяғына дейін жетпеген.

Ал Абайдың 150 жылдығы қарсаңында, Жұмекең  хал үстінде жатқанына қарамастан, ұлы ақын шығармаларын басқа тілдерге аударуға атсалысқан. Кезінде Қалтай Мұхамеджанов Жұмекең жөнінде: «Жарқыратып айтатын атағы болмағанымен, адам жанын жадыратып айтар еңбегі, ауыз толтыруға тұрарлық дүниелері бар, өзімнің аса қадірменді ағаларымның  бірі — Жұмекеңнің шығармаларымен қоса, мінезге бай болмысы да ешқашан көңілден өшпек емес. Көзі тірісінде дүние-мүлік, байлық жиналмаған ағамыздың бар қазынасы — кітап еді» —  деген болатын. Сол айтқандай, өзінің шығармаларымен, өзінің адами болмысымен, жан-дүниесінің тазалығымен талайларға үлгі болған Жұмабай Тәшенов туралы сөзімізді: «Кезінде халқымыздың басына төнген нәубет салдарынан туған топырағынан тым ерте ажыраған Жұмабай ағамыздың атына Ақтөбеден бір көше берілсе, құба-құп болар еді» — деген тілекпен аяқтағымыз келеді.

Базарбай ИМАН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button