Пікір

Тарихымыз — тамырымыз

Иван БАЛПАШЕВ, зейнеткер

Иә, егемендігімізді алғалы да 30 жыл өте шығыпты. Тарих таразысында талай рет сынға түскен қазақ елі үшін бұл уақытта біз не ұттық? Әрине, бұған дейін жоғалтқан дүниелерімізді түгендедік. Шекарамызды бекітіп, етек-жеңімізді жиып, кем-кетігімізді бүтіндедік. Экономикамыз әлемдік нарықта өз орнын таба білді. Десек те, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласын оқып, біздің әлі де атқарар шаруаларымыз алда тұрғанын бажайладық. Еліміз 30 жылда  ірі оқиғалар мен өзгерістерге толы болыпты. Жасыратыны жоқ, біздің тарихымыз көрші Ресейдің қолында болды. Енді қазақтың тарихын өзіміз жазатын кез келді. Президент мақаласында шегініс жасап, осыған баса мән беріпті. Қарап отырсақ, біз бәріне қол жеткізіппіз. Бизнес, білім, спорт саласында әлемнің алпауыт елдерімен тең иық түйістірдік. Алайда осы бір тарихымыздың тұпнұсқасын таратсақ әртүрлі түйіндерге тап боламыз. Арт жағымызды дұрыстап алмасақ болашағымыз да бұлыңғыр болмақ. Өз сөзінен осыны аңғартқан Мемлекет басшысы әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отыр.

«Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі тәуелсіздіктің арқасында қайта оралды. Бірақ ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болу керек» — деп түйіндеді.

Тарихты тамыр деп қараған Қасым-Жомарт Кемелұлы жаһандану жолында жаңа заманның артықшылықтарын екшеп алып, ұлттық болмысымыз бен төл мәдениетімізден, салт-дәстүрімізден айырылып қалмау керектігін айтады.

Тәуелсіздіктің 30 жылы аз нәрсе берген жоқ. Бірақ алдағы кезеңде одан да көп алар дүниелеріміз бар. Оның бәріне қол жеткізу үшін, ең бірінші, тұтас ел болып, жастар санасын орнықты ету — сіз бен біздің парызымыз. Елімізде қаншама істер атқарылып жатыр. Бұрынғымен салыстырғанда елу жылда ел жаңа десек, біз отыз жылда жеткен сияқтымыз. Әлі де дами береміз. Дегенмен тарихқа қайта оралып, жоғымызды түгендеп бекітіп алсақ дейміз. «Өткенсіз болашақ жоқ» демеп пе еді Президенттің өзі. Сондықтан мақаласын оқып, көңілге қонған нәрсені бөлісуді жөн деп таптым. Олай болса ойымды Президенттің өз сөзімен аяқтаймын. Тәуелсіздік бәрінен қымбат.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button