Денсаулық

Шекара: індетпен күрес

Еліміздің бірнеше аймағында карантин талаптары күшейтілді. Әзірге біздің облыс эпидемиологиялық жағдай бойынша жасыл белдеуде тұр. Аймақтағы шекара бекеттері қатаң бақылауға алынған. Індет басталғалы  Мәртөк ауданында «Жайсаң», Қарғалыда  «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункттері жұмыс істеп жатыр. Ресейден келетін және сыртқа шығатын азаматтардың барлығы бекетте дәрігерлердің қарауынан өтеді. 6 қазаннан бастап  «Әлімбет»  пункті арқылы 11 099  адам, «Жайсаң» пункті арқылы 24 339  адам өткен. Келгендердің  ішінде  35 адамнан коронавирус инфекциясы анықталса, оның 17-сі — транзиттік көлік жүргізушілері. Ресеймен шектесетін екі аудандағы эпидемиологиялық жағдай қандай? Бұл туралы бас дәрігерлер баяндап берді.

Мәртөк ауданы

Сақтық шаралары күшейтілді

Мәртөк ауданында эпидемиологиялық ахуал тұрақты. «Жайсаң» карантиндік пункті арқылы келіп, кететін жолаушылардың барлығы тексеріледі. Аудандық аурухананың  төрт маманы блок-бекетте жұмыс жасап жатыр. Карантиндік стационарда күн сайын қырық-елу адам жатады. 6 қазаннан бастап осы күнге дейін он екі адамнан коронавирус анықталыпты.

Шекарадан өткен жолаушыларда  ПТР тест болмаса, сол жерде дәрігерлер бірден тест алып, сынаманы Ақтөбеге жібереді. Қорытынды бір жарым тәулікте дайын болады. Егер тест нәтижесі оң мәнді болса, инфекциялық ауруханаға жатқызылады. Қазіргі күні стационарда коронавирусқа және вирусты пневмонияға шалдыққан он адам жатыр. Жалпы ауданда ахуал бірқалыпты. Бірақ алаңсыз жүре алмаймыз. Себебі шекара болғаннан кейін науқас адамдар тіркеліп жатыр. Соңғы тәулікте алты адам вирус жұқтырды. Барлығы да ауданның тұрғындары.  Барлығы да қызуы көтеріліп, тұмауратқандай болғасын дәрігерге қаралған. Нәтижесінде олардың  коронавирус жұқтырғаны анықталды. Қараша айында екі бала індет жұқтырды. Сондықтан аурухана мамандары күн сайын тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әлеуметтік желі арқылы да ақпараттар таратып жатырмыз. Ахуалдың осылай тұрақты болып тұрғаны қауіпсіздік шараларын сақтағанның арқасы. Мәселен, адамдардың барлығы бетперде киіп жүрсе, вирустың таралу аймағы  аз болады. Осыны көбіміз түсінбейміз. Сондықтан тұрғындарға тағы да ескертеміз, сақтану керек. Жылы киініп, салқын тигізіп алмау керек. Қандай да бір тұмаудың белгісі байқалса, бірден дәрігерге қаралған жөн, — дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Нұрсейіт Кішкентаев.

Ауруханаға «СК Фармация» арқылы дәрі-дәрмек жеткізілген. Қазір қажетті препараттардың барлығы бар. Дәрігерлер киетін қауіпсіздік киімдері мен құралдардан да таршылық жоқ. Жасанды тыныс алдыратын 7 аппарат дайын тұр. Әзірге аппараттың көмегіне жүгінген науқас жоқ. Биыл 11 жас маман келіпті. Олардың барлығы аудан әкімдігінің қолдауымен 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік көтермеақы мен облыс әкімдігінің бір жарым миллион теңге сыйлығын алған және бірқатарына аудан орталығынан үй беріліпті. Бір сөзбен айтқанда, жастардың барлық жағдайы жасалып жатыр. Олар тек білек сыбана іске кірісуі керек.

Қызылжар мен Вознесенка ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияға жалпы тәжірибе дәрігері керек. Ал аудандық ауруханада маман тапшылығы жоқ. Дәрігерлердің барлығы коронавирус инфекциясын емдеу үшін біліктілігін көтерді, — дейді бас дәрігер.

Қарғалы ауданы

Әлімбет ауылында ахуал тұрақты

Ресейден келетін көліктердің бір бөлігі Қарғалы ауданының үстімен өтеді. Індет басталғалы ауданның Әлімбет ауылында карантиндік пункт ашылып, қырық кереуеттік стационар жұмыс істеп жатыр. Қазан айынан бастап сыртқа шығатын және келетін жолаушылардан ПТР тест талап етілуде. ПТР тест болмаса жүк көліктерінің жүргізушілері анкета толтырып, тест тапсырады да сапарын жалғастыра береді. Егер індет анықталса, анкета арқылы қай жерде бара жатқаны анықталып, сол маңда  тоқтатылады. Ал жеке көлік иелері үш күн карантиндік стационарда жатады. Қазір Әлімбет ауылына күшейтілген карантиндік режим енгізілді. Мыңнан сәл асатын тұрғыны бар ауылда екінші толқын басталғалы  12 адам коронавирус жұқтырған.

Әлімбет ауылында дәрігерлік амбулатория бар. Ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Бір дәрігер жұмыс жасайды. Екі автокөлік бар. Біреуі карантиндік стационарда науқастарды тасып жүр. Қазір бұл жерде сегіз адам жатыр. Әр күн сайын келушілердің саны өзгеріп тұрады. Ауыл көшесінде бей-берекет ешкім жүрмейді. Азық-түлік дүкендері тек қана терезе арқылы сауда жасайды. Балалар онлайн оқып жатыр. Жалпы Әлімбет ауылында ахуал тұрақты. Ал аудандық инфекциялық ауруханада екі адам ем алуда.  Қазан айынан бастап аудан бойынша 31 адам коронавирус жұқтырды. Бір қуантарлығы, көз жұмғандар жоқ. Балалар да індеттен дін аман, — дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Берік Жаржанов.

Бас дәрігер қазір емдеу мекемесінде ешқандай проблема жоқ, дәрі-дәрмектің жеткілікті екенін айтты. Бірінші толқын кезіндегі кемшіліктердің барлығы ескерілген. Дәрілік заттарды сатып алуға 24 миллион теңге жұмсалыпты. Жаңа рентген аппараты алынса, жазда берілген реанимобиль көлігі науқастарды тасып жүр. Жасанды тыныс алдыратын сегіз аппарат дайын тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы 2 перфузор, 1 инфузомат, төсек жанына қойылатын 1 монитор сатып алынған. 1000 оттегі баллонын толтырып және оны жеткізіп беру үшін жеке мекемемен келісімшарт жасалыпты.

Ресеймен шектесетін өңірлердің тұрғындары барынша сақтанып жүргені дұрыс. Себебі көрші елде вирус өршіп тұр. Егер сақтанбасақ, бізде де жағдай қиындай түседі. Бірінші толқын кезінде қандай қиындықтардың болғанын бәріміз көрдік. Қаншама адам жақынынан айрылды. Оны еске алудың өзі ауыр. Пандемияға дайын болсақ та індет күрт өршіп кетті. Аурухана ұжымына үлкен соққы болды. Провизорлық стационардың жиырма төсегі мен инфекциялық стационардың он кереуетіне науқастарды жатқыздық. Науқастар бірінен соң бірі келіп жатты. Басым бөлігінің халі ауыр. Бөлімше дәрігерлері сыртқа шықпады. Күніне жетпіс адам рентгенографиядан өтеді. Науқастардың көптігінен дәрі-дәрмектер мен оттегі баллондары жетіспеді. Аурухана әкімшілігі жедел қимылдап, оттегі баллондарын әр палатаға жеткізді. Пластикалық түтіктер орнатты. Дәрі-дәрмектерді сатып ала бастадық. Осылайша үлкен қиындықпен індеттің бетін қайтардық. Дәрігерлердің өздері ауырды. Осындай қиын кезеңде демеуші азаматтар көмек көрсетті. Еріктілердің көмегі тіпті көп болды. Олар Ақтөбеге оттегі баллондарын апарып, оны толтырып бізге әкеліп береді. Ауызбіршілік пен ынтымақтастықтың арқасында қиындықтарды артта қалдырдық.  Дәрігерлер тәжірибе жинады. Қазір аурухана екінші толқынға сақадай сай. Бірақ босаңсуға болмайды. Сондықтан облыс тұрғындарын барынша сақтанып жүруге шақырамын. Адам көп жүретін жерлер мен қоғамдық көлік ішінде бетперде тағып, антисептикалық сұйықтықты пайдалану керек. Қарапайым қауіпсіздікті сақтау вирустың алдын алуға көмегін тигізеді, — дейді Берік Жаржанов.

Биыл ауруханаға екі жас маман келіпті. Бірі — хирург, екіншісі — педиатр. Екеуіне де аудан әкімдігі тарапынан материалдық көмек және үй берілген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button