Тарих

Тылсым суреттің тарихы

ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының көрнекті өкілі, жазушы Жиенғали Тілепбергенұлының әлемімен танысуым кездейсоқ әрі қызық жайттан басталды. 

…2010 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің ұйғарымы бойынша «СаГа» баспасынан әкем Қуандық Шаңғытбаевтың көптомдық шығармалар жинағы шығарылатын болды. Көптен аңсаған арманым орындалып, кітаптың атын «Шайыр» қойып, қызу жұмысқа кірістік.

Кітапқа ақынның бүкiл ғұмырының сүйенiшi, асыл жары Мәриям Темiрбекова туралы қысқаша бір тарау енгізуді жөн көрдім. Әкемнің ән жолдарынан алынған «Екі ғашық қол ұстасып, келе жатыр оңаша» деген тақырып қойылған тарауға ақынның «Мадонна» және «Мәриямға» деген өлеңдері мен анамыз туралы қысқаша мағлұмат бердік. Анамыз Ақтөбенің мұғалiмдер институтын бiтiрген. Оның әкесi Iлияс Темiрбеков 1924-1925 жылдары — Қазақ АКСР Халық ағарту комиссарының орынбасары, кейіннен өзі де комиссар болған. Ол — Қазақ АКСР-нің Ахмет Байтұрсынов, Аспандияр Кенжин және Нұғман Залиевтен кейінгі төртінші Халық ағарту комиссары. Өкінішке қарай, ол тым ерте, 1927 жылы дүние салған. 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялыларының есімдерін жұртшылық жақсы біледі, ал ертерек көз жұмған Ілияс Темірбековтің есімі ұмыт болған. Сондықтан, көпшілікке қайта таныстыру мақсатында, кітапқа оның да бірнеше фотосуретін бердік. Олардың ішіне бөле апам Қызғалдақтың сол жылы берген суреті де бар еді. Мұнда нағашы атамызбен қатар, оның бізге бейтаныс бір досы да бар, екеуі отбасымен, әйел-балаларымен бірге түскен екен. Сурет жақсы сақталған. Суреттен атам мен оның досының оқыған, мәдениетті, текті жандар екені бірден байқалады. Кітапқа бергенде суреттің астына: «Сол жақта Iлияс Темiрбеков жары Зүбәйдамен. Алдында отырған қызы  Мәриям, қасында тұрған қызы Тәжі. 1926 жыл» — деп жаздық.

Содан бастап мені: «Атамның қасындағы досы кім екен?» — деген сұрақ мазалайтын болды.

…Бірақ кітапқа жариялағанымызбен, суреттің жұмбағы ашылмады. Екі жылдан кейін, мен ол суретті Фейсбук желісіндегі парақшама салып: «1926 жыл. Сол жақта: Тәжі Темірбекова, нағашы атамыз Ілияс Темірбеков, алдында отырған Мәриям Темірбекова (мамамыз), әжеміз Зүбәйда. ОҢ ЖАҚТАҒЫ КІМДЕР???» — деп, өзімді әрдайым мазалайтын сұрақты үлкен әріптермен жазып қойдым. «Бұл кісі де біреудің атасы ғой, оның да ұрпағы бар шығар, кім білсін, сол аласапыран заманда репрессияға ұшыраған ба, әлде тірі қалды ма екен?» — деген пікір де қостым.

Суретті көп адам қарапты, бірақ «танимын» деген ешкім шықпады. Прагадағы Айдар Жұбанов та парақшама кіріп, бұл суреттің қайда түсірілгенін сұрапты. Мен атамның туған жері Темір өңірі екенін жаздым. Сондағы диалогымыз парақшамда сақталып қалыпты:

« — Атам Темірден шыққан.

— Туыс болып шықтық қой.))

— Иә, солай.))

— Таңғаларлық сурет. Бірінші рет көрсем де, маған таныс өмірдің бейнесін көргендей сезінемін.

— Аталарымыз кезінде бірге істеген ғой (үлкендердің солай айтқаны есімде қалған). Мүмкін, генетикалық (қан) деңгейде сезіліп тұр ма? Қызық: бізде қазір ғана шам сөніп қалып, қайтадан жанды — бірдеңенің тылсым белгісі сияқты.)))

— Ал мен болсам, суреттен көз ала алмай отырмын. Бұл кісілерді жақсы білетіндеймін, бірақ көптен — өте көптен! — бері көрмеген сияқтымын…».

…Сонымен, сол жолы да нағашы атамызбен бірге суретке түскен досының кім екені анықталмады. Оның сыры араға тағы үш-төрт жыл салып барып ашылды. Бұл жолы бәрі күтпеген жерден болды. Ол туралы мен 2018 жылы әкемнің «Шайыр» атты кітабының екінші басылымына қысқаша толықтыру ретінде кіргіздім. Содан үзінді ұсынсам: «Нағашы атамыз Ілияс Темірбековтің келесі беттегі суретін кітабымыздың 2010 жылғы бірінші басылымына әдейі кіргізіп едік. Біріншіден, бұл — сирек кездесетін, 1926 жылы түсірілген архивті суреттердің бірі. Бізде, қазақтарда, ондай ескі суреттер соншалықты көп болмаған соң, олардың әрқайсысын өткен заманның құнды жәдігеріндей көресің. Екінші (әрі басты) мақсатым — Ілияс Темірбековтің атын көпшілікке жариялау болды. Өйткені ол жай адам емес… Кітап шыққаннан кейін Ілияс Темірбеков туралы мағлұмат Лев Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Білім тарихы» мұражайына қосылды.

Ал үшінші мақсатымыз — Ілиястың отбасымен бірге суретке түскен кісілердің (достары болу керек) кім екенін білу болды. Сол мақсатпен бұл суретті Фейсбук желісіне де жарияладым. Талай білетін кісілер оқып қараса да, «зиялы адамдар екені көрініп тұр» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Бірақ бұл жұмбақ сурет көз алдымнан кетпей, тыным бермейтін болды.

Сонымен, күндердің бір күнінде баспа жұмысымен керек бір нәрсені интернеттен іздеп отырғанымда, көзіме бір адамның суреті оттай басылды. Таныс сияқты. Қарасам, ақтөбелік жазушы Жиенғали Тілепбергенов екен. Туған жылы – 1895 жыл, туған жері — Темір өңірі. Суреттің сапасы нашарлау болып, едәуір өңделгені көрініп тұр. Сондықтан келбетінің сәйкестігі дәлме-дәл болмаған соң, аз-кем күмәндандым.

Әрі қарай іздендім. Тағы да бір суреті табылды — ғалым Ғайша Ниязованың тамаша мақаласына Жиенғалидың әйелі Альфиямен бірге түскен суреті қоса беріліпті. Міне, осы суретті көрген соң күмәнім сейілді: біздің қолымызда бар суреттегі келіншек пен Жиенғалидың әйелі Альфия бір адам болып шықты.

Қатты қуандым! Әрі таңғалдым: қалайша ғаламтордағы жүздеген, мыңдаған суреттердің ішінен атамның досы көзіме түсті екен?! Кездейсоқтық па? Бұл өмірде ештеңе де кездейсоқ болмайтыны белгілі…

Біздің суреттегі «1926 жыл» деген жазу дұрыс болса, онда сол жылдың қаңтарынан бастап Ілияс Ақмола губерниялық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болыпты. Ғалым Зарқын Тайшыбайдың деректері бойынша, 1926 жылдың басында Қызылжардағы қазақ педагогика техникумына Ілияс Темірбековтің аты берілген. Ал Жиенғалидың 1927 жылы Петропавлда техникум директорлығына тағайындалғаны туралы оның өмірбаянынан білдік.

…Ілияс 1927 жылдың күзінде дүние салады, ал бес жылдан кейін Жиенғали да аштықтан ажал табады… Альфия 1936 жылы көз жұмады, Зүбәйда 1938 жылы ұсталады.

…Ал бұл суретте олардың бәрі әлі жас, әлі аман-сау еді. Екі достың отбасыларымен бірге барып, суретке түскен жарқын сәті осы еді. Алыста қалған нұрлы күндерінің сәулесі».

Гауһар ШАҢҒЫТБАЕВА,

Алматы қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button