Мәдениет

Ақтөбенің әжелері жүлдегер атанды

«Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчествалық бірлестігінің ұйымдастыруымен  Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы құрметіне байланысты өткен республикалық өнер байқауында Ақтөбе қаласының Қурайлы елді мекеніндегі Мәдениет үйі жанынан құрылған  «Зере» әжелер ансамблі бірінші орынды иеленді.

Бұл — Батыс Қазақстан аймағы бойынша Ақтөбеде өткізілген шара.  Аталған өнер додасында жергілікті «Зере» әжелер ансамблі жоғары деңгейде өнер көрсеткен. Зейнеткер ұстаз Дәмелі Жанасаеваның бастамасымен 2016 жылы құрылған бұл өнер ұжымы бұған дейін байқауларда топ жарып жүр.

— Ансамбльді құрудағы басты мақсат — зейнет жасындағы өнерпаз әжелердің басын қосып, ауылымыздың мәдени өміріне атсалысу. Сонымен қатар  қайта қалпына келтіріліп, күрделі  жөндеуден өткен Қурайлы Мәдениет үйінің ашылу салтанатына тарту жасау болатын. Әрине, жоқтан бар жасау оңай шаруа емес. Өнерге жақын әжелерге сахна мәдениетін үйрету, ансамбль құрамын тұрақтандыру жұмыстарын дұрыс ұйымдастыра білудің нәтижесінде «Зере» әжелер ансамблі құрылған болатын, — деді Д.Жанасаева.

Сол жылы желтоқсанда — ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында ашылған Мәдениет үйінің салтанатты рәсімінде «Зере» әжелер ансамблі алғаш рет өнер көрсетті.

Қазір бұл ансамбльдің құрамында 11 адам бар. Өнер ұжымының көркемдік жетекшісі — Гүлмира Жұбатова.  Ансамбльдің репертуарында халық әндерінен бөлек, кең таралған заманауи туындылар да бар.

Ұлы ақынның 175 жылдығына арналған өнер байқауында «Зере» әжелер ансамблі Абай әндерін нақышына келтіре орындап, жоғары дайындықтарын көрсете білген.

Бүгінде ақтөбелік көрермендердің көзайымына айналған бұл өнер ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған  іс-шараларға да белсене қатысып жүр. Бұған дәлел — жақында ғана аталған ұжым онлайн шығармашылық есеп концертін осы бағытта көрермендерге ұсынды.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button