Мәдениет

Жас таланттар танылды

Халықаралық фестиваль

Өткен жұмада Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әкімшілігі  дәстүрлі «Классика – 2010»  халықаралық жас дарындар фестивалі  басталар алдында баспасөз мәслихатын өткізді.

Оған фестивальдың қазылар алқасының төрайымы, Астанадан келген Қазақстан Республикасының  халық артисі, Қазақ Ұлттық  өнер университетінің   профессоры Хорлан Қалиламбекова,  Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері,  Мәскеудегі Гнесиндер атындағы Ресей Музыка академиясының профессоры Игорь Черпявский,   Өзбекстан Мемлекеттік консерваториясының профессоры Эльдар Азимов,   Тәжікстанның Үздік қызметкері,  М.Сабирова атындағы  хореографиялық колледжінің директоры   Нуриниссо Ковракова және Узеир Гаджибейли атындағы Баку музыка академиясының фортепьяно   факультетінің доценті Эмиль Хиндристанскийлер  және қаладағы БАҚ өкілдері қатысты. Музыка өнерінің майталмандары Ақтөбеде өтіп жатқан фестиваль туралы оң пікірлерін білдірді. Журналистердің сұрақтарына жауап берді. Мәслихатта Игорь Черпявский фестивальдарға қатысу жас өнерпаздарды кәдімгідей әбігерге түсіретінін, алайда бұл байқаулардың  шығармашылық адамына қажеттігін, оның балалар үшін жағымды әсері басымырақ  екенін түсіндірді.  Нуриниссо Ковракова болса бүгінгі күні  музыканттарды ғана емес, бишілерді даярлауда да кеңестік дәуірдегі мектептің мықтылығы туралы, оның  оқыту үрдістерінің әлі де жалғасын тауып отырғаны жайында әңгімеледі.

Фестивальдың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Фестивальдың алғашқы күні 10-12  жас аралығындағы қатысушылар фортепиано, скрипка, альт, виолончель және классикалық вокал, гитара, хореография номинациялары бойынша  өнер жарыстырды. Ал сенбіде 13-15 аралығындағы жеткіншектер  осы номинациялар бойынша сайысты.

Жас таланттардың  бағдарламаларын көріп, олардың өнерін сараптаған қазылар алқасының иығына аз салмақ түскен жоқ. Жас буынның қай-қайсысының да өнері  бір-бірінен кем түспеді. Дегенмен қазылардың шешімі бойынша жеңімпаздар анықталды. Фортепиано номинациясы бойынша 10-12 жастағы балалардан бірінші орынды павлодарлық Дария Қазбекова мен ақтөбелік Айдос Ысқақов иеленді. Скрипка номинациясы бойынша Бас жүлдеге павлодарлық Омар Қуанышев, ал бірінші орынға ташкенттік Илья Халмурзаев лайық деп табылды.  Виолончельден қостанайлық Аслхан Эргашева мен ақтөбелік Анна Теплинскаялар екінші орынға шықты. Классикалық гитара номинациясы бойынша павлодарлық Давид Степин мен мәскеулік Георгий Файзуллин үшінші орынды місе тұтты. Вокал бойынша ақтөбеліктер Ибраһим Амин мен Әсем Киікбаевалар екінші орынды еншіледі. Биден  бірінші орынды душанбелік Нозанин Юльчиева  алды.

Ал 13-15 жастағылардың ішінен фортепианодан  Мәскеуден келген жапон қызы Мацуда Канон Бас жүлдені жеңіп алса,  павлодарлық Ольга Альметева бірінші орынды иеленді.   Скрипкадан алматылық Талшын Кешілбаева, виолончельден алматылық Салауат Кәрібаев, гитарадан байқоңырлық Николай Ким мен шымкенттік Анатолий Лазарев бірінші орынға шықты. Альт номинациясы бойынша Анжела Аветисян  ынталандыру сыйлығына ие болды. Вокалдан ақтөбелік Динара Таубекова мен Балқаш қаласынан келген Анна Ткаченколар екінші орынды еншіледі. Ал би бойынша бірінші орын атыраулық Мырзахан Мыңбаевқа бұйырды.

Ал «Үздік оқытушы» номинациясына атыраулық Т.Гатауов, шымкенттік А.Мурин, үш павлодарлық Я.Касьян, И.Волкова, Л.Симоновичтер, мәскеулік Е.Иванова, Душанбеден келген З.Беляевалар лайық деп табылды. Олардың қатарында, сондай-ақ И.Бардашова, А.Жолмұхамедова секілді алматылық ұстаздар да бар.   Ал Д.Фаизова, Л. Самохина сияқты жерлестеріміз бен алматылық А.Исенова, павлодарлық М.Калаяндар  үздік концертмейстерлер деп танылды.

Екі күндік музыка мерекесі қатысушыларды да, тыңдармандарын да тәнті етті.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Рыстының кеші

Өткен аптаның аяғында жерлесіміз әнші Рысты Сүлейменованың жеке концерті өтті. Республикалық Ғарифолла Құрманғалиев атындағы, Мұхит Мералыұлы атындағы конкурстардың және халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ҚР Қорғаныс министрлігі ансамблінің әншісі Рысты Сүлейменова батыс мектебінің әндерін тыңдаушысына жеткізе орындайтын, дәстүрлі ән әлемінде өзінің айшықты қолтаңбасы бар талантты әнші.

Кеште халық әндері, Наурызбектің, Мұхиттың, Қызыл ақынның, Ғарифолланың, Сартайдың, т.б. жыр-термелері айтылды. Рысты «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ұлт-аспаптар ансамблінің (көркемдік жетекшісі Е.Кенжалиев) сүйемелдеуімен де бірнеше ән айтты. Облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Қ.Ермұханов Рыстының туған жерге келген сапарына сәттілік тілеп, өнердегі ағалары мен құрбылары Ж.Асылханов, Ә.Сарин мен Е.Жұмағұловтар,Г.Аманбаева мен Атырау филармониясының әншісі А.Ерімбетовалар өнерімен қолдау көрсетті.

М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button