Мәдениет

Ұлттық батырды ұлықтағандар

Бауыржан Момышұлы — 100

Өткен жұмада Қобда ауданы Әлия ауылындағы «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығында облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына арналған «Ұлтжандылықтан жаралған батыр» атты облыстық байқау өтті.

Әдеттегідей қонақтар ауылдағы Әлия батыр ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Қобда аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Ақшолпан Оразова байқауға әр ауданнан келген оқушыларға сәттілік тіледі.

«Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес Мәскеуге барған сапарында Волоколамск тас жолына барғанын, сондай-ақ Мәскеудегі №224 мектепке Бауыржан Момышұлының есімі берілгендігін айтты. Ал жасы сексенге таяған ардагер Сейділдә Әуезов 1969 жылы Сарыағаштағы шипажайда Бауыржан батырмен бірге 24 күн демалғанын, оның «Қайда барсаңдар да, қазақ екендеріңді ұмытпаңдар. Қазақ деген ұлтқа кір келтірмеңдер. Білімдеріңді жетілдіріңдер. Қазақтың тарихы мол, атақты ғұлама-ғалымдары да көп, солармен мақтаныңдар, сол кезде қазақтың кім екендігін өзге жұртқа танытып, түсіндіре аласыңдар», — деп отыратындығын әңгімелеп, батырмен бірге суретке түскенін, ол сурет «Қобда» газетінде жарияланғанын айтты. Ал Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Аслан Балқасынов орталыққа Бауыржан батыр туралы бірнеше кітап сыйлап, Қазақстан ардагерлер қауымдастығы атынан Б.Момышұлының 100 жылдығына арнап шығарылған «Батыр шапағаты» төсбелгісін Ғалымжан Байдербеске табыстады.

Алға, Байғанин, Әйтеке би, Мәртөк, Темір, Хромтау, Шалқар аудандарынан келген 6 команда өзара сынға түсті. Олар патриоттық әндер айтып, Бауыржан батыр туралы білетіндерін ортаға салып, Калашников автоматын бөлшектеп, қайта жинаудан, гір көтеруден жарысты.

Бас жүлдені Әйтеке би ауданы Комсомол селосынан келген «Жақсыбай Есентеміров» командасы жеңіп алды. Команда мүшелері — М.Жұмабаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушылары Ақылбек Төретаев, Төлеген Айтбай, Нұркен Орынбек. Бас жүлдеге 25 мың теңге табысталды. I орынға Темір ауданы Ақсай селосынан келген «Қален Тұрдалин» командасы ие болды. II орынды Алғаның «Есет батыр Көкіұлы» командасы мен Шалқардың «Ідіріс Үргенішбаев» командасы бөлісті. III орынды Байғанин ауданының «Қожабай Жазықов», Хромтаудың «В.Величко» және Мәртөктің «Бес батырын ардақтайтын ұлдармыз» командалары иеленді. Байғаниндік оқушылар «Епті де шымыр», әйтекебиліктер «Ізденімпаз, білгір» номинациясын иеленсе, алғалықтар «Ең үздік ән» номинациясы бойынша марапатталды.

Оқушылар «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығын аралап, естелік суретке түсті. Орталықтың директоры Бағдаш Төпенова арнайы әзірлікпен келген оқушыларға ризашылығын білдірді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button