Денсаулық

Індет: карантин енгізіле ме?

Күз —  тұмау секілді жұқпалы респираторлы инфекциялық аурулардың өршитін кезі. Ақтөбелік дәрігерлер тұмау мен коронавирус инфекциясының екінші кезеңі қатар келсе, үлкен қауіп болатынын айтады. Сондықтан биыл тұмауға қарсы екпе салу бір ай ерте басталды. Қазіргі күні облыста  39 857 адам тұмауға қарсы вакцина алған. Жоспар бойынша тұрғындардың 11,6 пайызын, яғни 88 639 адамды иммундау көзделген. Жалпы, екпенің нәтижесі бар ма? Індеттің екінші кезеңі бола қалса, облыс медицинасы  дайын ба? Карантин енгізілуі мүмкін бе? Осы сұрақтарды облыстың бас инфекционист дәрігері, гепатолог, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Мейрамбек Құрманғазинге қойдық.

— Індеттің екінші кезеңі болған жағдайда облыс медицинасы дайын ба?

— Қазіргі күні облыс әкімінің басшылығымен арнайы жұмыс  жүргізіліп жатыр. Тиісті мекемелер дайындық жұмыстарын ерте бастады. Емдеу мекемелерінің біріне күрделі жөндеу жүргізілсе, екіншісіне құрал-жабдықтар алынды. Жасанды тыныс алу аппараттарының қатары толықты. Мәселен, облыстық туберкулезге қарсы диспансерде қосымша 75 кереуеттік  жан сақтау бөлімі ашылды. Қалада онға жуық негізгі емдеу мекемесі бар. Олардың барлығы індетпен күреске дайын. Екінші толқын бола қалса, қосымша провизорлық стационарлар ашылады. Қазіргі күні «Дәру», «Шұғыла» орталықтары мен медициналық университеттің жатақханалары сақадай сай тұр. Ақтөбе медициналық орталығын орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ дәрі-дәрмектің алдағы үш айға жетер қоры бар. Емдеу мекемелері дәрігерлермен толық қамтылды. Жаз айынан бері кейбір мамандар қосымша оқытылып, сертификат алды. Биыл 43 резидент қатарға қосылды. Олар ауруханаларда жұмыс жасайды әрі оқиды. Пульмонолог, реаниматолог дәрігерлерді дайындап жатырмыз. Коронавирустың алғашқы толқыны кезінде қандай қиындықтар болды, қай жерде қателік кетті, соның барлығы ескерілді. Айта кету керек, облыс әкімдігі тарапынан медициналық мекемелерге  қаржылай көмек беріліп жатыр. Жедел жәрдем мен ауруханаларға қосымша көлік алынды, әлі де алынатын көліктер бар.

— Көктемдегі жағдайды тұрғындар ұмыта бастаған тәрізді. Алаңсыз жүр. Сырт елде жүрген ақтөбеліктер көп. Олар ертеңгі күні вирустың екінші толқынының тууына әсер етпей ме?

—  Коронавирустың екінші толқынының болуы тұрғындардың өзіне байланысты. Қазіргі күні пневмонияға шалдыққан 3-4 науқас тіркелді. Оның ішінде бала бар. Вирус жұқтырғандар Орал қаласына тойға  барған. Келгеннен кейін ауырған. Мамандарды үрейлендіріп отырған — осы мәселе. Сыртқа шыққан, сырттан келетіндер аурудың өршуіне әкеліп соғады. Қазір Америка мен Еуропада жағдай ушығып тұр. Күніне мыңдаған адам коронавирус жұқтыруда.  Түркияда да жағдай қалыпты емес. Ал осы елдерде біздің елдің азаматтары жүр. Олар елге келгеннен кейін вирусты тасымалдаушы болуы мүмкін. Осы аптада эпидемиолог және өзге де тиісті мамандармен бірлескен жиын өтеді. Жаңадан қаулы қабылдануы мүмкін. Сырт елден келгендерді оқшаулау жолы қарастырылады. Қалайда аурудың өршіп кетпеуі үшін жұмыс жүреді. Еуропаның өзі сырт елден келгендерді карантинге жауып жатыр. Сондықтан барынша сақтануымыз керек. Өкінішке қарай, тұрғындар қазір алаңсыз жүр.

Тұрғындардың көпшілігі «бір рет коронавирус жұқтырып ауырған адам екінші рет ауырмайды» деген пікірге сенеді. Екінші рет коронавирус жұқтырғандар болды ма?

— Коронавирусты екінші қайтара жұқтырған жағдай тіркелген жоқ. Бірақ бірен-саран күмәнді жайттар кездесті. Тексере келгенде олар алғашқы емді дұрыс алмағандықтан екінші рет ауруханаға жатқызылған, яғни екінші рет жұқтырмаған. Алайда Қытайда ауруды екі рет жұқтырған жағдайлар болды. Теориялық тұрғыдан келгенде адамдардың коронавирусқа екінші қайтара шалдығуы әбден мүмкін. Себебі бұл вируспен ауырған адамның иммунитеті әлсіз, әрі кетсе үш айға дейін жетеді. Есептесек, елімізде алғашқы толқыннан кейін үш ай өтті. Қазір адамдардың иммунитеті әлсіреп тұр. Осы кезде вирус жұқтырса, жағдай жақсы болмайды. Сондықтан тұрғындар сақтанып, барлық қауіпсіздік шарасын жасауы тиіс.

— Емдеу хаттамасына өзгеріс енгізілді ме?

— Соңғы хаттама — 10.2, яғни оныншы хаттама екі рет өзгертілген.  15 шілдеде бекітілді. Бірақ хаттамаға әлі де өзгерістер енгізіледі. Біз соны күтіп отырмыз. Хаттаманың негізі өзгермейді. Кейбір вирусқа қарсы препараттардың қатары толығуы мүмкін. Індет алғаш тіркеліп, халық жаппай ауырған кезде жүргізілген емнің пайдасы мен зияны қатар болды. Бірақ бұл жағдай тек қана біздің елде емес, өзге мемлекеттерде де осылай  болды. Сондықтан мамандар зерттеу жұмыстарын әлі жүргізіп жатыр. Әлемнің жүзге жуық елі коронавирусқа қарсы вакцина шығаруға талпынуда. Оның ішінде Қазақстан да бар.

— Тұмауға қарсы екпе алып, бірақ тұмаумен ауырғандар бар. Бұл қалай?

— Тұмауға қарсы вакцина алу — бұл аурумен ауырмайды деген сөз емес.  Вакцинаны алғаннан кейін адам тұмауға шалдықса, ауру жеңіл өтеді. Тұмау мен коронавирустың зақымдайтын жері өкпе. Сондықтан қазір тұрғындарды жаппай иммундау жүргізіліп жатыр.  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес биыл тұмаудың А (Н1N1) – «Guangdong-Maonan», А (H3N2) – «Hong Kong» және В – «Виктория желісіндегі Washington» түрлері таралуы мүмкін.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button