Мәдениет

«Көңілімнің көктемі — кітапхана»

Мерей

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Кітапхана саласының үздігі» Үржан Құрманқызын құрметті еңбек демалысына шығарып салуға арналған «Көңілімнің көктемі — кітапхана» атты бенефис кеш өткізілді.

Кештің шымылдығы Үржан Құрманқызының өнегелі өмірінен сыр шертетін көрініспен ашылып, үлкен экраннан бейнебаян ұсынылды.

Ү.Құрманқызы көп жылдан бері кітапхана саласында үздіксіз қызмет етіп, кітапхана директорының орынбасары қызметін атқарып келді. Шымкенттегі әл-Фараби атындағы мәдени педагогикалық институтын 1983 жылы кітапханатану және библиография мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазақ халқының салт-дәстүрін, әдебиетін терең меңгерген ол жасөспірімдерге және кітапхана ұжымына әдістемелік көмек көрсетіп, кітапханада өтетін іс-шаралардың ұйытқысы болып келді.

Шараның ашылуында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Н.Кәдірбаев сөз сөйлеп, бағалы еңбегіне алғысын жеткізді.

— Бүгінгі кеш бір жағынан қуаныш болса, енді бір жағынан қимастық сезімі байқалады. Қанша жыл еңбегін, маңдай терін сіңірген ардақты қызметкерді демалысқа жібере салу қиын. Дегенмен бейнеттің де зейнеті болуы керек. Үржан Құрманқызы осы жерде қаншама жұмыстар атқарып, кітапхана ісін жандандыруға зор үлес қосты. Бүгінгі жаңа жасыңыз құтты болсын. Әрдайым жақындарыңыздың құрметіне бөленіп, әдемі ғұмыр кешіңіз! — деді өз сөзінде.

Сондай-ақ кеште ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұрлыбек Қалауов пен ақын Бауыржан Бабажанұлы жылы лебіздерін білдірді.

Кітапхана қызметкерлері ән мен биден шашу шашып, кештің көркін келтірді.

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында жұмыс жасап келе жатқаныма 15 жыл болды. Осы жылдар аралығында ұжыммен әрдайым ынтымақта, ауызбіршілікте еңбек еттік.  Әрине, мен мұны мақтаныш тұтамын. Кітапхана — оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі. Айта берсек, кітапханада атқарылып жатқан еңбек аз емес. Кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін кітапханашылар қауымы болашақ жастардың игілігі үшін үздіксіз қызмет ете бермек, — деді Үржан Құрманқызы өз сөзінде.

Кітапханашының әр жылдар сайын тынымсыз еңбегі еленіп, «Кітапхана саласының үздігі» төсбелгісімен, өңірдің мәдениет пен өнер саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталған.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button